- Advertisement -

Референдумды қолдау штабы құрылып, іске кірісті

33

- Advertisement -

Президент Жарлығымен Конституцияға түзетулер топтамасы референдум шеңберінде бүкілхалықтық дауыс беруге шығарылып отыр. Бұл түзетулер саяси жүйені қайта құруға септеседі деп күтілуде. Сол үшін оның мәні мен маңызын халық барынша ұғынуы тиіс. Бұл бағытта, яғни референдумды кеңінен насихаттау мен түсіндіру мақсатында облыстық қоғамдық штаб құрылды.

Референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың төрағасы болып Амангелді Кәрентаев, ал оның орынбасары болып Рахматілдә Рахманбердиев бекітілді. Жалпы штаб құрамында облыстың зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, БАҚ өкілдері және жастар ұйымдарының көшбасшылары мен ғалымдардан тұратын 47 адам бар. Олар алдағы уақытта өңірдің елді мекендерінде, ірі кәсіпорындар мен ұжымдарда кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады. Бұл жұмыстың сапасын тексеретін 17 адамнан тұратын сарапшылар пулы тағы жасақталып отыр. Сондай-ақ штаб жанынан мониторинг, креатив, БАҚ-пен жұмыс жүргізетін топтар да құрылған.

Штаб арнайы желілік кестеге сәйкес жұмыс істемек. Кестеге сәйкес 6 мамыр мен 3 маусым аралығында барлығы 611 іс-шара өткізілмекші. Басымдық Конституцияға енгізілетін өзгерістерді түсіндіруге бағытталмақ.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген штаб төрағасы Амангелді Кәрентаев:

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ауқымды саяси реформалар жариялағаны баршаға мәлім. Кешегі үндеуінде Қасым-Жомарт Кемелұлы оның мән-маңызына тағы бір рет тоқталды.

Бұл – Екінші Республиканың саяси іргетасы. Президенттің осы тарихи шешімдері – жаңа әрі әділетті Қазақстан құру жолында жасалған ірі қадам. Мұның барлығы саяси бәсекелестікті күшейтуге жол ашып, Қазақстан азаматтарына жаңа әрі тең мүмкіндіктер береді.

Президент ұсынған кешенді реформаларды жүзеге асыру үшін Конституцияға 33 өзгеріс пен толықтыру енгізілетін болады. Кеше Президент сол өзгерістерді қабылдау үшін 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.

Конституцияны жалпыхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту – «мемлекеттік биліктің бірден бір қайнар көзі – халық» деген принциптің іс жүзінде орындалуының айғағы. Облыстың белсенділері Конституциялық реформаның маңыздылығын терең түсіне отырып, алдағы референдумды өткізуді толық қолдайтынын жеткізгім келеді, – деді.

Маржан РАҚАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support