- Advertisement -

Нұрлы жол

19

- Advertisement -

Шу ауданындағы Төле би ауылының тумасы, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Қалмаханбет Данияров тірі болғанда биыл 100 ЖАСҚА толатын еді. «Адам ұрпағымен мың жасайды», «Орнында бар оңалар» деп халқымыз текке айтпаса керек. Жыл сайын Жеңіс күні оның жан-жақта жүрген балалары мен келіндері, күйеу балалары мен қыздары және немерелері мен шөберелері қара шаңыраққа түгел жиналатын игі дәстүр бар. Олар бұл күні бір-бірін сағыныса көрісіп, мәре-сәре болады. Өмірден өткен ата-анасы Қалмаханбет ақсақал мен Зейнеп апайдың рухына құран бағыштайды. Майдангердің ғибратты әңгімелерін еске түсіреді.

Ұл-қыздары жасөспірімдерге аталарының майданда жүріп өткен жолдары, жасаған ерліктері туралы естеліктерді бір-бірімен жарысып айтады. Төрт жыл қанды қырғынның ортасында жүріп, оқ пен оттың арасынан аман келген Қалмаханбет ақсақал бейбіт еңбекте де адал қызмет етті. Еліне елеулі еңбек сіңірді.

Бұл дүниеден 87 жасында өткен Қалмаханбет ақсақал соғыс туралы сөз қозғалса, әңгімесін «Қырық жыл қырғын болса да ажалың жетпесе өлмейсің» деген рас екен деп бастайтын. Майдангер ол кездегі көңілсіз көріністерді есіне жиі түсіргісі келмейтін. Жалындаған жастық шағындағы қанқасап қырғынды көз алдына елестетсе, көңілі құлазып, жүрегі сыздайтын. Қ.Данияров Ұлы Отан соғысы нағыз қызған 1941 жылдың 8 желтоқсаны күні Қызыл Армияның қатарына шақырылады. 1942 жылдың ақпан айына дейін Жамбыл облысында құрылған 105-ші ұлттық атты әскер дивизиясының сапында, қазіргі Ресей Федерациясының Иванова облысындағы Горький қаласының маңында әскери дайындықтан өтеді. Командирлер оның алғырлығы мен зеректігін ескеріп, жас жауынгерді Ставканың резервіндегі 4 — ші  құрамындағы 152-ші гвардиялық танкіге қарсы жойғыш полктің 122 милиметрлік гаубица дивизонына жібереді.

Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында Жоғары Бас қолбасшының аталған әскери құраманы ұдайы соғыс тағдыры шешілетін шешуші учаскелердегі ұрыс қимылдарына бағыттап отырғаны жазылады.Сол үшін корпус 1944 жылы «Қызыл Ту», екінші дәрежелі Суворов және Ленин ордендерімен марапатталды. Ал 1945 жылдың 17 мамырында Берлинде болған ұрыстардың жемісті аяқталғанына қосқан үлесі үшін құрама екінші дәрежелі Кутузов орденімен марапатталды. Ұлы Отан соғысы тарихына атауы алтын әріппен жазылған даңқты атты әскер корпусының танкіге қарсы жойғыш полкі гаубица дивизионының барлау бөлімшесінің барлаушысы, гвардия аға сержанты Қалмаханбет Данияров та Сталинград маңында жауды талқандауға, Қырымды, Одессаны және Қара теңіз жағалауындағы өзге қалаларды, сондай-ақ Праганы, Венгрияны, Польшаны және Германияның бірқатар қалаларын азат етуге қатысады.

Қалмаханбет жаратылысынан сабырлы әрі ұстамды азамат болатын. Оның үстіне періштесі қаға ма, бетпе-бет келген талай ажалдан аман қалды. Соғыс – адамдарды алапат, жантүршігерлік қайғы-қасіретке душар ететін апат. Ұлы Отан соғысы кезінде қаншама пенде оқ пен отпен қатар аштан өлді десеңізші… Барлаушы да өзге жауынгерлер сияқты кейде бірнеше күн нәр сызбай, көзі қарауытып, ішегі шұрылдап жүреді. Украинаны азат ету кезінде болған мына бір оқиғаны ол отбасына тәптіштеп айтып беруден жалықпайтын. Ірі елді мекенді жаудан тазарту үшін қиян-кескі ұрыс болды. Немістерді тықсырып, көшелерді аралап келе жатқан жауынгерлер бір үйде тағамға толы жайылған дастарқанды көрді. Бірнеше күннен бері аш сарбаздар оны жеуге таласа-тармаса бас қойды. Қалекең де көппен бірге әуелі ас атасы – нанға қол созған. Алайда дәл осы сәтте оның ойына: «Батпан құйрық, айдалада неғып жатқан құйрық?» деген ой сап ете қалды. Нанды орнына қойып, қолын сумен шайып келсе, майдандастары бірінен кейін бірі ауыздары көпіріп, сілекейлері сорғалап, қисайып, құлап жатыр. Фашистер кезінде осылай асқа у қосып, талай жанды о дүниеге аттандырған болатын. Жауынгерлер Кубандағы бір хуторды жаудан азат ету кезінде де дастарқан толы тағамды кездестірді. Қалекеңнің тыйым салуымен талай сарбаз тірі қалды.

Соғыста болған үш жыл тоғыз айға жуық уақыттың 1248 күні мен түнін қауіп-қатермен өткізгенмен оның жадында төртінші Украина майданының сапында ені үш километрге дейін асау Днепр өзенінің төменгі сағасынан өту кезіндегі ұрыстар жадында берік сақталып қалыпты. Ұлы Отан соғысы барысында ерекше маңыз атқарған Мелитополь әскери операциясын жеңіспен аяқтап, қарсыластарды айтарлықтай шығынға ұшыратқан армия генералы Ф.И.Толбухин басқаратын төртінші Украина майданының құрамаларына 1943 жылдың қарашасында Никопольск бағытындағы теңдесі жоқ табиғи бекініс болып табылатын Днепрден өтіп, фашистер бекінген плацдармды талқандауға бұйрық берілді. Соған сәйкес, жойғыш артеллериялық полкі шабуылға шыққан әскери бөлімдердің бірінші легінің құрамында шағын қалашықтың тұсында түнделетіп өзеннен өтуі тиіс болатын. Ал ауыр салмақты гаубицалар мен оқ-дәрілерді қарша бораған жау өтінде тросты керіп жасаған көпір арқылы өзеннің екінші бетіне өткізу оңай емес. Тапсырманы орындау кезінде талай жауынгер оққа ұшты. Өзеннен өткен кеңес әскерлерін жойып жіберу үшін танктердің тасасымен қарсы шабуылға шыққан фашистермен жойқын ұрыс басталды.

Осы сұрапыл шайқастан қалай тірі қалғанына Қалмаханбет ақсақал талай таңғалып жүретін. Кескілескен ұрыста көп техника қирады, көп адам өлді. Кеңес әскері жанкештілік танытып, жауды шегінуге мәжбүр етті. Бұл кезде күн батып, қас қарайып қалған. Жауынгерлер енді дамыл алған кезде немістерге тың күш қосылды да Днепр өзеніндегі көпірдің тас-талқанын шығарып қиратты. Күші басым жау сарбаздарды шегіндіріп, асау өзенге қойдай тоғытты. Талай боздақтар таудай толқынмен арпалысып, қақпақыл болып ағып кете берді. Қалекең де осы жерде өмірмен іштей қоштасып қойған. Әйтсе де бұл өзенге түскен жер қираған көпірдің тұсы екен. Жаудан шегінген біраз жауынгер көпірдің бойына тартылған жуан сымтемірді жағалап, ажал аранынан әрең аман қалған еді. Днепр өзенінен өту кезінде көрсеткен ерлігі үшін аға сержант Қ.Данияров «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.

Қырымды азат ету кезінде Севастополь қаласының маңында барлау бөлімшесінің құрамында «тіл» әкелуге жау тылына өтіп, неміс әскерлері тобы штабында лауазымды қызмет атқаратын штурманфюрер шеніндегі офицерді дерегі мол құнды құжаттармен қолға түсіріп, өз бөліміне жеткізгені үшін «Ерлігі үшін» медалін өңіріне тақты. Бірінші Белорусь майданының құрамында жауға жойқын соққы берілген Берлин бағытындағы сұрапыл соғыстарда көрсеткен ерлігі үшін полк командирі, Кеңес Одағының Батыры Е.Костылевтың ұсынысымен екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды. Қарт майдангермен 2000 жылы сәуір айында «Ақ жол» газетінің редакциясында жолығып, әңгімелесудің сәті түскен еді. Қалекең сол кезде өзі емес, қасындағы майдандас жолдастары туралы көп әңгімеледі. Солардың бірі — бөлімшелес досы Бейсенбі Алатаев.

1943 жылдың желтоқсан айында Волков селосының маңында болған кескілескен ұрыста ауыр жараланған Бейсенбі Алатаевты өзгелер өлдіге санаса да бой бермей іздеп барып, жау қолына қалдырмай, палаткаға салып, сүйретіп, полкке шала-жансар күйде жеткізген болатын.

Жорық жолы табыстырған досы, Семей облысының Шұбартау ауданындағы Баршатас ауылының тумасы Мұқатай Әбеуілов туралы айтқанда оның жанарына жас үйірілді. Зеңбірек дивизионының нысана көздеушісі, ерлікпен қаза тапқан М.Әбеуіловке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. «Біз мұздай қаруланған, алғашқы кезде күші басым болған жауды осындай Отанын жан-тәнімен сүйген патриот азаматтардың арқасында жеңдік», деп әңгімесін тәмамдаған болатын. Міне, әлемде 70 миллионға жуық адамның өмірін жалмаған екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 77 жыл өтіпті. Ұрысты Берлин қаласынан 18 километр қашықтықтағы Одер өзенінің жағасында аяқтаған Қ.Данияров 1945 жылдың қыркүйек айында ғана әскер қатарынан босатылады. Туған жері – Шу өңіріне оралған соң Шу аудандық салық басқармасында аға инспектор болып қызмет атқарады. Кейін ұзақ жылдар бойы «Ақтөбе» кеңшарында бригадир, комендант болып жұмыс істейді. 1982 жылы зейнет демалысына шығады.

Зайыбы Зейнеппен бірге Ерғали, Жұмағали есімді ұлдары мен Ғалия, Ләйла, Гүлмира, Шарбану, Гүлдана атты қыздарын өсіріп, тәрбиелеп, олардың жоғары білім алып, өмірден өз орындарын табуға барын салды. Олардан ондаған немере-шөбере сүйген қария ағайынға сыйлы, еліне елеулі болды. Өңірі орден-медальға толы майдангерді Жеңіс күні қарсаңында ауданда алқалы жиындарға, мектептерге кездесулерге жиі шақыратын. Қалекең онда соғыстың адамзатқа алапат қасірет әкелетінін, сондықтан да әрдайым бейбіт күннің қадірін біліп жүру керектігін жалпақ жұртқа жар салудан жалықпайтын.

Ақылжан МАМЫТ

Аласармайтын асқар тау
(Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері
Қалмаханбет Данияровтың рухына)

Асыл әке, мына бес күн жалғанда
Сені қайта қауыштырар жол бар ма?
Аласармас асқар тау ең ардақты,
Рухың қазір биікте жүр таудан да.

Биік ұстап намыс, ұждан, арыңды,
Соғыс ұрлап отты жастық шағыңды.
Әрбір жаудан атылған оқ Отанға,
Өр кеудеңе орден болып тағылды.

Ақтық демі қалғанынша жер-көктен,
Адалдық пен әділдік деп серт еткен.
Елестетер сені ауылдың шаңы да,
Табанымен тікен теріп, тер төккен.

Мейірімің жібітетін тасты да,
Ер мінезің ерлікке ертер жасты да.
Қиындыққа мойымаған қасиетің,
Мойындатқан дұшпанды да, досты да.

Тағдыр лебі сары аяз ба, салқын ба,
Өзіңдей-ақ болып алсын әр тұлға.
Алынбайтын қамал едің, өзіңсіз
Қалқан ұстап қалғандаймыз артыңда.

Тіршілікте кімге мәңгі бұл уақыт?
Әке барда әрбір күнің шын бақыт.
Мұңын артқан майдан жайлы сөйлесе,
Бүкіл рухтар тебіренетін үн қатып.

Өзің еккен қос бұтақ, бес гүлің де
Жайқалса егер, тектілік бар түбінде.
Қорғаным деп сенім артқан ел-жұртың,
Батырым деп еске алады бүгінде.

Ғұмыр кешкен бұл жалғанға алданбай,
Әр әжімі тайғақ кешкен тар жолдай.
Тас та ауыр дейді түскен жеріне,
Біздің жүрек тау астында қалғандай…

Өнегелі өсиетіңе қайралып,
Күрсінеміз күнде өзіңді ойға алып.
Қаратаудай қарапайым қалпыңмен,
Өте шықтың сағынышқа айналып.

Өзің көрсет Жәннат жақта жол барын,
Рухың сонда асқақтасын заңғарым!
Еңсең биік ел ішінде, ешқашан
Орыныңды жоқтатпайды орманың!

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support