- Advertisement -

Әкемді әркез мақтан тұтамын

314

- Advertisement -

Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына – 77 жыл. Ананы жесір, баланы жетім еткен осы сұм соғысқа басқа да ауылдастарымен бірге Отанын жаудан қорғау үшін менің әкем де қатысқан еді. Әкем Исабекұлы Әміреқұл 1922 жылы қазіргі Қылышбай ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ашаршылық жылдарымен қатар келгендіктен, өмірдің қатал тәртібіне бойұсына өскен жас жігіт Новотройцк ауылында (Шу ауданы) 7 жылдық мектепті бітірді. Содан соң туған жеріне келіп, колхозда жұмысшы, есепшіге көмекші, кейін аудандық оқу бөлімінің тапсырмасымен жаппай сауатсыздықты жоюға мұғалім ретінде қатысып, ауылдағы жасы есейіп кеткен кісілердің сауатын ашуға (ішінде өзінің анасы да, жеңгелері де болған) араласып, талай адамдардың көзін ашады.

1941 жылы мамыр айында Шу ауданы әскери комиссариаты арқылы әскери міндетін өтеуге шақырылады. Жаттығу жиындарында жүргенде соғыс өрті лап ете қалады да, алғашқылардың бірі болып, миномет расчетының командирі ретінде майданға аттанды.

1942 жылдары Смоленск облысы Ржев қаласын қорғау кезінде жеңіл жарақат алады. 1944 жылы Белоруссия жеріндегі айқаста ауыр жарақат алып, Мәскеу түбіндегі госпитальда 3 ай емделіп, жазылып шыққан соң, Мәскеу түбінде №96 резервтегі атқыштар бригадасы құрамында нұсқаушы, взвод командирі болды. Сол жерде жүргенде мамыр айында соғыс аяқталады.

«Бірнеше мәрте коммунист ретінде, саяси штабқа өтініш айтып барғаныммен алдыңғы шепке жібермей, жас жауынгерлерді тәрбиелеуге де соғыс отын көрген командирлер керек деп штаб бастығы өтініштерімді аяқсыз қалдырды, – деп еске алушы еді қарт жауынгер.

1942 жылы «За боевые заслуги» медалімен, 1944 жылы «3-ші дәрежелі Данқ» орденімен, 1945 жылы «1941- 1945 жылдардағы соғыста фашистік Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталады. Бұлардан басқа бейбіт өмірде әртүрлі деңгейдегі марапаттар, мерекелік медальдарға ие болды.

Атақты 2-гвардиялық Тамань дивизиясы құрамында, Мәскеудегі Ұлы Жеңіс шеруіне қатысқандығын жиі еске алып отыратын. 1946 жылы жазда, әскери міндеттерін абыроймен атқарып, туған ауылына оралады да, күзде ауылдағы мектепке дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәнінің мүғалімі ретінде ұстаздық жолын бастап кетеді. Жұмысын атқара жүріп, Абай атындағы педагогикалық училищесін үздік бітіріп, бастауыш сынып мұғалімі, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқып, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып еңбек жолын жалғастырады.

Белсенді коммунист ретінде бірнеше жылдар бойы колхоздың бөлімшесінде цехтық партия ұйымына жетекшілік етсе, кейінірек мектептің бастауыш партия ұйымына басшылық жасайды. Сол жылдары бірге қызметтес болған әріптестері Кәдірімбетов Оралы, Жөкенов Боранбай, Ахметова Жәмилә, Исмайлов Шермахан, Тілемісов Тастан, Сәкиев Сәлдебек, Ибраев Қоспан, Қайыржанов Салих, Нұртаев Бейісбай, Көшкінбаев Өсербектермен бірге абыроймен ұстаздық қызметті атқарды. Шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие бере білді. Олардың жеткен жетістіктеріне балаша қуанып отыратын.

Карл Маркс мектебіндегі кейіннен бірге қызметтес болған Әміреқұлов Шора, Әбдіраманов Исатай, Мырзахметов Пешетбай, Бектаев Арыстан, Баялиев Арғынбай, Мұсабеков Есенкелді, Дүйсебаев Болат, Қуандықов Рыстайлармен, ұзақ жылдардағы ұстаздық кезіндегі үздік оқушыларымен, ғылым кандидаттары Құлыпбаев Серік, Күреңкеев Тұрдалы, Алдабергенов Сланбек, Кездікбаев Тілеужан, ғылым докторы Көпсекбай Төлебаев, партия, кеңес, шаруашылықтар басшысы қызметін абыроймен атқарған шәкірттері Кемелқұлов Жиенқұл, Ермеков Нұрғазы, Еркебаев Күлдіманас, Әміреқұлов Шотай, Сейдалиев Мұрат, Іңкәрбеков Құдайберген, Мансұров Убайдаш, Тілекеев Абылайлардың жеткен жетістіктеріне мақтанып, «бұған менің де қосқан үлесім бар», – деп отырушы еді.

1967 жылы ақпан айында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, құрдасы Айтбай Назарбеков шақырып, ол кездері шалғай ауыл саналатын Ұланбел ауылындағы ауылдық кеңес атқару комитеті төрағалығына ұсынғанда келісімін беріп, 1976 жылға дейін осы қызметті абыроймен атқарды. Сол жылдары Балғынбай Әбдіқадыров, Балықбай Тоқбаев, Байділда Кемалов, Боранқұл Арғынбаев, Деревянко Иван Павлович, Айдарбеков, Әкім Райымқұлов, Мария Ипбергенова, Әбілқасым Тоқсанбаев, Сатыбалды Қожабеков, Мұқатай Мекеев, Серікбай Жақсымбетов, Ермекбай Ахметбеков, Нұржамал Туғанбаева, Әуесхан Мырзаханов, Ерболат Әліпбеков, Одабай Елубаевтармен бірге қызмет атқарғандарын бала болсақ та жақсы білеміз. 1976-1978 жылдары Ы.Алтынсарин мектебінде, 1979- 1982 жылдары Карл Маркс мектебінде ұстаздық жолын жалғастырып, үлкен абыроймен зейнетке шықты.

«Балам, сендер керемет жақсы кезеңдерде өмір сүріп жатырсыңдар. Әлемде тыныштық, киім көп, қарын тоқ, сондықтан осыны пайдаланып оқуды жақсы оқуларың керек, Отанға адал қызмет ететін азамат болып өсулерің қажет. Менің балалық шағым ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келіп, әке-шешемнің отбасындағы 12 баладан, Алланың маған берген сыйы шығар, жалғыз өзім ғана тірі қалдым. Қиыншылықпен жүріп, енді жігіт болған шағымда Ұлы Отан соғысына қатысып, екі мәрте жарақат алып, елге аман-есен оралдым.

Үйдегі кішкентай Пойызкүл (10 жаста) мен Қаржаукүлге (3 жаста) әкем қарап еді. Мен майданда жүргенде анам Айнықша 1944 жылы ауыр науқастан дүниеден өтіп кетті. Яғни, балалық шақтың да, жігіттік кездің де қызығын көре алмадым. Мені соғыс уақытымнан бұрын есейтіп жіберді ғой», – деп отыратын әкем, жарықтық.

Әкем тірі болғанда биыл 100 жасқа толатын еді. 1984 жылы қаңтар айында өмірден өтті. Әкеміздің дүниеден ертерек өтуіне соғыс салған зардап та, ашаршылық жылдарындағы қиыншылықтар да әсер етті-ау дейміз кейде. Алайда қаншама жылдар өтсе де ұлағатты ұстаз, мейірімді жан, аяулы әкеміз біздің жүрегімізде мәңгілікке орын алды.

Әкем анамыз Саракүл Рахметілдақызымен 1952 жылы отбасын құрып, 11 перзенттің әкесі атанды. Екеуі тәрбиелеген ұл-қыздарының бәріне жоғары білім алып беріп, үлкен өмірге жолдама сыйлады. Бүгінде олардың барлығы өз алдарына отбасын құрып, отау тіккен. Олар еліміздің түкпір-түкпірінде мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жүр. Қара шаңырақта отырған 88 жасқа келген ардақты анамыз Саракүл бүгінде 11 ұл-қызынан 30 немере, 40 шөбере сүйіп отырған бақытты жан.

Бүгінгі күні әке жолын қуған қыздары Баян мен Бекзада ұзақ жылдар ұстаздық етіп, зейнетке шықты, екеуі де Ы.Алтынсарин медалінің иегерлері. Күміскүл мәдениет саласының ардагері, зейнеткер болса да, кәсіпкерлікпен айналысуда. Шәймерден кеңестік кезеңде аудандық комсомол ұйымына жетекшілік етті, қазір құрылыс саласының білгір маманы. Шәкір – Мойынқұм ауданындағы алғашқы кәсіпкерлердің бірі, ел арасында сыйлы азамат еді. Ауған соғысына қатысқан жауынгер, сол соғыс зардабынан жастай дүниеден өтіп кеткендігі өзегімізді өртейді.

Ғазиза білім саласында есеп қызметкері болса, Әзиза – Алматы қаласында үлкен кәсіпкер. Бәкір – «Үркер» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты, аудан, облыс көлеміне танымал, белгілі меценат. Әбдікерім Алматы қаласында, медицина саласында үлкен кәсіп иесі, кенжеміз Лиза да Алматы қаласында, үлкен компанияда қаржы маманы болып жұмыс атқарады.

Өзім ауданда түрлі қызметтерді атқардым, соңғы 15 жылда Мойынқұм аудандық мәслихатының хатшысы қызметін абыроймен атқарып, зейнетке шықтым. Зейнетте болсам да аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде ауданымыздың өсіп-өркендеуіне, экономикасының қарыштап дамуына әлі де болса күш-қайратым барда үлесімді қоса беру үшін еңбек етудемін. 9 мамыр – ел басына күн туып, етігімен су кешкен жылдары еліне қорған болған майдангерлерімізді еске алатын ерекше күн. Майдангерлер ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, ел ертеңі үшін ажалмен бірнеше рет бетпе-бет келсе де мойымады. Отан үшін отқа түсіп, кеуделерін отқа тосқан батырларымыз ешуақытта ұмытылмайды. Ал сондай батыр бабаларымыздың ортасында менің әкем Әміреқұл Исабекұлының болғанын әркез мақтан етемін.

Шахикерім ИСАБЕКОВ,

аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы,

Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support