- Advertisement -

ЖҮРЕГІНЕ БАР ЖАҚСЫЛЫҚТЫ СЫЙДЫРҒАН ЖАН ЕДІ

44

- Advertisement -

Талай ошақтың отын өшіріп, миллиондаған жүректерге жазылмас жара салған Жеңіс күні қарсаңында
кешегі соғыс қасіреті қанша жылдар өтсе де ұмытылмақ емес. Қазақ даласында сол сұрапыл соғыстың өрті шарпымаған шаңырақ кемде-кем десек қателеспейміз. Майдан шебінде толарсақтан саз кешкен жауынгерлердің ішінде елге аман-сау оралғаны да, жарымжан болып жараланғаны да, тіпті бозым бозбала шағында ажал құшып, туған жерден топырақ бұйырмағандар да көп болды. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей, сол от пен оқтың ортасынан аман қайтқандар әр ауылға өнеге шашып, тағылым таратып отырушы еді. Сол жүздерінде жылылық пен мейірім тұнған, белуардан қан кешсе де жүректері қатаймаған аяулы да ардақты ардагерлер қазір мүлдем азайып барады. Бүгінгі әңгімеміз Талас ауданы, Үшарал ауылына қарасты Қайыр елді мекенінде (жергілікті жұрт №4 ферма атап кеткен) саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған, қарт майдангер, Тараз төріндегі ардагерлер ескерткішінде есімі жазулы Қойлыбай Тезекбаев жайында болмақ.

Қойлыбай Тезекбайұлы 1922 жылы Кеңес өкіметі орнап, ақтар қашып, қызылдар қуған қым-қиғыш заманда Үшарал өңірінде дүниеге келген. Көнекөздердің айтуынша, 1931-32 жылдардағы ашаршылық нәубетте төменгі Талас бойын жайлаған Тұмар таңбалы ағайындар шекара асып, шет қонып Тәжікстанның Сталинабад облысы, Қорған-Төбе ауданына барып бір-ақ тұрақтайды. Қойлыбай атамыз 1941 жылы 19 жасында Отан қорғауға сол Қорған-Төбе ауданынан аттанады.

Санкт-Петербург (бұрынғы Ленинград) маңында фашистерге қарсы ұрыстарға қатысқан ол үнемі алдыңғы шепте жүреді. Барлаушы болып, небір қатерлі шақтарда қиыннан жол тауып, Отан үшін отқа түсті. Сол табандылығы мен ержүректілігі үшін түрлі деңгейдегі марапаттарға да ие болды. Соғыс қайдан жеңіл болсын?! Қадам басқан сайын қан майданда ажал құшып жатқан адамдарды көрді. Адамдар болғанда кеше ғана аз уақыт сырласқан, қазір ғана бірге ас ішкен қарулас достары қайтпас сапарға аттанып жатты. Себебі барлаушылар өмірінде байқамай минаны басып кеткендей қауіпті сәттер көп болады. 1944 жылғы сондай, сұрапыл шайқастың бірінде Қойлыбай Тезекбаев ауыр жараланады. Оқ тамағын орып өткен екен. Ол жағдай айтуға ғана жеңіл жеткізіліп, емделеді. Госпитальдағы емнен кейін одан әрі майдан даласында қалуға дәрігерлер рұқсат бермей, Қойлыбай елге қайтарылады. Сол кездегі Қойлыбаймен боздап келіп, жылап көріскен ауыл жұртының жағдайы жүрегіңді тіліп өткендей еді. Қара қағаз қарша жауған сол жылдары жесір аналар: «Менің жолдасымды көрдің бе?», «Біздің үйдің отағасы көзіңе түспеді ме?» дегендей ауыр сұрақтар қойып, жанын қинаған. Бір қарт ана: «Балам майданнан екі қолы, екі аяғы жоқ болып келсе де, көзіме көрінсе екен. Өзім көтеріп жүріп бағар едім» деп боздағанда, боз дала теңселіп кеткендей еді. Қойлыбай сол кісілердің бәріне: «Ол азаматтардың бәрі де дін-аман. Майдан даласында Отанды қорғап жүр. Бұйыртса, барлығы да жеңіспен, елге аман-сау оралады», деп жұбатты. Ол кездің дәтке қуат болар сөзі осы еді. Қан көрген қайран майдангер өзі сенбесе де елді еріксіз сендіруге мәжбүр болды. Өйткені уақыт солай еді. Уақыт…

«Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс!», деп сыршыл ақын Сырбай Мәуленов жырлағандай, соғыс аяқталысымен Амудария асып, Тәжік жерінен уақытша тұрақ тапқан жұрт жусан иісі аңқыған Талас бойына қайта көшіп келді. Қойлыбай Тезекбаев та ауылға оралысымен еңбекке қызу араласты.

1945 жылы отау құрып, жас отбасының тірегіне айналды. Анау-мынау емес әйгілі ақын Жаңылдық Әйтімбетқызының жалғыз қызы Мәсен (азан шақырып қойған аты – Шахарбану) отауына бақыт құсы болып қонды. Айтыс тарихында Жаңылдық ақынның есімі Ұлбике Жанкелдіқызымен қатарлас айтылатынын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Міне, Қойлыекеңнің таңдауы сол Жаңылдық ақынның жалғыз қызына түскен ғой.

Осы тұста бірер дерек келтіре кетсек, Жаңылдықтың әкесі Әйтімбет өте бақуатты, бай кісі болған, үйір-үйір жылқысы мен қора-қора қойы Таластың бойына сыймай жатады екен. Кейін Қызыл өкімет орнағанда ауқатты байлардың қатарында малдары тәркіленіп, қудалауға түскен. Сол қиын-қыстау кезеңде Үшаралдан төмендеу Досбол ауылының маңайына бір сандық алтынын көміп кетіпті. Сол алтынды тауып аламыз деп іздегендер беріректе көп болыпты. Көлікпен де, арнайы аппараттармен де іздеген. Бірақ ешкім таппаған. Алтын деген көшпелі болады дейді ғой. Мүмкін, бір жағына көшіп кеткен болар.Әйтпесе, «Әйтімбет байдан ат басындай алтын қалған» деген сөз кәрі құлақ, ескі көз кісілер арасында әлі күнге айтылады.

Жаңылдық ақынның күйеуінің есім сойы – Шерім Базылбекұлы. Сүйегі Ошақтының ішіндегі Байлы руынан тарайды. Оның 1899 жылы туылып, 1942 жылы қан қасап соғыста хабарсыз кеткендігі ғана белгілі. Шерім мен Жаңылдықтан туған ер балалар көп шетінеп, осы жалғыз тал Мәсен қызы ғана тіл көзден аман боп өседі. Бірақ Жаңылдық қызы Мәсеннің ақын болуына қарсы болыпты. Тыйым салған. Кім біледі, сөздің серті ауыр ғой. Сөздің киесінен қорықты ма екен? Жаңылдықтың Рақымбай ақынмен айтысында «отырып қалған кәрі қызсың» деп тиіскен оған:

Кедейдің баққан малы семіз болар,

Әр туған балам менің егіз болар.

Қамымды жемей-ақ қой қарт, Рақымбай,

Төрт тусам екі-екіден сегіз болар, – ,деп ауызын аштырмай тастайтыны бар. Әйгілі Әйтімбет байдың қызы кейінірек осы сөзді артықтау айттым ба деп те өкінген деседі.

Жаңылдық өзі суырыпсалма ақын болып, той-жиындарда топ жарып, айтысқан ақындардың бәрін жеңеді. Жаңылдықтың Рақымбай, Қорақожа, Құдайберген ақындармен айтыстары біршама сақталған. Бұл жайында Мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиетші-ғалым Мырзатай Жолдасбековтің «Асыл арналар» атты еңбегінде егжей-тегжейлі айтылады.

Талас аудандық архивінде сақталған деректерде Қойлыбай Тезекбаевты 1946 жылы Абай атындағы сегізжылдық мектебінің география пәнінің ұстазы деп көрсетеді. Кейінірек 1956 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын сырттай бітіреді. 1962 жылы ҚССР Халық ағарту ісінің үздігі атағын алған.

Біз әңгімелеп отырған Қайыр елді мекенінде 1962 жылы Абай орталау мектебі ашылып, Қойлыбай Тезекбаев директор болып тағайындалады. Үш жылдай директор болған соң, қызметті кейінгі толқынға өткізіп, ұзақ жыл қатардағы мұғалім, мектеп директорының орынбасары болып еңбек етеді. Бертінде 1987 жылдарға дейін ұстаздық етіп, жалпы 40 жылдан астам уақыт мұғалім болып, жүздеген шәкірттердің санасына білім нәрін құйды. География және тарих пәндерінен сабақ берді. Мемлекеттік қызметтің майталманы Қаржаубай Кемелов, белгілі жазушы Жаңабек Шағатай бастаған елге белгілі азаматтар Қойлыбай ұстаздың алдынан білім-өнеге алып шыққан азаматтар. Бұл күнде Үшарал ауылдық округінің абыройлы әкімі болып отырған Рахымжан Айтуов та – Қойлыбай ұстаздың төл шәкірті.

Қойлыбай Тезекбаев майданда қатардағы жауынгер ретінде Отанға деген сүйіспеншілік, өршілдігімен танылған. Бір шабуылда «Ура» деп бас-көзге қарамай алға ұмтылып бара жатқанда жаудың оғы ауызынан кіріп кетіп, желкесінен бір-ақ шығады. Көрер жарығы бар екен, сондай қатерден аман қалған ғой. Кейінірек сол соғыстың көзіндей боп келген жауырынан екі оқ, балтырынан үш оқ алдырады. Сонда да кейбір оқ ұшқындары денесінде, өзімен бірге кеткені және бар. Сол азаптың бәрін көтеріп жүру қайдан жеңіл болсын. Қойлекең 70 жастан асқан шағында өмірден озды. Ал жары Мәсен апаны беріректе біздің де көзіміз көрді. Қолынан дәм де таттық. Тұңғыш немересі Айгүл мен Шырынбекті өзіне жақын тартып, асты-үстіне түсіп, шық жуытпай отырушы еді, жарықтық. 2005 жылдың тамыз айында келместің кемесіне мініп кете барды.

Қойлыбай ұстазы туралы шәкірті, жазушы, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Жаңабек Шағатай өз естелігінде: «Салтанатты жиын көп ұзамай-ақ басталды. Құрдасым Серікбек Қойлыбайұлы екеуміз біріміз кернейді, біріміз барабанды қолға алдық. Оқушылар қаққан қазықтай қимылсыз қатып тұр. Ресми істер орындалғаннан кейін мектеп директоры Боранқұл Қошмағанбетов (белгілі күйші-композитор) ағай сөз алды. Ол кісі ертең, 9 мамыр – Жеңіс күні екенін, дүниежүзі осы тойды тегіс тойлайтынын, бейбітшілік барлық адамға керек екенін айта келіп: – Балалар, біздің арамызда соғыс ардагері, сол сойқан соғыстан жараланып қайтқан Қойлыбай Тезекбаев ағайларың да бар. Енді сол кісіге сөз берелік, – деп өзі бірінші қол соққан. Қойлыбай ағай тамағын кернеп, шамалы қобалжып, біраз үн-түнсіз тұрып:

– Не айтарымды да білмей тұрмынСоғыс жаман нәрсе. Оның аты өшсін, бізге өз көзіңізбен көргендеріңізді айтсаңыз да жетеді, – деп өзгелерден жастау математик Жақсылық ағай дем беріп үлгерді. – Енді… былай айтқанда… Бірде шабуылға шықтық, – деді Қойлыбай ағай сөздерін санамалап айтып.

– Жаппай «уралап» келе жатқанымызда тура жағымнан оқ тиіп, ұшып түстім. «Апа-а!» деп айқайлаған сияқтымын. Жаның қиналса, адам апасын айтады екен. Ажалым жоқ көрінеді, қарсы ұшқан оқ тамағымды орып кетіпті. Мені аман қалдырған «Апа!» деген сөз шығар. Айтпақшы, балалар, «Ұр-ә» деген сөз де қазақтан шыққан.

–Міне, ағай шынайы педагог,балаларға қай сөздің қайдан шыққанын, төркінін түсіндіріп үлгерді, – деп қалжыңдап үлгерді Жақсылық ағай. Ұстаздар мен қонаққа келгендер ду күліскен. Беу, киномеханик, қоңыр ауылда менің ес көретін көкелерім көп еді: әрбіреуін жыр етіп, ерекше қылықтарын осындайда еске алсам несі айып?!

Қойлыбай ағайдың ауыл тұрғындарына жасаған тағы бір жанашырлығы естен кетпейді. «Қыз Жібек» фильмінің жаңа шыққан кезі. Әпсемет механик бірде ауданнан сол фильмді аз уақытқа сұрап алып келді. Киноға ауылдың бәрі тайлы-тұяғымен түгел жиналған. «Қыз Жібек» шынымен сойқан кино екен. Қыз-жеңгейлер орамалының ұшымен білдіртпей көзін сүртсе, ақ жаулықты әжейлер Бекежанды қарғап-сіледі.

Киноға кіре алмай қалғандар да толып жүр. Нәйеті 20 тиынын қимағандықтан емес, шағын клубқа сыймағандықтан. Тар клубтың екі терезесінен сығалап, опыра жаздағандарда не жазық бар. Ауылда жиі көрсетілетін үнді фильмдерінен мезі болған жұртшылық жаңа, тың кино көргісі келетін шығар.

Ертесіне азаннан клуб жаққа бет алдым. Кешегі кино естен кетпейді. Өзім құралыптас талай бала клубты әлі торуылдап жүр екен. Көбісі әлденеге үміттенетін сияқты. Олар «Қыз Жібекті» қайта көргісі келетіндер мен кеше көре алмай қалған шерменделер.

Көкшіл машинаны көлденеңдетіп қойған Әпсемет көкем аузы ашық будкаға сан түрлі фильмдерді тоғытып жатыр. Қош бол, «Қыз Жібек»!

–  Ә-ә, Қойлыеке, бақуатсыз ба?Ертелетіп жүр екенсіз? – деп амандасты.

– Өзіңе арнайы келдім, Әпсемет! Жақсы кино әкеліпсің, оған үлкен рақмет. Бірақ ауылдың жартысы осы киноны көре алмай арманда қалған сияқты. Жұртшылық түгелдей көріп.алсын, киноңды бүгін қайта көрсет. Мына көздері жәутеңдеген балалар да түп-түгел көріп алсын.

– Қойлыеке, буынсыз жерден пышақ салып тұрсыз. Ауданға түске дейін жеткізіп беремін деп сөз бергенмін. Болмайды ғой.

– Әй, Әпсемет, ауданыңды өрт ала қоймайтын шығар. Екі-үш сағатқа кешіктірсең. Олар да түсінетін шығар. Осындағы соғыс көрген ардагерлер босатпай қойды дейсің де.

– Қойлыеке, ақшасын қалай төлеймін? Менің де бала-шағам бар.

– Мен бар емеспін бе?! Осы балалардың бәріне мен төлеймін.

Сол күні «Қыз Жібекті» екінші рет армансыз тамашаладым. Тамсанып қарадым.

Кино аяқталған соң Қойлыбай ағай мектепке қарай баяу аяңдап бара жатты. Дембелше, орта бойлы ағай, әп-сәтте бұрынғыдан әлдеқайда еңселеніп, тым биіктеп кеткендей көрінді. Иә, сен де, мен де пендеміз. Өткен күнді енді қайтара алмаймыз. Бірақ қарапайым адамдардың ойда жоқта тым биіктеп сала беретіні қалай?! Бұның қандай сыры бар екен?» – деп сағынышпен еске алады.

Әкесі Тезекбайдан Ағыбай, Тойлыбай, Қойлыбай деген үйелмелі-сүйелмелі үш ұл тарайды. «Адам баласы ұрпағымен мың жасайды» дейді ғой, Қойлыбайдан тараған ұрпаққа тоқталсақ, Қойлыбай ардагердің 1946 жылғы Сәрсенкүл атты қызынан 7 ұл-қыз бар. 1948 жылы туылған Сәрсенбектен 4 қыз, 2 ұл өсіп-өнген. Ұлдың үлкені Шырынбек Қойлыбаевтың елімізге танымал айтыс ақыны, филология ғылымдарының кандидаты екенін көкірек көзі ояу көпшілік жақсы біледі. Жастайынан шоқ тілді Шорабек Айдаровтың шәкірті болып қазақтың айтыс өнеріне өзіндік әуенмен келген Шырынбектің Жамбыл облыстық оқушылар айтысының, екі мәрте облыстық айтыстың бас жүлдегері атанғанын, Тараз қаласының 2000 жылдығына арналған халықаралық айтыстың Гран-При бас жүлдесін жеңіп алғанын айрықша айта кеткеніміз жөн болар. Қазақ айтысына құбылыс болып келген Мұхамеджан Тазабековтің талай жылғы жан серігі – өз домбырасын Шырынбекке сыйлауы да тегіннен тегін болмаса керек. Бүгінде айтыс өнеріне ат қосып жүрген белгілі ақындар – қарағандылық Дидар Қамиев, оңтүстікқазақстандық Біржан Байтуов, қызылордалық Ержеңіс Әбдиевтердің Шырынбектің әуенімен сахнаға шыққанда көзімізге оттай басылып, ішіміз жылып сала беретіні де жасырын емес.

Ал Сәрсенбек Тезекбаев кезінде Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Рахыжан Ерсейтовтің көзіне түсіп, орысшадан аудармаға өте жетіктігімен, сауаттылығымен танылған. Кейіннен «Шолақтау» кеңшарында (қазіргі Тамды ауылы) ұзақ жыл партия комитетінің хатшысы, ауылдық кеңестің хатшысы болып еңбек еткен. Бұл әулетті «Ұстаздар әулеті» десек те болады, Шырынбектің бауырлары Айгүл, Сандуғаш, Қуаныш, Алтынай бәрі де ұстаздық жолды таңдап, білім саласында тер төгіп жүр. Аналары Оразкүл де осындай сыйлы әулетке келін болғанына шүкіршілік етеді. 1953 жылғы Бейсенкүл де үш ұл-қыздың анасы. Одан кейінгі Жолдасбек ұзақ жыл көлік саласында қызмет етті. Бүгінде төрт ұл-қызынан немере сүйіп, бейнетінің зейнетін көріп отыр.

Қойлыбай ұстаздың нағыз жолын қуған ұлы – Серікбек. Ол жұбайы Әзиза екеуі 5 ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Серікбек жоғары оқу орнын әкесі секілді география пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Жұбайы Әзиза да – географ мұғалім. Екеуі жоғары оқу орнын Жезқазғанда бітіргенмен, Үшаралдың алақандай Қайыр елді мекенінде ұзақ жыл ұстаз болды. Серікбек Тезекбаев 1997 жылы Таразға қоныс аударып, қала іргесіндегі Байзақ ауданы, Құмжота ауылындағы Ы.Алтынсарин орта мектебінде үш жыл география пәнінің мұғалімі болып, 2000 жылдан қазіргі күнге дейін мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары болып абыройлы еңбек етіп келеді. Жұбайы Әзиза Бурыл ауылындағы орта мектепте ұстаз. Ұл-қыздары да өмірден өз орындарын тапқан. Бір қызы Нұргүл филолог мұғалім, «Жасын» атты жыр жинағының авторы. Секеңнің баласы Берік әскери салада қызмет етеді. Серікбектің кіші бауырлары Көшербек пен келіні Ділдадан үш ұл-қыз, Шекербек пен келіні Ақмаралдан үш ұл-қыз тарайды. Қарт майдангер Қойлыбай ата ұрпақтары осылайша қара ормандай көркейіп, өсіп-өнуде.

«Жақсының аты өшпейді, ғалымның хаты өшпейді» дегендей Қойлыбай Тезекбаев жайлы ауылдастары да толғана сыр шертеді. Атап айтқанда, еңбек ардагері, Қойлыекеңнің шәкірті, Үшарал ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыдыралы Жүсіпов: «Қойлыбай Тезекбайұлын бала күнімнен білемін, ес білгеннен танимын. Қайыр елді мекенінде өмір бойы мұғалім болды. Абай орталау мектебі іріленіп қайта ашылғанда мектеп директоры болып қызмет істеді. Қойлыбай ағай бастауыш сыныпта бізге сабақ берді. 1959 жылдан 1961 жылға дейін мұғаліміміз әрі сынып жетекшіміз болды. Сол орталау мектептің ашылуына себепкер болып, негізін қалаған – Қойлыбай Тезекбаев. Бір аяғының аздаған кемістігі бар еді. Бірақ аса біліне қоймайтын. Соғыста минаның жарықшағы тиген деп айтатын. Ол аяулы әке, ардақты ұстаз, ауылдың қадірлі ақсақалы болды. Ерінбей-жалықпай әр балаға сабақты түсіндіруі, ұлағатты ұстаз болғаны да – таусылмас тағылым ғой», деп еске алады. Ал Үшарал ауылының тағы бір сыйлы қариясы Орынбасар Айтуов: «Адастырмай жол сілтеген ағамдай болған Қойлыбай Тезекбаевты өте жақсы білеміз. Ол кісінің майданда болып, Отан қорғағаны – жас ұрпаққа үлгі, өнеге. Оның ұстаз бола жүріп, жүздеген жас ұрпақты отаншылдыққа, ізгілік пен адалдыққа баулығаны – өте ұлағатты іс. Қойлыбайдың майдангер болуы да шәкірттеріне оң әсер етті. Ауыл ғана емес, аудан көлемінде Қойлыекеңді ел тегіс сыйлап, құрметтеді», дейді.

Отан қорғаушылар күні қарсаңында жеңіс күнін жақындатқан Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз, Білім беру ісінің үздігі – Қойлыбай Тезекбаевқа Үшарал ауылындағы Абай орталау мектебінен арнайы сынып берілмекші. Көзі тірі болғанда Қойлыбай Тезекбаев биыл 100 жасқа толатын еді. Сол сыныпты Қойлыбайдың ұл-қыздары мен ұрпақтары жасақтап, жабдықтап, 8 мамыр күні салтанатты түрде ашылуын жоспарлап отыр. Сол жиынға Қойлыбай Тезекбаевтың барлық ұрпақтары жиналып, игілікті іс-шара өткізбекші. Спорттық ойындар ұйымдастырылып, көкпар тартылмақшы. Салтанатты жиыннан соң дастарқан жайылып, майдангер ұстаздың рухына арналып Құран оқылады.

Майдангер атындағы сыныптың ашылуы ауыл халқының үлкен олжасы. Сол сыныптың жаңа парталарында отырып, заманауи құралдарды пайдалана отырып, жүздеген жас ұрпақ білім алатын болады. Бұл да майдангер Қойлыбай Тезекбаевтың ұстаздық жолы, арман аңсары жалғасып жатыр деген сөз. Ұрпақтары жасаған ізгі істер, жаңа ашылған сыныптағы игі істердің сауаптары Қойлыбай Тезекбайұлына бағышталып, пейіште нұры шалқысын деген тілегіміз бар. Ал оның тамыр тартып, жапырық жайған ұрпақтары да тек адал жолмен қоғамға қызмет ете беретіні анық.

Майданда патриоттықпен ел қорғаған, бейбіт күнде ұлағатты ұстаз болып, жүздеген түлектердің жүрегіне білім шырағын жаққан Қойлыбай Тезекбаевтың да арманы осы болса керек. Бүгінде Үшарал өңірінде Қойлыбай есімі құрметпен аталады. Оның ұлағатты істерін айтып, есіне алып жүретіндер өте көп.

Ол жүрегіне бүкіл жақсылықты сыйдырған жан еді. Алланың рахымына бөлене бергей!

 

 

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support