Біз әкемізбен мақтанамыз
Біз әкемізбен мақтанамыз
Ойық ауылдық округінде жалпы білім беретін 4 мектеп бар. Оның ең үлкені округ орталығында орналасқан. Сол Д.Қонаев атындағы Ойық орта мектебінде Кеңес Қожатаев қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен сабақ беретін. Өте сауатты, жан-жақты, жаңашыл, еңбекқор мұғалімнің оқушылардың тәрбиесіне баса көңіл бөлетіні өз алдына, қажет жерде қаталдығы да бар деп еститінбіз. Ағайдың есімі ауылдан асып, ауданға тарап кеткен. Тарамағанда ше? Осы өңірде туып, алды Алты алашқа танылған, арты облысқа белгілі ақын-жазушы, қаламгерлердің барлығы осы кісінің алдынан сабақ алған, төл шәкірттері болса. Ағайдың осындай жетістіктерін естіген сайын таңданып, таңдай қағатын едік. Ауылдың қара домалақ балалары біз үшін сол кездегі астанамыз Алматыда тұратындар, белгілі дәрігер Амантай Біртанов, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің проректоры Жаңғара Дәдебаев, белгілі жазушы, республикаға тарайтын «Алматы ақшамы» газетінің сол кездегі бас редакторы Ерғали Сағат, ақын, республикалық «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының сол кездегі бас редакторы Зернебек Шілдебайұлы, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі, әнші Мұхасан Шахзадаев, жазушы, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің сол кездегі меншікті тілшісі Көсемәлі Сәттібайұлы, облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов (сол уақытта да осы қызметті аз жылдар атқарып еді), аудан орталығы Ақкөлде тұрса да атақтары алысқа кеткен ақындар Нарша Қашағанұлы, Серік Томанов жерлестеріміз көзімізге бір-бір биік шың, таудай-таудай азаматтар болып (шын мәнісінде де солай ғой) елестейтін. Сөйтсек, осы мүйізі қарағайдай ағалардың бәріне біз әңгімелеп отырған аңыз ұстаз Кеңес Қожатаев сабақ берген екен. Өзі көркемсөзге жетелеп, әдебиетке қызықтырып, өз қолымен «Қыран болыңдар!» деп қияға ұшырғаны қандай ғажап десеңізші! Оған қалай таңданып, қалай риза болмассың. Осы қатарға вице-министр болған Жандос Бүркітбаев, елімізге танымал журналист Ерман Әбдиевті, ақындар Баймаханбет Ахметті, Нұрлан Досалиевті, білікті дәрігер, Талас аудандық ауруханасының бас дәрігері Есмұхан Иманмырзаевты қоссақ, артығы болмас. Осындай ағаларының жолын қуған, танымал тележурналист Өркен Кенжебек те Кеңес ағайдың тағылымын көп алды. Кеңес Қожатайұлын ың танымал шәкірттері мұнымен де шектелмейді. Кезінде Талас ауданының әкімі болған Балтабай Бекежанов, аудан әкімінің орынбасары ретінде елге қызмет еткендер Тынысбек Сейдуанов, Хибат Асқарбеков, үлкен кеңшарларға директор болған Әлімхан Сықақов, Досмұхан Иманмырзаев, бәрі-бәрі Кеңес ағайдың тәлімін тыңдап, тәрбиесінен тағылым алғандар. Ағайдың шәкірттері туралы бұл тізімді одан әрі қарай жалғай беруге де болады. Содан, шіркін-ай, Кеңес ағай бізге тым болмаса бір апта сабақ берсе деп те қиялдаушы едік. Бұл – соншама танымал тұлғаларды тәрбиелеген майталман ұстазға деген құрмет қой. Әйтпесе, Көктөбе елді мекеніндегі біз білім алған орта мектептің филолог мамандары: КСРО-ның үздік мұғалімі Аманкүл Құрманәлиева және Жамал Байболова, Адиша Байдуанова да ешкімнен кем емес еді. Сөйтіп жүргенде 10-сыныпқа да келіп қалдық. Аудандық пәндер олимпиадасы өтетін болды. Біздің Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектептен Жылжанат Жантайбекова деген сыныптасым екеуміз қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәні бойынша жолдама алдық. Аудан орталығында өткен сол олимпиадада қазақ тілі мен қазақ әдебиеті бойынша бізге шығарманы дәл осы Кеңес Қожатаев ағай жаздырмасы бар ма? Арманға айналған ағайдың алдында отырып, еркін тақырыпқа шығарманы көсіліп жазып тастадым. Қысқасы, менің шығармам «5/5» деген балмен бағаланып, мақталыпты. Сол олимпиададан мен жеңімпаз атансам, Жылжанат сыныптасым үшінші орын алды. Ал ағай өзі сабақ беретін мектептің оқушысы орынғ а ілікп еді де. «Ен ді көрініп тұр ғой. Қалай қиянат жасаймын. Бөлтірік Әлменұлы орта мектебінің шәкірттері бұл жолы жарады. Жіті бақыладым, еш қате таппадым ғой», – деп Кеңес ағай өзге мектептен келген әріптестеріне сырын ақтарған екен. Таудай тәрбие иесі Кеңес ағайдың осындай қара қылды қақ жарған әділдігі де бар еді. Бойындағы қайталанбас асыл қасиетінен, парасаты мен мейірім-шуағынан болар, Кеңес ағайды бұл күнде сағына еске алатындар көп. Мәселен, көршісі, досы Несіпбай Шілдебаев деген қария кісі жастау кезінде: Есімде 25 жыл бұдан бұрын, Қар кетіп, күн жылынған, жазғы- тұрым. Үйінде Қожатайдың бір ұл туды, Кең танау, қысыңқы көз, жалпақ мұрын, – деп жыр жолдарын толғана арнағаны замандасына деген ризашылығы мен құрметі деп білеміз. Ал жергілікті ақын, шәкірті Нұрлан Досалиев: Ақиқатты айғағымдай жар салып, Самұрық құс, білді сені қанша жұрт. Кеңес ағай ертегі айтып тұратын, Сен туралы тамылжытып тамсанып. Сөйлеп кетсе көңіліміз жайланған, Әр қимылы ұлағатқа сай болған. Кеңес ағай есімізден кетер ме, Ұстаздардың ұстазына айналған, – деп толғанады. Қожатаев ұстаздары жайлы Нарша, Зернебек, Серік, Баймахан, Болат ақындар да жүректерінен шығарып өлең арнағандары анық. Мұның барлығы Кеңес Қожатай ұлын ың ұстаздық ғұмырында тектіліктің шыңында, ұлағаттың биігінде жүргенін көрсетсе керек. Әр күн сайын беріп жатқан білімінен бөлек аяулы ұстаз шәкірттер жүрегіне тәрбие мен тағылымның да таусылмас алтын дәнін сепкені ақиқат. Кеңес Қожатайұлын ың қырық жылдан астам ұстаздық еңбегі елеусіз қалған жоқ. Алматы қаласындағы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеттен тәлім алған ол қашан да абыройлы еңбек етті. Қазақ КСР-нің үздік мұғалімі, В.И.Ленин атындағы медальдің иегері атанды. Кейіннен Талас ауданы, Ойық ауылының Құрметті азаматы атануын да ұстаздың еңбегіне жасалған лайықты құрмет деп білеміз. Кеңес Қожатаев үлгілі отбасының басшысы болды. Жалпы шәкірттер тәрбиесіне де, өзінің перзенттерінің тәрбиесіне де уақыт тапты. Асыл жары Жұпаркүл де бастауыш сыныбының мұғалімі болып, талай буынды білім нәрімен сусындатқан ұстаз. Бұл әулетті бір сөзбен айтқанда «Ұстаздар әулеті» десе де болады. Гүлбаршыны Талас ауданындағы М.Жұмабаев атын дағ ы орта мектеп те бастауыш сынып мұғалімі болса, Гүлжаһаны – Тараздағы №54 орта мектепте директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары. Ал Гүлшат Қожатаеваның есімі облысқа танымал десек қателесе қоймаспыз. Бір кездері Ойық ауылдық округінің әкімі, облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры, Талас аудандық білім бөлімінің басшысы болған Гүлшат Қожатайқызы қазіргі таңда Тараз қаласындағы №32 орта мектептің директоры. Ал екі ұлы, Манасы мен Мақсаты нарық заманына бейімделіп, кәсіпкерлікті таңдапты. Ол кісі 5 ұл-қызынан 11 немере, 13 шөбере сүйді. - Әкем жайлы толғана айтар естелігім көп. Ол кісі перзенттеріне «Ешкімнің ала жібін аттамаңдар» деп құлағымызға құйып отыратын. Бәрімізді бірдей көріп, тәрбиесін аямай, жігерлендіріп, қанаттандырып отырды. Талай қиналған шағымызда күш-жігерді әкемізден алушы едік. Қисса-жырларды жатқа айтып отыратын. Жеті атасынан жалғыз ұл болып өскен соң ба, көпшіл еді. Жүрегі мейірім-шуаққа толы болды. Жұпаркүл анамызбен 64 жыл отандасып, бақытты ғұмыр кешті. Немерелерін ерекше еркелетіп, шөберелерінің қолынан су ішіп, май жалады. Біз әкемізбен мақтанамыз. Былтыр 86 жасқа қараған шағында өмірден озды. Асыл әке тағылымы, өсиеті біздің қашанда жадымызда, – дейді қызы Гүлшат Қожатаева. Талас ауданына тегіс танымал, қадірлі болған қария, ұлағатты ұстаз Кеңес Қожатаевты жерлестері жадынан шығармай, үнемі еске алып отыратыны анық. Әсіресе өзі тәрбиелеген мыңдаған шәкірттері ешқашан ұмытпай, мақтанышпен айтып жүреді деген сенімдеміз. Мұндай ұлағатты кісінің өнегелі жолы жалпы көпшілікке де тағылым болатыны рас. Ендеше, біз білетін ұстаз жолы осындай.
Есет ДОСАЛЫ