- Advertisement -

Еңбек еткен – мұратқа жеткен

69

- Advertisement -

«Қамданған қапы қалмайды». Бұл сөздің парқын жер емген шаруалардан артық ешкім білмес. Өйткені жомарт деген Жер-Ана да ырзықты пенденің еткен бейнетіне қарай беретіні белгілі. Диқандар қауымының дала төсіндегі күйбең тірлігі жеңіл болмайтынын кеше Т.Рысқұлов ауданының шаруаларымен жүздескенде тағы бір ұғындық.

Облыс әкімдіг ін ің ауыл шаруашылығы басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры барысында ондағы тек шаруа қожалықтар ғана емес, кейбір ауылдық округ тұрғындары да тыным таппайтынын, үй ауласына бау-бақша дақылдарын егуде бағбандық деңгейге жеткенін аңғардық. Жалпы облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 760 мың гектарға орналастырылатын болса, оның ішінде 134 мың 131 гектары Т.Рысқұлов ауданына тиесілі екен.

– Ауданда осы жылы 55200 гектарға күздік бидай себіліп, 67810 гектар сүдігер көтерілді. 57 мың 230 гектарға жаздық арпа, 1950 гектарға жаздық бидай, 9200 гектарға мақсары, 53 мың гектар алқапқа жаздық масақты дақылдар, 2,6 мың гектарға көпжылдық шөп, 341 гектарға көкөніс, 14,3 мың гектар алқапқа майлы дақылдар егілді. Қант қызылшасы алқабының көлемі 55 гектар болса, бақша – 33, дәндік жүгері – 190, картоп – 215 гектар, – деген Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиев бізді Тереңөзек ауылдық округіндегі «Жамбыл БТТ» шаруа қожалығының егіс алқабына бастап барды.2000 жылы құрылған бұл шаруашылық нәсібін егінмен қоса ата кәсіптен де тауып отыр. Іргелі шаруашылық шопан, механизатор секілді мамандарды қосқанда 14 адамды тұрақты жұмыспен қамтыса, негізінен 10 отбасы ырзығын осы шаруашылық арқасында айыруда. Ал егінді ору, жинау секілді қандай да бір науқан уақытында жұмысшы саны 100-ден асып жығылады екен. Жалпы шаруашылықтың жер көлемі 3300 гектар болса, оның 1100-і егістік, қалғаны сүдігер және жайылым көрінеді. Егіс алқабының ішінде шаруашылық биыл 350 гектарға арпа, 300 гектарға бидай, 121 гектарға пияз, 23 гектарға жоңышқа еккен.

–  Пияздың тұқым атауы – «Манас». Бұл қырғыз-түрік елінің пиязын будандастыру арқылы ойлап табылған жаңа сұрып. Осы 121 алқапты су үнемдеу технологиясы арқылы суғарудамыз. Тамшылатып суару технологиясы үшін тіршілік нәрін КСРО дәуірінен қалған артезиан құдықтардан алып жатырмыз. Иелігімде 9 ұңғыма болса, оның 7-еуін биыл тазаладық. Ұңғыманың алтауын пияз алқабына, біреуін жоңышқа алқабына пайдаланып жатқан жайымыз бар. Жоңышқа алқабына жаңбырлатып суару технологиясы қолданылуда. Құрылғы канадалық «Vello» фирмасының өнімі. Ұңғыманы тазалау, электр желісін тарту, су сорғы сатып алу, алқапқа суландыру жүйесін жүргізу секілді шаруаларға 58 миллион теңге қаржы жұмсалды. Мемлекет оның 80 пайызын субсидия ретінде қайтарып береді.

Пиязды биыл бірінші мәрте егіп отырмыз. Осы шаруаны жүйелі жүзеге асыру үшін Қордай ауданынан дүнген ұлтының екі отбасын көшіріп әкелдім. Олармен күздің күні түскен өнімге қарай есеп айырысамын.

Негізінде Тараз қаласында сыйымдылығы 2000 тонналық көкөніс сақтау қоймам бар. Оны біреуден бірнеше жылға жалға алып отырмын. Күзгі салым түсімнің бір бөлігін сонда сақтап, қалғанын еліміздің өзге қалаларына апарып өткеру ойда бар. Егіс алқаптарына науқан уақытында жұмылдыратын техника мен соқа-сайманым жеткілікті. Бағымымдағы мал саны — 1100 уақ мал, 165 жылқы, 185мүйізді ірі қара. Алдағы уақытта 50 ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын салмақшымын, – деді аталған шаруа қожалық төрағасы Темірбек Байкулиев.

Бұдан бөлек, бұл шаруашылықтың иелігінде аумағы 24 гектарды алып жатқан «Қарасу» су қоймасы бар екен. Оған ешқандай ағынсусыз, жер астынан пайда болған су көздері, яғни бұлақ арқылы су жиналатын көрінеді. Кезінде осы су қоймасы арқылы Байзақ ауданының шекарасына дейінгі қызылша алқаптары суарылған екен. Әлдеқашан тозығы жетіп, бөгеті бұзылып, екі бірдей шлюзі су ұстамайтын болғандықтан, мұнда су тұрақтамай, құмға барып сіңіп кетіп жатқан көрінеді. Темірбек Төлепбергенұлы қойманың табанын тазарту, шлюздерді ауыстыру, бөгетті 1,5 метрге биіктету секілді жұмыстар үшін 90 миллион теңге қаржы керек екенін айтты. Осы су қоймасы іске жараса маңайдағы 15 шаруа қожалыққа тиесілі мың гектар алқапты ала жаздай суландыруға болады екен. Шаруа бұл ойын жүзеге асыруға әзірге қаржы қолбайлау болып тұрғанын, мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен несие берілсе тірлікті тындыруда тартынбайтынын аңғартты.

Бұдан кейін біз Көкдөнен ауылдық округіндегі «Бақдаулет» шаруа қожалығының егіс алқабына бардық. Бұл шаруашылық біз барғанда 20 гектар алқапқа қант қызылшасын сеуіп жатты. Дән себу жұмысы екі күнде аяқталады. Мұндағы механизаторлар Қанат Маткеримов пен Сейітмұхан Тілеуқұловта тыным жоқ. 2020 жылы шаруа қожалық украиналық 2 «Беларус-80» тракторын дән сепкіш, тырма, тіркеме секілді асай-мүсейімен қоса 34 миллион теңгеге лизингке сатып алған екен. Қожалық иесі қазір соның рәтін көріп отырғанын жеткізді.

Бұл ауданда ауыл тұрғындары да қарап отырған жоқ. Мәселен, Талғат Қарақыстақбаев есімді Көкдөнен ауылының тұрғыны жалпы жер аумағы 48 сотықты құрайтын үй ауласының 20 сотығына бұрнағы жылы алманың «Гала», «Красный лед» атты күзгі және жазғы сұрпын егіпті. Былтыр жарты тонна өнім алған.

– Алғашқы жыл болғандықтан былтыр өнімнің аз болуы заңдылық. Түсімнің жартысын өзіміз пайдаландық. Қалған келісін 250 теңгеден базарға өткердік. Негізінде алма ағашының бір түбі 30 келі жеміс береді. Осы жылы мұндағы мың түптен 30 тонна өнім аламыз деген ойым бар. Көшетті Тараз қаласынан сатып әкелгенмін. Қолдан 100 тонна суға есептелген бассейн қазып, тамшылатып суару технологиясын қолданып отырмын. Су сорғы секілді құрылғына базардан сатып алып, суландыру жүйесін интернеттен көру арқылы қарапайым жолмен жасап шықтым. Шығын 5 миллион теңгені құрады. Алдағы уақытта аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімі мамандары 5 гектар жер алып, алма өсірумен айналысуды ұсынып отыр. Сол кезде оның әр гектарына 3,5 миллион теңге субсидия төленеді екен. Енді осы істі жүзеге асырмақшымын, – деді Талғат Ташкентбайұлы.

Бұдан кейін Құлан ауылында есігінің алдында он сотық жерге құлпынай егіп, пайдаға белшесінен батқан Арман Азаматұлының, ауыл сыртында 5 гектарға құлпынай, 1 гектарға таңқурай жемісін егіп, мемлекеттен 85 миллион теңге субсидия алған «Ахметжанов» жеке кәсіпкерлігінің жұмысымен де таныстық. «Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды» дегенді бұл аудан халқы жақсы біледі. Өйткені қарап жатқан ешкім жоқ. Барлығы да еңбекке жегілген.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ.

Т.Рысқұлов ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support