Экономика

Даму мүмкіндігі жоғары

Даму мүмкіндігі жоғары

13Жұма күні Орталық коммуникациялар қызметінде Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев баспасөз мәслихатын өткізді. Ол журналистерге аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы әңгімеледі. Жамбыл облысында Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назар­баев­­тың «Қазақстан-2050» Страте­гия­сын­да көрсетілген нақты тапсыр­маларды орындау бойынша Үкіметпен бірлескен жүйелі жұ­мыстар атқарылып келеді. Өңірді қарқынды дамып келе жатқан аймақ деп айтуға толық негіз бар, деген аймақ басшысы өңірдің дамуы 2011-2015 жыл­дарға арналған аймақты дамыту бағдарламасында айқындалған мақсаттар мен іс-шараларға сәйкес жүргізіліп жатқандығына тоқталды. «Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша облыстың даму үрдісі айтарлықтай табыстарға жетті. Өңірдің өндірісі өркендеп, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік салалар қарқынды даму үстінде. Шағын және орта бизнес қанат жайып келеді. Атап айтқанда, биылғы бірінші тоқсанда жалпы өңірлік өнім көлемі 182 млрд. теңгені құрап, бұл көрсеткіш 2013 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,4 пайызға ұлғайып отыр», деді К.Көкірекбаев.

Облыс есепті кезеңде, аграрлық сектордан басқа, негізгі салалар бойынша алға қойған мақсатты нәтижелерге қол жеткізіпті. Тек қана өңдеу өнеркәсібі саласы бойынша жоспарлаған көрсеткіштерге өз деңгейіне жете алмаған. Оның басты себебі, химия өнімдеріне әлемдік нарықта сұраныс тым төмендеп кетіпті. Әйткенмен, сырт­қы нарықтағы теріс фактор­ларға қарамастан, облысқа өнер­кәсіп өндірісі көлемінің өсімін 1,7 пайызға артығымен қамту мүмкін болыпты. Осы мәселелер жөнінде айтқан әкім, өңірде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы әңгімеледі. Сөйтіп, қазіргі заманның маңыз­ды тақырыбына айналып отырған «жасыл» экономика, «жасыл» энер­гетика саласын дамытудағы қол жеткізген табыстары мен бола­шақ жоспарлары жөнінде баян­дады. «Бүгінде өңір экономи­касының қарқынды дамуы «жа­сыл» экономика саласын өркен­детуге негізделіп отыр. Біз бұл заманауи жобаға республикада алғашқылардың бірі болып тың серпін берген бірден-бір облыспыз. Қазіргі уақытта қуаттылығы 19 МВт 5 жаңғырмалы энергия көздері тұрақты жұмыс жасап тұр. Олар – шағын су, күн және жел электрстансалары. Бұл салаға 25 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Жалпы, өңірдің жаңғырмалы энергия көздерінің қуаттылығын 400 МВт-қа жеткізуге мол мүмкіндігі бар. Ал, тартылатын инвестиция көлемі 800 млн. АҚШ долларын құрамақ. Бұл жобалардың барлығы толығымен жүзеге асқан шақта жаңғырмалы энергия көздерінің қуаты облыстың қажеттілігінің 40 пайызын құрайтын болады», деді әкім. Облысқа биылғы жылы 131 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылыпты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,3 пайызға жоғары көрінеді. «Біз алдағы уақытта да инвестиция тарту жұмыстарын белсенді түрде жүргізуді басты назарда ұстайтын боламыз. Өйткені, өңірге инвестиция тартуды қарқынды дамытудың табысты кілті, экономикалық өркендеудің кепілі деп білемін. Біздің облыста бұл мақсатта жыл сайын «Тараз-Инвест» инвестициялық форумын өткізу дәстүрі қалыптасты. Бұйыртса, облысқа 2020 жылға дейін 1,2 трлн. теңге инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз», деген аймақ басшысы облыс бюджетінің кірісі туралы да айтты. «Облыс бюджетінің өзіндік кірістерін ұлғайту бойынша да жұмыстар атқарылуда. Сегіз айдың қорытындысы бойынша жергілікті бюджет кірісі 24 млрд. теңгеге жетіп, жоспар 104 пайызға орындалды. Жалпы, жыл соңына дейін түсім 38 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде, бұл 2009 жыл деңгейінен 2,3 есеге артық. Ендігі мақсат, өзіндік кірістерді 2020 жылға қарай тағы да 2 есе арттыру болмақ. Бұл облыс бюджетіндегі дотация үлесін 48 пайыздан 35 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», деп толықтырды ол. Жамбыл өңірінде құрылыс саласы да даму үрдісінде екен. Мәселен, үстіміздегі жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 1,3 есеге артып, 38 млрд. теңгені құрапты. Сондай-ақ, биыл 200-ден астам нысандардың құрылысын жүргізу мен жаңғыртуға 39 млрд. теңге қарастырылған көрінеді. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы өңір тұрғындарын, әсіресе, жас отбасыларын баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуге үлкен ықпалын тигізіп отыр. Осы бағдарлама аясында облыста 2020 жылға дейін 2,8 млн. шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілетін болады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бойынша үстіміздегі жылы 604 млн. теңгеге 32 тұр­ғын үйге жөндеу жұмыстары жүр­гізілуде. Сонымен қатар, 6 ин­­женерлік-коммуникациялық ин­фрақұрылым нысандарына 1,9 млрд. теңге қаржы бөлінді. Мұ­нымен қатар, облыста ауылдық елді мекендерді газдандыру мәселесін де барынша дамыту көзделуде. Мысалы, 2010 жылы аймақтың 79 елді мекені табиғи газбен қамтылған болса, 2014 жылдың соңына дейін олардың саны 150-ге жеткізіледі. Ал, «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде осы жылы 8,5 млрд. теңгеге 27 ауызсумен қамту және кәріз желілері нысандарын салу мен жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін тағы да 16 нысанды пайдалануға беру жос­парланып отыр. Нәтижесінде, ауыл тұрғындарының 77,3 пайызы таза суға қол жеткізеді. Мемлекет басшысының берген тапсырмасына орай ауызсумен қамтылған ауылдық елді мекендер санын 2020 жылы 80 пайызға жеткізуді жоспарлап қойдық», деді К.Көкірекбаев. Баспасөз мәслихатында облыс аумағынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы туралы да айтылды. Әкімнің сөзіне қарағанда, аталған автодәліздің іске қосылуы, өңірде жол-көлік қатынасын жақсартуға және апатты жол оқиғаларын азайтуға өз септігін тигізе бастаған. «Жақында осы автокөлік дәлізінің Қордай асуын айналып өтетін «Көкқайнар – Отар» бөлігі пайдалануға берілді. Өздеріңіз білесіздер, Қордай асуы қыс мезгілінде жол қозғалысына үлкен қиындықтар әкелетін асу болатын. Жалпы, Жамбыл облысы аумағынан өтетін бұл жолдың ұзындығы 495 шақырым, оның 375 шақырымы бірінші санатты, қалған 120 шақырым екінші санатты 2 жолақты жол. Бұл жолдың құрылысын алдағы 2015 жылы толықтай аяқтау көз­деліп тұр», деп сөзін жалғаған әкім, аймақтағы туристік клас­тер­ге ойысты. «Соңғы жылдары өңірде туристік кластерді дамы­ту үшін Тараз қаласы орта­лығында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді қолға алдық. Мақсатымыз – екі мың жылдан астам тарихы бар Ұлы Жібек жолы бойына орналасқан ежелгі Тараз шаһарының өткен тарихын ұлттық құндылыққа айналдыру, «Көне Тараз» археологиялық саябағын құру. Қазіргі уақытта бұл жобаға байланысты тиісті құжаттамалар дайындалу үстінде. Жоба іске асырылған жағдайда жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірге келетін туристер санын 4 есеге арттыру көзделуде. Бұл мақсатқа 2014-2017 жылдары облысқа 43 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылмақ. Бұйыртса, 2017 жылы елімізде өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесі шеңберінде Таразды шетелдік туристер келіп көретін, оның терең тарихымен жақын танысатын қалаға айналдырсақ деген ойдамыз. Осындай игілікті істі жүзеге асыру үшін біз рес­пуб­ликалық бюджеттен де үлкен көмек және тиісті қолдау күтіп отырмыз», деді облыс әкімі. Өңірде жер телімдерін мем­лекеттік меншікке қайтаруға, қаз­ба және қалпына келтіру жұ­мыс­тарына, тарихи-мәдени орталық және инженерлік инфрақұрылым құрылыстарына бүгінде 4,5 млрд. теңгеден астам қаржы қажет екен. Облыста әлеуметтік саланың дамуы, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесі ойдағыдай шешімін тапқан. «Бұл жерде «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы өзінің елеулі үлесін қосуда. Бағдарлама аясында мектепке дейінгі біліммен қамту мекемелерінің саны соңғы бес жылда 193-тен 387-ге жетіп, екі есеге артып отыр. Ағымдағы жылы өңірде бюджеттік қаражат есебінен 12 балабақша құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 4 балабақша пайдалануға берілсе, тағы да 4-уі жыл соңына дейін ел игілігіне өтеді. Нәтижесінде, облыста 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен қамту деңгейі ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне 67,6 пайызға жетті. Ал, бұл көрсеткіш 2010 жылы 45,3 пайызды құраған болатын. Біз бұл үрдісті облысты дамытудың стратегиялық жоспарына сәйкес одан әрі жалғастыратын боламыз. Сондай-ақ, облыста жаңа мек­тептердің құрылысын салу, оның ішінде, апатты жағдайдағы мектеп ғимараттарының мәселесін шешу басты назарда болып отыр. Бүгінгі күнге өңірде 21 апатты жағдайдағы мектеп ғимараты бар. Жалпы, ағымдағы жылы құрылыс жұмыстары бастау алған 11 апатты мектептің мәселесін алдыңғы жылы шешу жоспарланған. Ал, 2016-2017 жылдары қалған 10 мектептің құрылысы жүргізіліп, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес облыста 2017 жылы апатты жағдайдағы мек­тептерді толығымен жою мәселесі күн тәртібінен алынатын болады», деді аймақ басшысы. Аймақтағы басқа да әлеуметтік салаларға жеке тоқталған әкім, облыстың бұдан әрі даму мүм­кіндігі жоғары екендігін айтты. «Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жыл санап артып келеді. Осыған орай, өңірді дамыту мақсатында алда тұрған жауапты кезеңдер мен межелі міндеттер аз емес. Атап айтқанда, еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы үлкен талап-міндеттер қойып отыр. Біз оны өте жақсы түсінеміз. Ендігі міндет – сол мақсаттарды орындау. Ол үшін облыста барлық мүмкіндіктер бар», деп түйіндеді сөзін К.Көкірекбаев.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».

(«Егемен Қазақстан», 11 қазан 2014 жыл).