Азық-түлік қауіпсіздігі – елдің амандығы

2

Кеңес заманында бір кеңшарда немесе ұжымшарда жүздеген адам еңбек етті. Сол кезде қарапайым еңбек адамдары төрт түлік малын өсіріп, егінін салып, бақшасын баптап шаруашылықтарының атын аспандатып жатты. Ол кезде тәртіп қатал, партияның алдында міндеттеме қабылдайсың, орындамасаң бас кетпесе де, партбилеттен айырылып, жұмыстан қуыласың. Директорға да, бас маманға да, басқаға да жан керек, барын салып, жанын жеп жұмыс істеді. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты дихан Ыбырай Жақаев «Дихан кетпеніне, малшы таяғына, жазушы қаламына ие болсын» дейтін әйгілі сөзді сол кезде ғой айтқаны. Ел Тәуелсіздігі жарияланған соң социалистік қоғаммен бірге мемлекеттік меншік жойылып, жекешеге жол ашылды. Бір қоғамнан екінші бір қоғамға өткен кездегі қиыншылықтың ауыр жүгі алдымен ауылға түсті. Шаруашылықтар тараған кезде еңбек еткендерге «көк қағаз» үлестірілді. Ел ішінде «пай» аталып кеткен сол «қағаз» арқылы шаруашылықтың еңбеккерлері мен қызметкерлері тиісті жер үлесін, бірлі-жарым техникасын, бұйырған бес-алты тұяғын алып, жеке шаруашылық құрылымдарын құра бастады. Ал ретін тауып, барынша қарпып қалған басшылар да болды. Ондайлар бұрын да, кеше де болды, бүгін де бар. Ол енді бөлек әңгіме.

Бір шаруашылықтан жүздеген шаруа қожалықтары ашылды. Қолдағы азын-аулақ малға жемшөп қажет, жер жыртып егін салу керек, оған азық дайындап, жер баптайтын шаруашылықтан «мұраға» қалған техника жарай ма? Тонналап жанармай алуға қаржы қайда? Ауыл азаматтары ә дегеннен-ақ осылайша тұйыққа тірелді. Ауыл шаруашылығы саласында «бартер» деген терминнің пайда болғаны да сол кез. Мал біткен трактор-комбайнның «тамағы» үшін «бартер» орнына жүрді. Әйтеуір елдегі шаруалар өлместің күнін көріп, қалт-құлт етіп әзер дегенде тіршілігін жасап жатты. Егін алқаптарын суарудың азабын айтпай-ақ қойсақ.

«Бөлінгенді бөрі жейдінің» күйін ауылдағы ағайындар сол кезде көрді. Кейбір азаматтар қолын бір сілтеп, қалаға кетті. Ол кезде қалада да «жұмақ орнап» тұрған жоқ, өндіріс орындары шетінен жабыла бастаған. Рас, шаруасын бірден тіктеп, шағын жеке қожалығын шыр айналдырып әкеткен құрылымдар әр ауданда да бар. Кейіннен ел еңсесі көтеріле келе мемлекет тарапынан жасала бастаған қамқорлық пен көмектің нәтижесінде миллионер шаруашылықтар да шықты. Отбасын асырап қана қоймай, ауылдастарына жұмыс тауып берген ондай жеке шаруашылық құрылымдарының аяқа лысы тура лы да, т абыстың тайқазанын қайнатып, туған ауылына, ауданына көмек қолын соза бастаған адал еңбектің жемісін көріп, атымтай жомарт атанған азаматтарды да «Аq jol» газеті үздіксіз жазумен болды. Дегенмен жеке шаруашылық құрылымдарының барлығы бірдей аяғынан нық тұрып кетті дей алмаймыз. Қолдағы дерек бойынша бүгінде облыста 14 мыңға жуық шаруа қожалығы бар. Соның көбінде мәселе деген жетіп артылады. Бұл өзекті мәселе де ақжолдық әріптестер назарынан тыс қалған емес. Ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру мәселесімен де әріптестер ел ішіне шығып, бұл жайлы да үздіксіз қалам тербеді.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне Мемлекет басшысының өзі тікелей назар аударып, Үкіметке және облыс әкімдеріне нақты міндеттер жүктеп те келеді. Мәселен, жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес жүріп жатқан 2020 жылғы қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екенін атап көрсетсе, былтырғы қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында да ауылшаруашылық саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету екеніне тоқталып, Үкіметке тапсырма берді. Ал биылғы наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты бірнеше бағыттан тұратын Жолдаудың мән-маңызының айрықша екенін еске салып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызына баса назар аударып, Үкімет пен әкімдіктерге тағы да нақты міндеттер жүктеді.

Президенттің Жолдауларында, Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында, облыс әкімдерін қабылдағанда берген тапсырмалары сөзсіз орындалуы тиіс. Дүние дүрбелеңге толы қазіргі уақытта агроөнеркәсіп кешенін дамытып, азық-түлік қауіпсіздігін сақтаудың маңызы зор. Енді бұрынғыдай «өйттік-бүйттік, қатырып жатырмыз» деген жалтарма жауап жүрмейді. Нақты іс керек.

«Жоқ-жоқ» деп қара аспанды төндіре беруге де болмас. Құдайға шүкір, жоғарыда айтып өткеніміздей қай ауданда болмасын аяғынан нық тұрған шаруашылықтар бар. Сондай екі-үш жеке құрылымға тоқталып өтсек, еске бірінші түсетіні – Қордай ауданы Ноғайбай ауылдық округіндегі Кенжебай Тілеубердиев басқаратын «Медет» шаруа қожалығы. «Қазақтың ақбас сиыры» мен асыл тұқымды «Еділбай» қойын өсіретін шаруашылықта 658 бас мүйізді ірі қара болса, оның 87,3 пайызы, 3200 бас қойдың 100 пайызы асыл тұқымды. Шаруашылық есебінен әр жылдары 3000 бас мүйізді ірі қара малын бордақылау алаңын, әрқайсысы 500 бас асыл тұқымды етті бағыттағы аналық сиырға арналған екі тауарлы ферманың құрылысын салды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 45 миллион теңгеге 250 бас аналық сиыр сатып алған. «Медет» шаруа қожалығы жыл сайын 750 тонна сиыр және 45-50  тонна қой етін өндіретін аудандағы іргелі шаруашылық. Округ көлемінде тұрмысы төмен отбасыларына әлеуметтік көмек көрсетіп тұрады.

Іргелі ауданда Дүйсехан Қошалиев басқаратын «Қақпатас» жауапкершілігі Ел ішінде боламыз, шаруалардың өздерімен тікелей байланысқа шығамыз, сондағы көріп-еститініміз, көбіне ағын судың тапшылығы. Судың аяғында отырған Сарысу ауданы тұрмақ, ағын су көздерінің 100 пайызға жуығын алатын қырғыз елімен іргелес отырған Қордайдың өзінде су тапшы. Оны «Ақ жолдың» биылғы 13 сәуір күнгі №43 санында берген сұхбатында аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақдәулет Садырбаев ашып айтты. Қордайдағы салынуға тиісті су қоймаларын уақыт созбай қолға алу қажет. Қолданыстағы су қоймаларын ретке келтіріп, каналдарды, арық-атыздарды тазалау үнемі жүргізілуі тиіс. Су үнемдеу технологиясын енгізу басталғалы да талай жыл. Былтырғы 1 шілдеге дейін облыс бойынша 28295,0 гектарға тамшылатып, 12157,0 гектарға жаңбырлатып суару технологиясы орнатылған.

Осы бір оңды тәжірибенің де барлық ауданда қарқын алуы көңіл көншітпейді. Өткенде осындай технология орнатқан шаруалардың жабдықтары дұрыс жұмыс істемей шу шыққанын әлеуметтік желіден көз шалып қалып еді. Жерасты суын пайдалануда сөз көп, бірақ нәтижесі онша емес. Жерасты су қорларын зерттеу жұмыстарын ойдағыдай жүзеге асырып, оны жер бетіне шығарып, егін алқаптары мен бау-бақшаға, шабындық және жайылымдық жерлерге салудың маңызы зор. Су болған жерде егін өсіп, бау-бақша өнеді, жайылым мен шабындық жердің шөбі көтеріліп төрт түлік жайылады, шалғы түсіп, мал азығының берік қорын жасауға мүмкіндік туады. Сондықтан да шаруаларды көктен қашан береді деп, аспанға алаңдата бермей, облыстағы тиісті басқарма, мекеме басшылары мен аудан әкімдері тынымсыз атқаратын тірлігінің бірі осы.

Президент Жолдауда міндеттеген азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шаруаларға мейлінше қамқорлық пен көмек бүгін көрсетілуі қажет. Ертең кеш болады. Тағы бір мәселе — облыстың бұрынғы әкімдері Асқар Мырзахметовтің облыс тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту және Бердібек Сапарбаевтың «Алқаптан сөреге» жобалары ұмыт қалмаса дейміз. Алғашқы жобадан ауылдағы жүздеген отбасы еңсесін көтеріп, жағдайын жасап алса, кейінгі жобада алыпсатарлардың жолына біршама тосқауыл қойылып, азық-түлікті ойдағыдай бағаға алуға жол ашылды. Бүгінде облыста ет, нан, сүт өнімдерінің, бақша дақылдары мен көкөністің барлық түрі өндіріледі. Алыс-жақын шетелден, көрші өңірлерден тасымалданатын өнімнің барлығы дерлік облысымызда өсіріледі. Тасымал шығыны бар, басқасы бар, айналып келгенде сырттан жеткізілетін тауар облыс аумағындағы сауда орындарына түскенде бағасы аспандап шыға келеді. Оның үстіне пәлен күнде, мүмкін араға ай салып жеткізілетін тауардың сапасы туралы әңгіме қозғаудың өзі артық шығар. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өндірген өнімін ең бірінші облыс тұрғындары тұтыну жағын мықтап қолға алса шетелдерден немесе облыс аумағынан тысқары жерлерден жеткізілетін азық-түлік пен жеміс-жидекті «базардың» өзі ығыстырып тастайды. Бұл мәселені де «Аq jol»-да ауық-ауық көтеріп келеміз. «Облыстың бас басылымы оңды мәселені қозғапты ғой, бір әрекет етейік» деген осыған жауапты бір басшыны көрмедік. Ендігі жерде нарық заңы өзі реттейді деп арқаны кеңге салып отыруға болмайтын шығар. Мемлекет болып Жаңа Қазақстанды құруға жұмылған екенбіз, онда қолға алатын қыруар тірліктің ішінде осы да бар.

Амангелді ӘБІЛ

 

Comments are closed.