СОТТЫҢ МІНДЕТІ – ТЕК ТЕМІР ТОРҒА ТОҒЫТУ ЕМЕС
СОТТЫҢ МІНДЕТІ – ТЕК ТЕМІР ТОРҒА ТОҒЫТУ ЕМЕС
Ағымдағы жылдың 4 ақпанында облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының құрылғанына 10 жыл толды. Осы жылдар ішінде 5029 азаматтық, 1145 қылмыстық және 6710 әкімшілік істер қаралса, 125 семинар сабақтар мен 97 дөңгелек үстел және 20-дан астам баспасөз конференциялар өткізіліп, кәмелетке толмағандардың құқықбұзушылықтарының алдын алу мақсатында бірнеше ашық есік күндері мен кездесулер өткізілді. Азаматтық істер бойынша баламен кездесу уақытын белгілеу, баланың тұрғылықты жерін анықтау, алимент мөлшерін азайту, бала асырап алу туралы сот практикасы бойынша вебинарлар түсіріп, халықтың назарына ұсынылды. Сот төрелігін тиімді жүзеге асыру мақсатында ювеналды сот қызметтік серіктестік аясында орган қызметкерлерінің, этномәдени орталықтың, қылмыстық атқару инспекциясы өкілдерінің қатысуларымен заң үстемдігінің нысандарын кеңінен әрі жүйелі түрде талқылауды жүзеге асыру үшін Ювеналды заң кеңсесі, облыстық білім басқармасы, аудандық және қалалық білім бөлімдері, адвокатура, облыстық және қалалық прокуратура, «Әділет», «Аналар үйі», «Қоғамдық келісім» орталықтары, «Шанс» әлеуметтік-психологиялық құқықтық көмек көрсету орталығы, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» облыстық филиалы, облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы және кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясы өкілдерінің қатысуымен семинарлық сабақтар мен дөңгелек үстелдер өткізілді. Ал қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысу, сонымен қатар кәмелетке толмаған балалар үйінде тәрбиеленуші жасөспірімдердің салауатты өмір салтын қалыптастырып, олардың қоғамның белсенді мүшесі болып қалыптасуларына, өмір сүру жағдайларын жақсарту мақсаттарында Ювеналды сот ұжымы облыстық полиция департаменті басшысының келісімімен Меркі аудандық ІІБ ЖПҚ және Меркі аудандық прокуратурасының бірлесуімен Меркі шипажайында балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектептің және Меркі ауданының мектеп оқушылары арасында көшпелі спартакиада (выездная спартакиада) өткізсе, Тараз қаласы жастарының арасында «Біз қылмысқа қарсымыз» атты жеңіл атлетикалық жүгірісін өткізген. Ал кәмелетке толмағандардың құқықбұзушылықтарының алдын алу, олардың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету, қылмыс жасауға баруға бейімділіктерін жою мақсаттарында кәмелетке толмаған балалар мен олардың заңды өкілдерімен (ата-аналары) сот ғимараты аясында бірнеше рет кездесулер, кеңес берулер өткізіліп, тіпті оларға тәжірибелік тұрғыда Тараз қаласындағы уақытша тергеу изоляторын (ЖД -158-1) аралатып, көрсету жұмысы да жүргізілді. Сонымен қатар Тараз қаласындағы «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы», «Облыстық жасөспірімдер үйі», «Ақыл ойы дамуында кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернаты»,«Үміт», «Болашақ» және «Мейірім» мектеп-интернаттары тәрбиеленушілерінің қатысуларымен 2018 жылы Тараз қаласы, Төле би көшесі, №89 мекенжайда орналасқан «Баласағұн» орталық концерт залында «Біз – тәуелсіз елдің балаларымыз!» атты қайырымдылық концерті өткізіліп, 2021 жылдың желтоқсан айында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, Жамбыл облыстық соты төрағасының қолдауымен 2021 жылдың 9 желтоқсанында Тараз қаласы, «Баласағұн» орталық концерт залында өтетін «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы», «Жасөспірімдер үйі», «Балалар мен жасөcпірімдердің арнаулы мектебі», «Болашақ» және «Мейірім» мектеп-интернаттары өнерпаздарының «Біз – Тәуелсіз Қазақстан балаларымыз!» атты қайырымдылық концертін ұйымдастырған. Атап айтқанда, 10 жыл ішінде бірнеше қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылған. Дауларды сотқа дейін және соттан тыс реттеу арқылы даулардың тууын төмендету және оңтайлы құқықтық орта қалыптастыру және бітімгершілік процедурасының даму саласы бойынша 12 ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Атап айтқанда, «Дауларды сотқа дейін және соттан тыс реттеу туралы», «Отбасылық сот», «Отбасы және мектеп» жобасы бойынша облыстық кризис орталығы, облыстық жасөспірімдер үйі, «Паритет» құқықтық-медиация орталығы, «Қоғамдық келісім» орталығы, қалалық прокуратура, «Жас Отан» жастар қанаты, облыстық жастар ұйымының ассоциациясы, «Жамбыл облыстық этномәдени бірлестіктері» «Право» қоғамдық қоры, «Азаматтардың құқықтарын қорғау комитеті» қоғамдық бірлестігі, «Шанс» кәмелетке толмағандарды әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығымен ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Бұл меморандумдардың мақсаты өмірлік қиын жағдайдағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға бағытталған жұмыстарды бірлесе отырып ұйымдастыру және бітімгершілік процедурасын дамыту болып табылды. Сондай-ақ «Орталық Азиядағы PR» PENAL REFORM Халықаралық түрмелік реформа орталығымен ынтымақтастық туралы меморандум жасалынды. Бұл институтты халыққа кеңінен таныстыру мақсатында екі жақтың бірлесуімен «Дивергенция» атты арнайы видеоролик түсірілді. Меморандумға қол қойылған сәттен бастап қазіргі таңға дейін медиация орталықтарымен бітімгершілік процедураларын ұйымдастыру күнделікті негізде жүзеге асырылуда. Халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында «Отбасылық сот» пилоттық жобасы басталғалы Ювеналды сот облыста акциялар мен кездесулер ұйымдастырып, кез келген тұлғаларды кәмелетке толмағандарға қатысты, отбасылық мәселелер бойынша дауларды сотқа дейін және сотта бітімгершілікпен шешу мәселелері жөнінде толық кеңестер алуға жағдай жасады. «Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында жоспарланған «Мектеп және отбасы» тақырыбында кеңейтілген дөңгелек үстел өткізілді. Осы дөңгелек үстел барысында Тараз қаласы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы №10 орта мектепте білім алатын өмірлік қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмағандардың отбасыларына көмек көрсету бойынша «Отбасы және мектеп» пилоттық жобасын құру туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар арасында «Отбасы және мектеп» пилоттық жобасы бойынша меморандумға қол қойылды. Осыған байланысты меморандумға қол қойған өкілдермен құрылған арнайы мобильдік топ Ювеналдық сот ғимаратында қиын жағдайдағы отбасыларды қабылдап, олардың мәселелерін қарап, пікірлерін тыңдап, мән-жайларды ортақ талқылап, нәтижесінде әрбір отбасы бойынша белгілі бір шешім шығарып, оларға мұқтаждықтарына байланысты көмек (құжаттандыру, тіркеуге алу, жәрдемақы алу, баланың статусын анықтау, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтау, тұрғын үй мәселесі, жұмыспен қамту, әлеуметтік және психологиялық кеңестер ұсыну, қызығушылықтары мен қабілеттеріне қарай балалардың танымдық клубтар мен спорттық секцияларға, үйірмелерге қатысуын қамтамасыз ету, т.б). негізге алынған. Осы қабылдау барысында бір отбасы татуласып, бірнеше отбасыларына қорғаншылық тағайындау мәселесі қолға алынып, 100 аз қамтылған отбасы балалары мектептен берілетін тегін тамақпен қамтылып, ата-анасының қайтыс болуына байланысты жәрдемақы алу және жұмыспен қамтылу мәселелері қарастырылды. Ювеналды сотпен 10 жыл ішінде 16 кәмелетке толмаған тұлғаға қатысты бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Соттың міндеті қылмыс жасағандарды бірден жазаға тартып, темір торға тоғыту емес. Керісінше, соның салдарына терең үңіліп, тентектерді тезге салып, тәрбиелеу болып саналады. Сот үкімімен жазаға тартылған және жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған кәмелетке толмаған сотталушы тұлғаларды пробациялық бақылауға алып, яғни олардың оқудан бос уақыттарында этномәдени орталықта қамтылған өнер және көркемдік үйірмелерге,спорттық секциялар мен өзге де танымдық клубтарға қатысуға жіберіліп отырады.
Тахмина СҰЛТАНОВА, облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрағасының міндетін уақытша атқарушы.