Экономика

«Ақаралдың» айбыны

«Ақаралдың» айбыны

Оңтүстік – жеміс-жидек және көкөніс өсіруге қолайлы өңір. «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасында Оңтүстік өңір, оның ішінде облысымызда жеміс-көкөніс өсіруге басымдық берілген. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында және жыл сайынғы Жолдауларында отандық, экологиялық жағынан таза өнім өсіруге ерекше көңіл бөліп келеді. Меркі ауданындағы «Ақарал» өндірістік кооперативі (бұрынғы «КрасноОктябрь» жеміс-шарап совхозы) кеңестік кезеңде алма және жүзім өсірумен атағы алысқа кеткен болатын. Оның тіл үйіретін шырыны мен шарабы одақтас республикаларға да жөнелтілетін. Шаруашылықта жүзім – 570 және алма 300 гектар алқапқа өсіріліп, 500 адам жұмыс істейтін.Горбачевтік солақай саясат салдарынан жүзімдік толық оталды. Алма бауының 12-ақ гектары қалды. Соның салдарынан тасы өрге домалап тұрған шаруашылық аз ғана жылдарда тығырыққа тірелді. Шаруашылық бағдарын өзгертіп, егін және мал өсіруді қолға алды. Бұл аймақта жеміс ағаштары жақсы өседі әрі мол өнім береді. Ақарал ауылы тұрғындары арасында алма мен жүзімді қайта өсіру туралы әңгіме болғанмен, оған қолдың қысқалығы мүмкіндік бермеді. Бұл мәселе бұрын Меркі қант зауытының директоры болған Бақыт Адамсопиевті де қатты толғандыратын. Шаруашылықтың даңқын қайта жаңғырту туралы көкейде жүрген армандарын жүзеге асыру үшін ол «Ақарал» өндірістік кооперативіне басшы болып тағайындалды. Ол өндірістік кооперативті қабылдап алған кезде онда 2 дөңгелекті трактор, 15 сиыр және 12 гектар алма бауы ғана бар болатын. Өндірісте 15 адам ғана жұмыс істеді. Ақаралдықтар 2013 жылдың қорытындысында 5 миллион теңгенің ауылшаруашылығы өнімін өндірген. Ұжым басқаруда мол тәжірибесі бар Бақыт Адамсопиев күзде жұртты жұмылдырып, 70 гектар алқапқа жүзімнің Саперави және Ркацетели сұрыптарының көшеттерін отырғызды. Бұрынғы баудың орнына 30 гектар алқапқа алманың «Айдарет», «Редделишис» және «Золотой превосход» сұрыптарының көшеттері орналастырылды.  Биыл көктемде арпа – 240, мақсары – 200 және сүрлемдік жүгері 50 гектар алқапқа егілді. Бұған қоса 32 гектар алқапқа бақша дақылдары өсірілді. «Қазагроқаржы» АҚ-дан 69 миллион теңге несие алған агроқұрылым жаңа дөңгелекті – 3 және шынжыр табанды бір трактор сатып алды. Таяуда Бақыт және есімі облыс көлеміне кеңінен танымал, Меркіде «дала академигі» атанған білікті маман, бас агроном Шырын Бадалов екеуі Беларуссиядан 2 жаңа дөңгелекті трактор және ауылшаруашылығына қажетті құрал-саймандарды сатып әкелді. Жаңаның аты – жаңа. Енді науқандық жұмыстар кезінде іркіліске жол берілмейтін болады. Ауа райының аса қуаңшылығына қарамастан тиісті күтім көрген егіс алқаптары тәуір өнім берді. Арпаның әр гектарынан – 11, сүрлемдік жүгеріден – 200 және мақсарының әр гектарынан орта есеппен 5 центнерден түсім алды. Бақша дақылдары да жақсы өніммен қуантты. Оларды уақтылы жинап, өткеру ішкі қажеттіліктерді өтеумен қатар кооперативтегілердің жалақыларын уақтылы беруге мүмкіндік берді. Өндірістік кооперативте үстіміздегі жылы 20 миллион теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндірілді. «Ақаралда» 690 гектар егістік бар, оның 200 гектары суармалы. Бақыт Адамсопиев су тапшылығын еңсеру, оны үнемдеу мақсатында таяуда Түркиядан 100 гектар алқапты тамшылатып суаратын құрал-жабдықтар сатып әкелді. Келешекте осындай тәсілмен тағы да 100 гектар алқапты ылғалдандыру көзделуде. Шаруашылық несиеге алған қаржысына осындағы бұрынғы сүт фермасын қайта жарақтандыруда. Биыл жыл соңына дейін мұнда асыл тұқымды 200 бас құнажын сатып әкелінеді. Фермаға сыйымдылығы 3 тонналық салқындатқыш орнатылды. Агроқұрылымның теңгерімінде кірпіш зауыты бар. Ол жазда айына 60 мың дана кірпіш өндіреді. Шығарылған өнім ішкі қажеттіліктерге жаратылуда, артылғаны аудан тұрғындарына өткерілуде. Кірпіш зауыты келесі жылы қайта жарақтандырудан өткізіледі. Сол кезде оның өнім өндіру көлемі артумен қатар кірпіштің сапасы да жақсарады. Қазір жеміс-шарап зауыты күрделі жөндеуден өткізілуде. Бұл жұмыс жыл соңына дейін толық аяқталады. Ол іске қосылған кезде жылына мың тонна жүзім және 1,5 мың тонна алма қабылдап, алғашқы өңдеуден өткізеді. Ақаралдықтар осындағы 2 мың тонналық қойманы қайта жарақтандырғаннан кейін онда уақытша ауыл тұрғындарының бау-бақша өнімдерін сақтауға ниет етіп отыр. Кооперативте осындай қыруар жұмыстарды қолға алу – жаңа жұмыс орындарын көптеп ашуға мүмкіндік беруде. Қазір мұнда 50 адам жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақысы – 55 мың теңге. Бүгінде агроқұрылымның шаруасын қалай алға бастырамын деп жар құлағы жастыққа тимей жүрген Бақыттың арманы көп. Келешекте мұнда жүзім көшеттері 270 гектар алқапқа дейін орналастырылады. Алманы 100 гектарға дейін жеткізу көзделуде. Қазір жүзімдік отырғызылатын 270 гектар алқапқа бетон баған орнатылып, шырғанақ сымтемірмен қоршалуда. Қадағалайтын және қарауылдайтын адамдар үшін арнайы жай салынуда. Алма өсірілетін 100 гектар алқап та келешекте осылай қоршалатын болады. Өндірістік кооперативтің 2 гектар көшет бағы бар. Онда жүзім көшеттері өсірілуде. Биыл олар тағы да 40 гектар егістікте жүзім көшеттерін орналастыруды жоспарлауда. Жиырма гектар жерге интенсивті бау өсіру көзделуде. Бұл аумақта аласа алма сұрыптары жиі отырғызылады. Мұндай алқаптың әр гектары үш жылдан кейін басқаларға қарағанда өнімді екі есе көп береді. Шаруашылық басшысы Бақыт Адамсопиев және бас агроном Шырын Бадалов қолға алып, жүзеге асырылып жатқан шаралар тиісті нәтижесін берсе, «Ақаралды» алдағы үш жылда толық рентабельді агроқұрылымға айналдыруға болатынын нық сеніммен айтады. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алқалы жиындарда ауылшаруашылығын әртараптандыру туралы жиі айтып келеді. Саланы әртараптандыру дегеніміз – нарықта өтімтал тауар өндіру. Бізде көп шаруалар әлі күнге қарамағындағы егіске дәнді-дақыл өсірумен шектеліп келеді. Мемлекет арпа өсірген диханға әр гектар алқапқа 1,5 мың теңге субсидия береді. Ал бір гектар алмаға – 680, бір гектар жүзім өсірушілерге 860 мың теңге субсидия төлейді. Яғни, шыққан шығынының 40 пайызын өтеп береді. Шаруаға бұдан артық қандай қолдау мен қамқорлық керек? Біз де өсіріп жатқан алма мен жүзімімізге субсидия алу үшін тиісті мекемелерге құжат тапсырдық. Өтінішіміздің қанағаттандырылатынына нық сенімдіміз, – дейді «Ақарал» өндірістік кооперативінің төрағасы Бақыт Адамсопиев.

Ақылжан Мамыт, «Ақ жол».

Суретте: Б. Адамсопиев және Ш. Бадалов егістік басында.

Меркі ауданы.