- Advertisement -

Қан майдандағы Жеңіске 77 жыл толды

67

- Advertisement -

Қазақстаннан соғысқа 1,8 миллион адам аттанды. Соның 600 мыңы отанына оралған жоқ.

Бүгін – Кеңес Одағының II дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен күні. Биыл қан майданның аяқталғанына 77 жыл толып отыр.

1941-1945 жылдары болған сұрапыл соғысқа 35 миллион адам қатысты. Майданда 26,6 миллион кеңес әскері қаза тапты. Қазақстаннан 1,8 миллион адам аттанды. Соның ішінде 600 мыңы отанына оралған жоқ.

Қазақстандықтар Мәскеу мен Ленинградты жанкештілікпен қорғап, Украина мен Беларусь, Балтық маңы мен Молдованы азат етуге атсалысты, Берлин шабуылына қатысты.

Бүкіл соғысты басынан өткерген қазақстандық 12 дивизия құрметті атақ алды. Олардың бесеуі бір, төртеуі екі, екеуі үш орденмен марапатталған. Бес дивизия гвардиялық атақ алды. Олардың қатарында Кеңес Одағының батыры Иван Панфилов атындағы атақты 8-ші гвардиялық дивизия да бар.

Ұлы Отан соғысында 497 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атағын алды. Ал 1990 жылы 11 желтоқсанда соңғы Кеңес Одағының батыры атағы қолбасшы Бауыржан Момышұлына берілді. 1941 жылы аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған атқыштар батальоны мен Иван Карпов басқарған 1075-ші атқыштар полкі Мәскеу түбінде бір ай бойы үздіксіз ұрыстар жүргізіп, дұшпанға қарсы шабуылға шықты.

Батырлардың қатарында пулеметші Мәншүк Мәметова және снайпер Әлия Молдағұлова да бар. Екеуі де майдан даласында қаза тапты.

Кеңес Одағының батыры атағын алғандардың ішінде атқыштар – Баймағамбетов, Лутфуллин, Мин Сен Юр, Тоқтаров, артиллеристер – Муткенов, Новиков, ұшқыштар Әбдіров, құрыш бұзушы Миллер, минометші Сыпатаев, атты жауынгер Қаратаев, саперлер – Қаратаев пен Гончаров, саяси жетекші Ғабдуллин, торпедалық катердің командирі Ущев, атқыштар дивизиясының командирі Сафиуллин және тағы басқа да азаматтар бар. 110 қазақстандық Даңқ орденінің толық кавалері атанды.

Бұдан бөлек, төрт қазақстандық – Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов және Сергей Луганский екі мәрте Кеңес Одағы батыры атанды. Рейхстагқа шешуші шабуылға шыққан және Жеңіс туын тіккендердің ішінде қазақстандық Қошқарбаев, капитан Чупрета, минометші Бақтыгереев, пулеметші Вицько, байланысшы Волочаевтар болды.

Қазақстан аумағында шайқас болған жоқ, бірақ республика майданның берік тылына айналды.

Жеңіс күні Қазақстанда мемлекеттік мейрам ретінде аталып өтеді. Пандемия аяқталмаса да, бұқаралық шараларды ұйымдастыруға рұқсат берілді.

Биыл президент Қасым-Жомар Тоқаевтың жарлығымен Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен үш майдангер «Халық қаһарманы» атанды.
Олар:
Әбдібеков Төлеуғали Насырханұлы (марқұм) – 8-ші гвардиялық Қызылтулы атқыштар дивизиясы 302-ші гвардия атқыштар полкі 2-ші атқыштар ротасының мергені;
Несмиянов Александр Александрович (марқұм) – 126-шы Горловка Қызылтулы атқыштар дивизиясы 690-шы атқыштар полкі 1-ші атқыштар батальонының командирі;
Сүлейменов Ыбырайым (марқұм) – 100-ші бөлек атқыштар бригадасы атқыштар батальоны 2-ші бөлімшесінің мерген-бақылаушысы.

Бүгін республика бойынша ардагерлер үшін көшпелі концерттер өткізу жоспарланып отыр. Мереке қарсаңында соғыс ардагерлеріне бір миллион теңгеден қаржылай қолдау көрсетілді

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support