- Advertisement -

АСЕКЕҢНІҢ КӨЗІ ШУАҚ ШАШҚАНДА

47

- Advertisement -

Асанәлі Әшімов туралы хикаяттар

КӨЗ – КӨҢІЛДІҢ, ЖАН ДҮНИЕНІҢ АЙНАСЫ

Асекең онжылдықты бітірген жылы Алматының ауыл шаруашылығы институтына құжаттарын тапсырады. Бірақ конкурстан өтпей, ауылға қайтады. Келер жылы Алматыға қайта оралып, бұрынғы оқу орнында қайтадан бақ сынайды. Намысқа тырысып, тиесілі сабақтарға жатпай-тұрмай дайындалып, бәрінен дерлік жағымды бағаларға ие болады. Бірақ бір орынға үміткерлер жетіп-артылып жатқанын көрген соң, үмітінен күдігі көбейеді. Осындай бір көңілсіз күнде келе жатып: «Консерваторияның жанынан театр және кино актерларын даярлайтын бөлім ашылды. Соған талапкерлерді іріктеу басталды» деген қабырғадағы үлкен хабарландыруға көзі түседі. Ішінен: «Киноға да оқушы ма еді?» – деп немқұрайдылау ойлап қояды.

Кентаудан келген жолдасы Райымбек Сейтіметов осы хабарландыруды көрісімен,түсейін деп жүрген байланыс техникумынан бас тартып, іріктеуден өтіп, консерваторияның студенті болып шыға келген. Осы факультетті ашу үшін жан салып жүрген атақты режиссер Асқар Тоқпановпен де етене танысып алған. Жігерлі Райымбек дереу шағын дастарқан жасап жіберіп, Асқар ағамен үміткерлерді кездестіреді. Әй-шайға қаратпайтын қызу мінезді Тоқпанов Райымбекке Асанәліні емтиханға дайындауды тапсырады.

Райымбек жолдасына Фадеевтің «Жас гвардия» романындағы Олег Кошевойдың антын жаттаттырады. Этюдтер бойынша да біршама дайындалған соң қабылдау комиссиясының алдына келеді.

лег болып кеудесін ұрып, қызу сөйлейді. Бірнеше этюдтерді орындайды. Бірақ ұлымен қоштасқан шалы да, қақпанға түскен қасқыры да ойдан онша шықпағандай болады. Себебі комиссия мүшелерінің жүзінен еш жылылық, ризалық қалып байқала қоймағандай.

Сонда отырған белгілі әнші Бекен Жылысбаев:

– Осы баланы қинамай-ақ қойсақ қайтеді. Сол ауыл шаруашылық институтын айналдыра берсін де, – дейді.

Сол арада Асқар Тоқпанов шырылдап:

– Жолдастар-ау! Анықтап қарасаңыздаршы! Бұл баланың көзінде ерекше бір ұшқын бар ғой. Соны маздата білсек, мұнан жаман актер шықпайды, – дейді.

Комиссияны басқарып отырған академик Ахмет Жұбанов ақырын ғана:

– Олай болса, екінші турда бағын сынап көрсін, – деген шешімін айтады.

Бірақ екінші турда да онша сәтті ойнап, ілтипатқа ілінбейді.

Асқар аға тағы да жас жігітке ара түседі.

–Мен бұл баладан әлі де үміт үзбеймін. Тым болмаса, бірінші курсқа қосалқы, үміткер студент етіп қабылдайық! Сөйтіп, Асекеңнің арқасында әупірімдеп жүріп, қосалқы студенттікке тұяқ іліктіреді.

Бір жылдан кейін Асекең емтихандардың барлығын үздік тапсырып, актерлік қайықтың ескегін есе алмай, тастап шыққандардың орнына екінші курс студенті болып қабылданады.

Шындығында, Асқар Тоқпанов Асекеңнің көзінде ұялап жатқан жанар таудың кезі келгенде оянып, от шашатынын көрегендікпен болжап білді. Енді мына мойындауға қараңыз. Орыстың атақты актеры Олег Табаков: «Асанәлімен иықтасып, кино алаңына шыққанда, оның өңменіңнен өтіп кететін жанары алғашқыда абдыратып-ақ тастайды. Бірақ мұндай жанардың тұзағына бір іліксең болды, өзіңнің ойнап жүрген рөліңнің салмағын тереңірек сезінесің», – деп жазды.

секеңнің көзі – жаратылысынан дара жаратылған көз. Көз – көңілдің, сезімнің, бүкіл болмысыңның, жан дүниеңнің айнасы. Бекежанның алаулаған жанары қандай ғажап! Дала қыранының, шамырқанған намысқа суарылған от жүректі ердің жанары. Тұңғиық ойға шомылып, шытырман құпияның сырын ашпақ болып, аласұрған Қасымхан Шадияровтың жанары ше?!

Кезінде хас таланттың атақ-даңқын көре алмай, қызғаныштың қызыл иті ішін тырналап, тасада тұрып тас атқан жан сахна төрінде де пендешілігін жасыра алмайды. Айтуға тиісті «Цезарь! Цезарь!» ұранын айтпай,қасарысып тұрған Брут-пендеге жақындап барып, оқты көзін өңменіне қадағанда: «Цезарь! Цезарь!» деп, барынша айқайлатқан қуатты отты көз, шоқты көз – Асанәлі Әшімұлының ең қуатты рухани қаруы.

Ал Асекеңнің көзі шуақ шашқанда, айналаның бәрі нұрланып сала беретіні тағы бар. Бірақ ол – бөлек, ұзақ хикаялы әңгіме.

САҚАЛ – БЕТТІҢ АЖАРЫ

Асекеңнің бір өзіне ғана тән сұлу сақалының өзіндік тарих, хикаяттары мол. Кезінде ол «Қыз Жібектегі» Бекежан мен «Атаманның ақыры» фильміндегі чекист Қасымхан Шадияровтың рөлдерін ойнағанда сақал мәселесі алдан көлденеңдеп шығады. Бекежан рөліне бекітілгенде, дала батырының келбетін келісті етуге едәуір септігін тигізетін, бір-бірімен үйлесім, келісім тауып қауышып жатқан иек сақал мен самай жақ сақал екендігі ақиқат. Атақты Шәкен Айманов Асанәлі «Қыз Жібек» фильміне ойнайтын болып бекітілгенде, аса қуана қоймаған. Көптен аңсаған арманыма енді жеттім бе деп лепіріп жүрген Асекең шын жанашыр атасының тосын пікірін түсіне алмай, дал болады.

«Бұл сонда қалай болады?! Мен «Қыз Жібекке» бекітіліп қойдым ғой. Екеуінде қалай ойнап үлгермекпін?», деген қарсылық сөзіне Шәкен жай ғана: «Бас тарту туралы ой түсіңе де кірмесін. Шетелдегі әртістер бір мезгілде бірнеше картиналарға түсе береді. Сонда да үлгереді» деп, сөз астарына зор салмақ салып, қадап айтты.

Сөйтіп Асекең екі оттың ортасында қалады. Іштей ойлап: «Жарайды-ақ, екеуіне де үлгерер тірліктің орайын келтірейін. Бекежанның бет пернесінің бедерлі көркі болып тұрған аяулы сақалы қалай болмақ? Чекистердің бетінде бөлек, көзге ерек ұратын сақал, мұрт, тыртық, қал болмауы керек қой», деген ойларын сыртқа шығарғанда, Шәкен аға:

– Кинода көркемдік ой-қиялға жол беріледі. Жақ сақалыңды қырғызып таста. «Қыз Жібекке» барғанда, жасандысын жапсыртасың, – деп түйіні қиын істің шиін шешіп берді. Содан бері Асекең Шадияровтың шоқша сақалынан бір күнде ажырап көрген емес. Терең тұңғиық пәлсәпалық ойға берілгенде, шытырман шиыры көп сүйікті ойыны шахматты ойнағанда, күміс сақалын алақанымен аялап, бабымен сипағанда балқып отырады.

Асекеңнің осы тарихи сақалы туралы өткен дәуірге, яғни ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарына еріксіз шегініс жасамасқа болмайды.

Театрдың партия комитетінің хатшысы, жігерлі, тиянақты, алға қойған адал мақсатын іске асырмай қоймайтын даңқты әртіс апамыз Сәбира Майқанова Асанәліні СОКП мүшелігіне өткізбекке бел буады. Жас актер келісе қоймайды, бірақ оған оп-оңай көне қоятын Сәбира апа жоқ. Оның қалалық кеңеске депутат етіп ұсынылатынын алға тартады. Шегінерге жер қалмаған Асекең уставқа дайындалып, партиялық комиссия алдына барады. Көпшілігі көненің көзін көрген кәнігі, тіс қаққан партия қызметкерлері. Галстук тағуды ұнатпаса да тағып, сымдай тартылып, алдарына тұрады. Тұрғаны сол, көкқасқа шалдың біреуі: «О, бізге Фидель Кастро келіп қалыпты ғой», деп шағып алады. Жүзі жылы, аналық мейірімі бар бір егде әйел ара түсіп: «Енді әртістерге бұл жарасады, қызметтері солай ғой», – дейді. Сонда әлгі шал: «Партия мүшесіне бұлай жүру келісе қояр ма екен?!», деп кесе көлденеңдей береді. Сол кезде Асекең:

– Мен ұлы көсемдеріміз Ленинге, сондай-ақ Маркс пен  Энгельске еліктеймін! – дегенде, әлгі шапшуылдаушы шал үнсіз тұншығып қалады.

Жас актер партия мүшелігіне қабылданып, қалалық кеңеске депутат болып сайланды.

Осы заман тілімен айтқанда, Асекеңнің брендіне айналған, қазақи ұғыммен айтқанда, сүйікті ағамыздың киелі бойтұмарындай болған сақалы Бекежан батырдың соңына сап түзеп ерген сарбаздарының семсеріндей жарқырап, қатары сетінемей, селдіремей, ағамызды ажарландыра берсін!

АТ – ЕРДІҢ ҚАНАТЫ

Халқымыз: «Ат – ердің қанаты» деп тектен-тек айтпаған ғой. Асекеңнің кино өнерінде еңбек еткен жылдарында қазақтың кие тұтатын малы жылқының небір қасиеттеріне куә болған жайы бар. 1968 жылы «Қыз Жібек» киносы түсірілер алдында Алматы ипподромында атқа мініп шабу, жауынгерлік өнер, ат үсті шайқастары бойынша ұзаққа созылған жаттығуларды бастан кешеді. Күн ыстық, қапырық, үсте кеудені құрсаған жауынгердің кіреукесі, баста ауыр дулыға, қолда бірде қылыш, бірде найза. Асекеңнің таңдап мінген сүлік қара Буян деген атына мініп, шайқас кезінде «қалмақтың» қылышынан қорғана берем дегенде, кенет ерден ауып кетеді. Сол сәтте актер ауған жаққа қарай аты кілт бұрылып тоқтап, жазымнан құтқарады. Екінші жолы сол Буянмен құйғыта шауып келе жатқанда, көзді тұмшалаған қалың шаң арасынан кісі бойы бұта жолығып қалып, жалт бұрылғанда, Асекең ауада қалқып, құлап бара жатады. Сонда Буян тағы да солға кілт бұрылып, оны ауыр жарақаттан, қала берді, өлімнен құтқарады.

Сонда ол қарғып түсіп, құтқарушысының мойнынан құшақтап, маңдайынан сүйіп, еміренеді. Содан бастап Асекең сүлік қара сәйгүлікті бар жан-тәнімен беріле сүйіп, әлпештеумен болады. Құйрық, жалын тарап, шомылдырып, туған анасы, бауыр еті баласындай аялайды.

«Шоқан Уәлиханов» фильмін түсіру барысында Сағи мінген ат фильмге қажет ірі көріністі эпизодты түсіруге еш көнбей қояды. Бірнеше рет әрекет жасап талпынғанмен, ат илікпейді. Қатты ашу қысқан Асекең атты он екі өрім бұзаутіс қамшымен бар пәрменімен осып-осып жібереді. Әлден кейін Сағи келіп: «Аға, ат жылап тұр», дейді аянышты үнмен. Барып көрсе, аттың көзінен моншақтаған жас дір-дір қаққан тұмсығына қарай суси сырғып, ағып тұрғанын көреді.

Асекеңнің тұла бойы шымырлап, аттың жаутаң жанарынан кешірім сұрағандай алау-жалау күй кешеді. Оның киелі жануар екендігіне ден қояды.

Нағыз өнер адамдарының сезімталдығында шек жоқ қой.

ӨЗІН ӨЗІ ҰМЫТУ ЖӘНЕ АЯМАУ

Асекең алғаш театрға келгенде,Әуезовтің «Абай» пьесасының репетициясы кезінде Айдардың рөлін шығара алмай, өз әріптестерінің күлкісіне қалған жайы бар. Бұдан кейін Асекең еш жүнжімей, намысын қайрап, көркемдік үдеден шығу үшін аянбай тер төгеді.

Кешегі соғыс кезінде, шыжыған күн астында бес жасында қада ағашқа байланып, мала тас жегілген өгізге мініп, бидайды бастырғанда-ақ бейнеттің, еңбектің не екенін біліп өсті. Буыны қатпай жатып, орақ орды, оқушылардың алды болды. Мектеп директоры 23 жасында жесір қалған анасы Тәжіханға көп алдында баласының 5 сом сыйлығын, мақтау қағазын тапсырғанда, шешесінің төбесі көкке екі елі жетпей қалған. Соғыс және соғыстан кейінгі жылдарды бастан кешкен бала ащы тер мен ашқұрсақ болып жеген нанның дәмін ерте татты, қадірін білді.Осы қасиеттер өнер жолына қанат сермеген жасқа үнемі сенімді серік бола білді.

Ол әр рөлді ойнағанда жанын салып, беріле ойнады. Асекең сахна төрінде өмір сүрді, әр кейіпкерінің жан дүниесіне терең бойлады. Өзін өзі ұмытты, өзін өзі аямады, өзгенің сол талап деңгейінен көрінуін қатаң талап етті.

«Қан мен тер» спектаклінде ата-жұртынан кетіп, еріксіз ауып, отбасынан ажырап, тағдырдың аяусыз соққысын көріп, әділетсіздікке төзбей буырқанған сәтінде өзгемен өріс ашып кеткен жарына қаһар отын төккен Еламан – Асанәлі өз-өзіне ие бола алмай Ақбала-Фариданы жақтан аяусыз салып жіберіп, ұшырып жібереді. Бірге оқыған Фарида көпке дейін амандаспай, Әзірбайжан Мәмбетовке арызданады.

Бірде осы спектакль бойынша қызу репетиция жүріп жатады. Әр іс-қимылға қалт жібермей, сақ қарайтын, көңіліне ұнамаса, қатаң сөгіп тастау құқына ие Әзірбайжан актерге кішігірім ескертпе айтып қалғанда, балықшы Еламан бейнесіне дендей еніп кеткен Асекең режиссерді шырқыратып шешеден жібереді. Осы сәтте енді не болар екен дегендей, айнала құлаққа ұрған танадай тып-тыныш бола қалады. Аузы ашылып, аз-кем қалшиып тұрып қалған Әзірбайжан кенет аямай қол соғып: «Браво! Браво!», деп риза болады. Осы шиыршық атқан көрініс сахнада.

қойылғанда, алдыңғы орында, шетте отырған бір көрермен: «Ойпырым-ай! Сіз сахнадан түсіп келіп, мені ұрып жібере ме деп зәре-құтым қалмай, қашып кетуге дайын отырдым», деп актерға келіп, шынайы риза көңілін білдіріпті.

«Қыз Жібекке» түсірілер алдында шайқастық көріністерге жаттығу барысында ат үстіндегі әріптесі Құман Тастанбековті «Төлеген» деп қабылдап, жеті метрлік найзамен жарақаттап, оның апта бойы аурухана төсегіне таңылуына себепші болғаны тағы бар.

Асекең ағамыз «Транссібір экспресі» фильмінің байқау лентасына түскенде, сыпайы сөйлейтін режиссер Эльдар Оразбаев:«Асеке, экранға көз салыңызшы!» – дегенде, ол сөзге келместен: «Түсіндім», – депті де, республикалық кәсіподақтың төрағасы Егізбаевтан жолдама алып, Есентукиге тартып кетеді. Өзін өзі аямайды. Қатаң диета ұстайды, спорт залдан шықпайды.

Асекең Алматыға сымдай тартылып, сыптығырдай жігіт болып оралып, жүріп келе жатқан пойыздың үстінен киікше орғып, каскадерлер жасайтын қимылдарды өзі орындап, көрермендердің көз айымына айналады.

Ал ет-бауырынан жаралған баласы Сағидың ауру меңдеткен Шоқанның бейнесін шынайы жасауы үшін қандай азапқа салғанын көпшілік ел біле бермейді. Тамақтан да, шөлбасар судан да қағылған Сағи Асекеңе өкпелеп, онымен сөйлеспей де қояды. Той тойлап, топпен кеткенде, киіз үйде жалғыз қалған Сағи көйлегін дар-дар айырып тастап, түні бойы жылап шығады. Таң азанда: «Сағи!» – деп айқайлағанда, әбден ашыққан, шаршаған көздері қанталап, шүңірейіп ішіне кіріп кеткен баласы сыртқа шыққанда, Асекең айқайлап: «Тез арада түсіру алаңын дайындаңдар. Ауру меңдеген Шоқанды түсіреміз», – деп барлық аппараттарды іске қосқан. Шынайылықты одан да әрі айқын, анық көрсету үшін сол күні Сағи-Шоқанды таумен де біраз қуалайды. Осының бәрін көріп тұрған түсіруші топ арасында сырғыма өсектің салқын лебі де соғады. «Құдай біледі, мына Сағи Асекеңнің өз баласы емес. Оны сонша қорлыққа салуы соны білдіріп тұр», – деседі. Кейін Достоевский, Чернышевскиймен кездескен сәттегі ауру Шоқанның бейнесін экраннан көргенде Сағи: «Аға, сізге рақмет!Сіз шынында да дұрыс істегенсіз», – деп риза болады.

Асекең Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы бір совхозда әріптестерімен бірге «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклін қояды. Совхоз директоры өз буына өзі піскен, әкем театрдан барған айтулы әртістерді онша менсінбегендей сыңай танытады. Совхоздағы мәдениет ошағының клуб аты ғана бар. Төбесі майысқан. Қодар рөлінде ойнап жүрген Асекең жалғыз өзі қалған сәтте, дала батырының ызаға толы монологын айтып тұрып, қолындағы найзамен майысқан төбені періп келіп жібереді. Бүкіл сахна әп-сәтте былшамай батпақ пен лай суға шыланып қалады.

Балалар қарқылдап күліп, қарттар жағы риза көңілдерін білдіріп: «Асеке, құп сауап жасадыңыз! Бұл иттің баласына клубты түбегейлі жөндеу керек деп мың айттық. Құлағына ілген жоқ», деген екен.

Кердең қаққан директордың салы суға кетіп, жым болады. Салқын қабылдауы үшін кешірім өтініп, қалбалақтап қалады. Келер жылы, шындығында да, совхозда жаңа клуб салынады. Асекең бұл мәселені арнайы назарда ұстаған екен.

БАТА

2011жылдың қыркүйегінің аяғына қарай Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Астанада Жамбыл облысының күндері өтті.  Асекең Алматыдан, мен Жаңатастан бас қостық. Үлкен жәрмеңкенің шығыс жағымен келе жатқанда 11- 12 жасар бала артымыздан жүгіріп келді де, сәл тұрып, қайтадан кері қарай жалт бұрылды. Алғашында онша мән беріңкіремедім. Енді бір қарасам,тағы да жүгіріп келіп, аз-кем тұрды да, қайта кері жүгіре жөнелді. Сөйтіп анадай жерде тұрған анасын құшақтап, артына жартылай жасырынып тұра қалды. Әлгі әйел күлімсіреп, маған әлдене айтқысы келгендей ыңғай білдірді. Асекеңе сәл кідірістей беріңіз дедім де, маған қарай жасқана аяқ басқан әйелге тақандым. Жүзі жылы, аузынан мәйегі көрініп тұрған жан екен.

– Аға, мына балам туғанда атын Асанәлі деп ырымдап қойған едік. Соған ағаны көрген соң: «Атаңа барып сәлем бер», – дегенмін. Бата алмай, жүгіріп барады да, қайта келеді.

Асекеңе келіп болған жайды баян еттім.

– Ой, келе ғой, ұялма, балам! – деп мейірлене күліп үн қатты. Шешесі тақана беріп, сәлем салды. Аға танауы тәмпиіп, көзінен күлкі ұшқындаған баланың қолын алып, маңдайынан сүйді.

– Асеке, бата сұрай келген ниеті де бар екен, – дедім. Ағамыз қолын жайып:

– Ал Асанәлі, жортқанда жолың болсын, талабың таудай болсын. Биікке ұшсаң, қанатың талмасын, қабағыңды кірбің шалмасын, – деп әдемі бата беріп, бетін сипап, арқасынан қақты.

Ана мен баланың қалай қуанғанын көрсеңіз ғой, сонда!

ЫСҚАҚ ПІРАДАР ШАПАҒАТЫ

Асекеңнің атасы Ысқақ пірәдар көзі тірісінде-ақ еліне елеулі болған. Таза періште пейіл, адалдықты ту еткен, дін жолына бар жан-тәнімен берілген, былайша айтқанда, Құдайына қараған жан. Өмір бойы ешкімді ғайбаттап, дауыс көтеріп көрмепті.

Соғыс жылдарында майданды етпен қамтамасыз ету үшін ауылда шошқа фермасы ұйымдастырылған болатын. Таза қазақтардың табиғатымен үйлеспейтін тірліктің қай кезде де оғаш тұстары көп болады ғой.

Күндердің күнінде, қас қылғандай, Ысқақ пірәдардың шағын ауласына дәу торай кіріп кетеді. Дәретке шыққан пірәдар әлгіні көргенде, қолынан құманы түсіп кетіп, тілі байланып қалғандай болады. «О, жаратушы жалғыз, мынадай сұмдықты көрсеткенше, мені алғаның жақсы!» деп, қос тізерлеп жалбарынып, үйіне кірген бетте, тарс оранып жатып қалады. Содан нәр татпай, үшінші күні дүние салады.

Пірәдарды ақырғы сапарға шығарып бара жатады. Жаз бойы тамшы тамбай, шілденің ыстығы қуырып тұрған  шақ болатын. Сол кезде Жайылма аспанына шоқтай болып түйіліп келген шағын бұлт қас пен көздің арасында нөсерлетіп қоя береді.

Мұның бәрін қалың жұрт жақсылыққа жорып, жаратушының пірәдарды шын пейілмен қабылдағаны деп түйсінеді…

Асекең де ес біліп, етек жапқалы пірәдар атасын пір тұтып, жолға шықса да, үлкен бір іс бастаса да, қиналған, тарыққан, жабыққан сәттерінде атасын еске алып, іштей мінәжат етіп, сиынып отыруды естен шығарған емес.

Жеті-сегіз жасында өрістен қайтқан малдан сүтті ешкісі келмей қалады. Қас қарайып қалғанда оны өріс жаққа іздеп шығады. Сол сәтте жоғалған ешкі кенеттен көз алдына көлбеңдеп көрінеді. Тақана берсе, ешкі ұзай береді. Қуып жетем-ау деп ентелеген күйі ауыл шетіне жеткенде,ешкісі көзден ғайып болады. Үйге келсе, жоғалғаны қораның ішінде тұр. Асекең аң-таң болады…

Сол жеті-сегіз жасында шағын ауылдағы балалардың барлығы жаппай қызылшамен ауырады. Үлкендер жас балаларды жерлеп үлгере алмай жатады. Асекеңнің екі қарындасы да қызылшадан он екіде бір гүлі ашылмай, көз жұмады. Жас Асанәлі ауыр науқастан құр сүлдері қалып, боп-боз, салсүйек болып көшеге шыққанда, онымен бірге ойнаған құрбыларының бір де бірі тірі қалмаған. Бала болса да, жандүниесі,жас жүрегі жетім қалған Асанәлінің еңірей жылаған күні есінен еш кетпек емес…

Баянауылда Шәкен Аймановтың тоқсан жылдығын тойлап, қайтар жолда Бибігүл Төлегенова, жұбайы Бағдат – барлығы бір машинаға отырады. Екі сағаттан кейін мөлдір бұлақ басына аялдама жасап, әрі жолға шығар сәтте жігіттер, не себептен екені белгісіз, Асекеңді өзге машинаға ауыстырып мінгізеді. Бес минуттан кейін алдында Асанәлі отырған машина жолда аударылады. Адамдардың барлығы аман-есен, аз-кем үрейге бой алдырып тұр екен. Алдында Асекең отырған жақ әп-әжептәуір жапырылып, ішке майысып кетіпті…

Асекеннің, жалпы өмірінде осындай автомобиль апатына екі-үш рет түскені бар. Бірде Сағимен келе жатып, Шу өзенінен өтер тұста мұздақта баласы рөлге ие бола алмай, көпірдің қалдайына қатты ұрылады. Машинаның алдыңғы тұсы көпірден шығып, артқы бөлігі көпірдің табанына ілігіп тұрады. Сонда Асекең еш саспастан, сабырлы қалыпта артқы орындық бұрышына жатып алып, алды қираған көлікті тепе-теңдікте ұстап тұра берген…

Ал «Атаманның ақырына» түскенде,тентек мінезді тау өзені Шарыннан атпен өтпек болғанда, су екпінімен домалап келе жатқан қойтасқа соғылып, аттан құлайды. Көмек жетіп үлгеріп құтқарғанша, күздің суық суына бастан-аяқ малшынып, тісі-тісіне тимей қалшылдап, бір ажалдан аман қалады…

Асекең небәрі 20 жасында алғаш рет режиссер Ефим Аронның «Ботагөз» киносында эпизодтық Кенжетай рөлінде ойнайды. 1958 жылы «Асау Ертіс жағасында» фильміне түседі.

Осы соңғы киноға түсіп жүргенде, сол кездегі консерваторияның ректоры, ұйғыр композиторы Құддыс Қожамияров оқуға 20 күн кешіккендігі үшін жас актерге Мәдениет министрлігінің анықтама беріп, министрдің өзі ара түскеніне қарамастан, оқудан шығарып жібереді. Себебі ректор сол кездегі бірінші хатшы Юсуповқа қатты арқа сүйейтін. Ал Асанәлі болса, намыс оты жібермей, күндіз консерваториядағы сабаққа ерікті тыңдаушы болып қатыса береді. Бірақ жатар орын, қоныс жайы жоқ студент түнде жатақхананың терезесінен түсіп, жолдастарының қасына түнейді. Осылай қашып-пысып түнеп жүргені, сабаққа заңсыз қатысып жүргені туралы әңгіме ректордың құлағына жетеді. Ашуға мінген ректор комендантты жұмыстан шығарып жібере жаздайды. Асекең оқу орнының босағасынан аттай алмай қалады. Сөйтіп жүргенде әскерге шақырылады. Комиссиядан өтеді. Әскери комиссариат өкілі оған қасығын, кружкасын дайындауды бұйырады. Сондай бір дел-сал, әрі-сәрі халде жүрген Асекең тәуекел етіп, консерваторияға кіріп, коридорда әрлі-берлі теңселіп жүреді.

Тап сол кезде оқу бөлімінің меңгерушісі Елена Ильинична Масалович оған қарсы жолығып қалып, оның тағалы тай тайып жығылатындай жалтыр басына шошына қарайды.

Жай-күйді толық білген елгезек мінезді Елена апай Асанәліні ертіп, кабинетіне кіреді де, оның қолына консерваторияның үшінші курсында оқитынын, әскери дайындықты әскери кафедра арқылы өтіп жүргенін айғақтайтын жалған анықтаманы тәуекел етіп ұстатып жібереді. Оны қолына алған әскери комиссар орыстың ойсан естілетін боқауызымен кабинетінен айдап шығады.

Ет жүрегі елжіреген еврей әйелінің сол бір қамқорлығы Асекеңнің мәңгілік есінен кетер ме?! Енді ағамыздың алда шығатын кітаптарының беттерінің бірінен осы асыл текті, абзал бейненің әдемі суреті орын тепкенін қалар едік. Сол кісінің тәуекел қамқорлығы болмаса, өнерден мүлдем алшақ үш жылғы әскери тірлік ағамыздың бүгінгі деңгейге жетуіне оң ықпал етеді деп еш ойламас едік.

Асекең сахнаға шығар алдында да Ысқақ пірәдар атасының рухына сиынып, рөлдерін нық сеніммен, сәтті ойнап шығатындығын үнемі айтып та, жазып та келе жатыр

2006 жылы 8 мамырда Сарысу ауданының Жайылма ауылында Асекең Ысқақ пірәдар атасына арнаған мешіт ашты. Оған Қазақстанның барлық аймағынан зиялы, айтулы азаматтарды шақырды. Тап сол күні, сол сәтте аудан әкімі мешітті ашып, Асекеңе сөз бергенде, жарқырап тұрған күн айналасы ғажайып шапақ нұрға бөленіп, бояуы жүз құбылған түрлі-түсті шеңбер көмкеріп тұрғанын салтанатқа жиналған сан мыңдаған адамдар көрді. Оның куәсі болып, көзімен көрген, көңілмен сезгеннің біреуі алдарыңызда тұр. Сол шараға қатысқан бір сәуегей, кейуана әйел осы мешіт әулісіне ақ сақалды, аппақ кіршіксіз киім киген келбетті қарттың кішкентай сүйкімді еркек баланы ертіп келгенін көріп, Асекеңе айтқан еді.

Содан тура екі жыл сегіз айда Жетісудың аруы, Асекеңнің жанға қуат дәруі Бағдат кішкене Асанәліні сүйіншілетіп, дүниеге әкелгенінің куәсі болдық.

Ысқақ пірәдар атамыздың рухы өлмей, жаны жәннатта шалқи берсін деп тілейік!

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,

жазушы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support