ЖЫЛҚЫБАЕВ БЕРГЕН УӘДЕСІНДЕ ТҰРДЫ

15

Тараз қаласында жүретін автобустар анағұрлым уақыт талабына сай келетін, сыйымдылығы жоғары жолаушылар көлігімен алмастырылуда. «CITY-BUS» ЖШС өткен жылы — 12, биылғы наурыз айында 10 автобусты «ӘулиеатаТрансПас» ЖШС-на жеткізіп берген еді. Қазіргі таңда ол автобустар Тараз қаласындағы №8 және №30-шы бағыттарда жолаушы тасымалымен айналысуда. Енді, міне осыдан бір жарым ай бұрын қала әкімі Ержан Жылқыбаев уәде еткен 20 автобус та паркке келді. 

– Бұл қоғамдық көліктер «ӘулиеатаТрансПас» ЖШС тиесілі. Серіктестік 1 мамырдан бастап бұл автобустарды №19-шы бағытқа қояды. Тұрғындарға уәде еткендей бұл қоғамдық көліктер 9 мамырдан бастап №19 бен №37-ші бағыттармен бірігіп, Шалғай Қарасу шағын ауданына қатынайтын жаңа бағыт іске қосылады, – дейді қала әкімі.

Жаңа автокөліктердің сыйымдылығы жоғары. «Yutong» маркалы автобустар заманауи әрі соңғы үлгіде құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда жолаушылар үшін бейнебақылау орнатылған, желдеткіш және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандустар да бар. Тағы бір ерекшелігі, бұл автобустар экологиялық талаптарға толық жауап береді, түтін мұржасынан бөлінетін улы газ тиісті нормадан төмен. Бір автобустың құны 38 миллион теңгені құрайды.

Автопарк өкілдерінің айтуынша, автобустың ішінде жазда салқындатқыш, қыста жылыту жүйелері жұмыс істейді. Әрбір автобуста 7 бейнебақылау камерасы, оның төртеуі сыртта, қалғаны салон ішінде орнатылған. Бұл өз кезегінде қалта ұрлығына тыйым болады деген сенім бар. «Автобус салонда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы орын да қаралған. Алдағы уақытта халықтың сұранысы бойынша тағы да осындай жаңа автобустар алып келетін боламыз», – дегенді жеткізді автопарк басшылығы.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.