- Advertisement -

БАСТЫ МАҚСАТ – БАБАЛАР ЕРЛІГІН НАСИХАТТАУ

902

- Advertisement -

Дейді интернационалист-жауынгерлерден құралған бірлестіктің өңірдегі төрағасы Сабыралы Қыдыралиев.

77 жылдан бері маусым айының 9-шы жұлдызы «Германиядағы Кеңес оккупациялық күштері әскерінің тобы» құрылған күні ретінде аталып өтіледі. 28 жыл бұрын жұмысын тоқтатқан бұл топқа кезінде 1-Белорус, 2-Белорус және 1-Украин майдандарының әскерлерінің құрамалары кірген. Ал өткен жылы республика аумағында тұңғыш рет ресми түрде құрылған «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы, Әскердің Батыс тобы» ардагерлері қоғамдық бірлестігі біздің өңірде де сол жылдың тамызында құрылды. Жыл бұрын жұмысын бастаған бірлестіктің бұл күнде 100-ге жуық мүшесі бар. Айта кетейік, келмеске кеткен сонау КСРО тұсында Германия- Варшава келісіміндегі мемлекеттер – Польша, Венгрия, Чехословакия, Югословакия, Румыния, Моңғолия және басқа елдерде Отан алдындағы борышын өтеген қазақстандықтар осы қоғамдық бірлестіктің құрамына кіреді.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1945 жылы 10 маусымнан бастап Германия Демократиялық Республикасының аумағында Кеңес Одағының Басқыншылық әскери күштерінің тобы өз қызметін атқара бастайды. Оның бірінші Бас қолбасшысы боп Кеңес Одағының Маршалы Георгий Жуков тағайындалады. Бұл топтың алдында басып алған аймақты басқару және оны бейбіт өмірге қайтару міндеті тұрды. Сонымен қатар КСРО-ның батыс шекарасын сыртқы қауіп-қатерден қорғау және кез келген жаудың соққысына төтеп беру басты миссия болды. Жалпы топ құрылған кезде Кеңес әскерінің тобында 1,5 миллион адам болған. Офицерлер, прапорщиктер, әскери міндеттілер, азаматтық қызметкерлер мен әскерге шақырылғандар ГДР маркасында жалақы алған. 1954 жылы оккупациялық функциялар жойылғаннан кейін Германиядағы Кеңес Одағы әскерлерінің тобы осы жылдың 24 наурызынан бастап Германиядағы Кеңес әскерлерінің тобы (ГКӘТ) болып өзгертіледі. Ал 1989 жылы 1 шілдеде Германиядағы Кеңес әскерінің тобы – Әскердің Батыс тобы (ӘБТ) болып өзгертілді. Дәл осы жылы Михаил Горбачев Германиядан әскери құрамаларды шығару туралы шешім қабылдайды. Оның мұндай шешім қабылдауына канцлер Гермут Кольдің КСРО-ға сапары түрткі болған.

Бүгінде «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарты әскерінің тобы» Ардагерлері» республикалық бірлестігі боп атауы өзгерген бірлестіктің өңірдегі төрағасы Сабыралы Қыдыралиевтің айтуынша, қоғамдық бірлестікті құрудағы басты мақсат – кейінгі, орта және алдыңғы толқын буындарының сабақтастығын жалғастыру әрі жастарды Отанды сүюге тәрбиелеу. Сонымен қатар әр жылдың 23 ақпан, 9 мамыр, 10 маусым және 7 қараша күндерін атап өту сондай-ақ, «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы, Әскердің Батыс тобының», «Варшава келісімшарты әскерінің тобының» мерекелік және қоғамдық медальдарын, естелік сыйлықтарын тапсыруды дәстүрге айналдыру.

Қоғамдық бірлестікті құрғандағы негізгі мақсатымыз – өскелең ұрпақ алдында ұлттық рух пен патриотизмді әрі ерліктің ерен үлгісін көрсеткен ата-бабаларымыздың, оның ішінде интернационалист жауынгерлердің жүріп өткен жолдарын насихаттау сондай-ақ жастардың Қарулы Күштер қатарында борышын өтеуге деген ынтасын арттыру болып табылады. Биыл Германиядағы Кеңес әскерлері тобының тарағанына 28 жыл толғалы отыр. Өз уақтысында интернационалист-жауынгер ретінде Отанын қорғау жолында қызмет еткен азаматтар ГКӘТ-тің құрылған күнін өздерінің төл мерекелері ретінде санайды. Сондықтан біз әр жылдың айтулы күндерінде өзара кездесулер, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырып отыруды үрдіске айналдыруды мақсат тұтып отырмыз. Себебі біздің бірлестіктің құрамындағы ардагерлеріміздің арасында сол кездегі әскер құрамының барлық саласында әскери борыштарын өтеген азаматтарымыз бар. Олардың әрқайсысын көтермелеп, елеп-ескеріп отыру бірлестіктің басты міндеті, – дейді С.Қыдыралиев.

Ардагер жауынгер келешекте бірлестік мүшелері құзырлы мемлекеттік органдармен, кәсіпорындармен бірлесе жұмыс атқаруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл жөнінде ел Президентінің, Президент Әкімшілігінің сонымен қатар облыс, аудан әкімдерінің атына арнайы хаттар да жолдаған екен. Ендеше, уақытында Германияда өздерінің әскери интернационалдық борыштарын өтеген азаматтарымыз топтасқан қоғамдық бірлестікке мемлекет тарапынан қолдау болады деген сенімдеміз. Себебі бабалар ерлігін насихаттау тұтас қоғамның міндеті емес пе?!

Бұл мәселе бойынша Сабыр Қыдыралиевке (87479696361) хабарласуға болады.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support