- Advertisement -

Достық пен татулық – тұрақтылықтың кепілі

297

- Advertisement -

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні өңір тұрғындары жыл сайын асыға күтетін мерекелердің біріне айналғаны қашан. Атаулы күн аясында татулық пен тұрақтылықты ту еткен еліміздегі барлық ұлт пен ұлыс бас қосады. Биыл да сол үрдістен аттамаған шаһар тұрғындары бірлік пен ынтымақ күнінде жиылып, салтанатты шараны өз деңгейінде мерекеледі.

Шын мәнісінде, еркіндікті ту еткен халықтың айтулы мейрамы бұл жолы өзгеше форматта өтті. Себебі қала тұрғындары «Жастар» аллеясы, ҚР Тұңғыш Президенті және «Жеңіс» саябағы секілді бірнеше қоғамдық орынға жиылды. Қуантарлығы, қаланың шеткі аумағындағы «Құмшағал», «Шөлдала» шағын ауданы мен «Қант зауыты» алқабындағы ағайын да мерейлі мерекеден құр қалмады. Яғни, шалғай аудандарға жақын №55 мектептің маңы мен «Ана мен бала» скверіне асыққан жұрттың санында есеп жоқ. Белгіленген аумақтарда мәдени іс-шаралардан бөлек, қолөнер шеберлерінің бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ балғындар ұлттық ойындар ойнап, мәз-мейрам болысты.

Бұл күні облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Жастар» аллеясында көппен бірге медениет майталмандарының, этномәдени бірлестік ансамбльдерінің және балғын балалардың өнерін тамашалады.

– Өңірімізде сексеннен астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті күн кешуде. Бұл аймақ халқының бірлігі бекем екенінің айғағы. Біздің алдымыздағы басты міндеттердің бірі де қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді сақтау. Яғни қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық біздің ең үлкен байлығымыз. Еліміздің басты қорғаушы күші де бірлікте. Енді осы жетістігімізді бағалап, ел тұрақтылығын сақтауға өз үлесімізді қосудан танбауымыз қажет. Достық пен ынтымақтың мәртебесі биік болсын,–деді Нұржан Молдиярұлы. Артынша, облыс әкімі мемлекеттік және қоғамдық қызметке еңбегі сіңген, елдің әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтардың кеудесіне орден-медаль тағып, табыс тіледі.

«Жастар» аллеясындағы көрмеде «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің қыштан жасалған жәдігерлерінен бастап, этномәдени бірлестіктегі ісмерлердің қолынан шыққан дәстүрлі бұйымдар қаз-қатар тізілді. Балалар спорттың тоғыз түрінен өзара бақ сынасып, кім мықтыны анықтады. Ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған додада озып шыққан өрендер Спорт басқармасының грамотасы мен арнайы сыйлығын иемденді. Айта кету керек, спорттық жарыстар алдын ала белгіленген аумақтардың барлығында жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Демек, бұл да болса жасөспірімдердің ұлттық спортқа ынтасын ояту мақсатында іске асқан сәтті бастама десек қателеспейміз. Осы күні Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына жиылған қала тұрғындары Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі мен Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенттері ұйымдастырған концертті тамашалады. Мұнда да қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, балалар тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту, қол күресі сынды ұлттық ойындардан сынға түсті.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support