- Advertisement -

Отаншылдық сезімді ояту маңызды

43

- Advertisement -

Облыс әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен «Жеңіс» саябағындағы «Даңқ залында» «Мектептегі тарих пәні: тың тұжырымдама, ашық сана, заманауи көзқарас» атты тақырып аясында тарих пәні мұғалімдерінің облыстық семинар-кеңесі өтті. Оған жоғары оқу орындарының ғалымдары, оқытушылары, аудандар мен Тараз қалалық білім бөлімінің әдіскерлері және тарих пәнінің мұғалімдері қатысты.

Шараның мақсаты – мектептегі тарих пәнінің өзекті мәселелерін талқылау және білім алушылардың тарихи білімін дамыту жолдарын айқындау, осы мәселелерді шешуге жоғары білікті педагогтер мен ғалымдарды тарту.

Семинар-кеңесті облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов ашып, бүгінгі таңда қазақ тарихын оқытуда осы пән мұғалімдерінің бала бойындағы рухты, патриоттық сезім мен отаншылдық сезімді оятудағы рөлінің басым екенін ерекше атап өтті.

– Тарихшының кәсіби міндеті – ел арасында тарихи түсінікті тарихи код, тарихи жады арқылы жеткізу. Білім кеңістігінде тарихшы мұғалімнің алатын рөлі айрықша. Олар жастарды отаншылдыққа, патриоттық рухты көтеруге тәрбиелейді. Бізге жас ұрпақ бойындағы отаншылдық сезімді ояту маңызды. Құрметті педагогтер қауымы, ұлттық санамыз кемелденуі үшін тарих сабақтарында тәрбие мақсаттарын қамтуымыз керек, себебі тарих – тәрбие жұмысының өзегі екені сөзсіз, – деді Бейқұт Жамангозов.

Семинар-кеңеске жиналғандар мектептегі тарих пәні бойынша білім беруді дамыту, пән мұғалімдерінің кәсіби деңгейін арттыру мәселелерін сөз етті. Қазіргі таңдағы инновациялық технологиялар, үлгілі авторлық бағдарламалар, озық тәжірибелер талқыланып, ұстаздар өзара тәжірибе алмасты.
Республикалық байқаулар мен конкурстарға қатысып облыс атын жақсы қырынан шығарып жүрген пән мұғалімдері өз тәжірибелерімен бөлісті. Соның ішінде облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының тарих пәнінің мұғалімі Мираш Бегілдаева үздік жетістіктері мен Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болған еді. Ол осы семинар-кеңесте өз тәжірибесімен бөліскен педагогтің бірі.

Республикалық «Үздік педагог» конкурсының жеңімпаздары, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ІТ лицей-интернатының тарих пәнінің мұғалімдері Гүлшат Өтегенова мен Жанар Жанғасиева да бүгінге дейін жеткен жетістіктерін әріптестерінің назарына ұсынды. Сондай-ақ республикалық «Үздік авторлық бағдарламалар» және «Дарынды балаға – талантты ұстаз» атты байқауының жүлдегерлері Тараз қаласы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының мұғалімі Асылбек Асенбекұлы мен Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы тарих пәнінің мұғалімі Тоғжан Құралбайқызы да өз тәжірибелерімен бөліскен болатын.
Іс-шара барысында биыл 3 наурыз күні Петропавл қаласында өткен тарих пәні мұғалімдерінің республикалық съезіне қатысқан облысымыздың делегаттары ой бөлісіп, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Семинар-кеңес соңы марапаттау рәсіміне ұласып, ерекше қабілетімен танылған тарих пәні мұғалімдерін облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов марапаттады.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support