- Advertisement -

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

471

- Advertisement -

1 актілі, 5 көріністі драма

Кейіпкерлер:

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы, қоғам қайраткері
Міржақып Дулатов – ақын, қоғам қайраткері
Әлихан Бөкейханов – ұлт көсемі, қоғам қайраткері
Бадрисафа – Ахметтің жұбайы
Байтұрсын – Ахметтің әкесі
Күнші – Ахметтің анасы
Мұхамеджан Сералин – «Айқап» журналының
редакторы
Яковлев – Торғай уезінің бастығы, полковник
Бала Ахмет
Самырат – Ахметтің баласы
Көпшілік, Жасауылдар.

БІРІНШІ КӨРІНІС
1885 жыл. Сарытүбек ауылы.
(Сырттан абыр-дабыр үн, ызы-қиқы шу естіледі).

(Сырттан абыр-дабыр үн, ызы-қиқы шу естіледі)

1-адам. Мына зорлық енді қашан тоқтамақ?

2-адам. Қайда барсаң айналаң тор, тас қамақ.

3-адам. Қит етсең сол қамшы ойнайды арқаңда.

4-адам. Жауыр болдық. Ылғи салық, тап та тап!

1-адам. Әне, жетті шабуылдап, шабарман,

Әзірейіл келіп қалды алар жан.

2-адам. Көмейінен ақтарылып қан-жыны

Ақиланып құтырып көз аларған.
3-адам. Байтұрсын аға-ай, енді қайттік, не амал,

Болар ма екен бассыздыққа бір зауал!!

4-адам. Малымыз да, жеріміз де сұраусыз,

Құлақкесті құл болдық па қараусыз!?

Жандарм. (ақырып)

Ей, тағылар, жабайылар, шулама,
Келгенде ояз ызы-қиқың тура ма?
Яковлев. (қамшы үйіріп)
Тоқтат мына дабылыңды, малғұндар,

Алқымымнан келмей жатып алдыңдар.

Байтұрсын. (алға ұмтылып, сұқ саусағын безейді) Әй, тоқта енді, ояз болсаң жөніңмен,
Адам боп кел кісілікті сәніңмен.
Яковлев. Не деп шатып тұрсың, киргиз, сұмпайы, Қазір сені кісен салып құртайын.
Байтұрсын. Ә, солай ма, өзектіге бір өлім, Қайтсыншы енді бойды буған мың кегім.
Жетер енді қорлағаның, қу кержақ.
(Яковлевті алқымынан алып құлатып, басын жарады.)

Яковлев. (бақырып)
Ұста мына жабайыны байлаңдар,

Аямаңдар, қорықпаңдар, таймаңдар!

Көк шыбынды үймелетіп көзіне,

Кісен салып, бұғаулайтын айлам бар.

(Байтұрсынды жабылып байлап, сүйрей жөнеледі. Әйелі Күнші мен бала Ахмет әкесіне шырқырай жылап ұмтылады. Жасауыл әйелдің кеудесінен түйіп, итеріп жібереді. Баланы кері серпіп, қағып тастайды).

Байтұрсын. (артына қарап қайырылып) Құдай қосқан қосағым ең, Күншіжан, Іліндірді мына залым айыртілді қармаққа. Берік болғай тағдыр салған салмаққа.
(Күнші бүк түсіп жылап қала береді. Байтұрсын артынан жүгірген Ахметке айқайлап)
Оқы балам, сауатыңды аш, алға ұмтыл,
Аш болсаң да, қиналсаң да мойыма, Қараңғылық құрсауынан құтқарар,
Сонда ісің алға басар оңына.

(Сахна қараңғыланады. Шеңберлі шоғыр сәулесі ер тұлғалы Ахметке түседі. Мұңлы қобыз сарыны естіліп тұрады. Тебірене сөйлейді).

Ахмет.

«Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар,

Жолдар көп жәннатқа да тарам-тарам.

Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,

Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.

Алданып тамағыма оны ұмытсам,

Болғандай жегенімнің бәрі харам

Адамнан туып, адам ісін етпей,

Ұялмай не бетіммен көрге барам!

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Орынбор қаласы. 1915 жыл. «Қазақ» газетінің редакциясы.

Үстел басында Ахмет, қатарында Әлихан мен Міржақып отырғанда, ішке «Айқап» журналының редакторы Мұхамеджан Сералин кіреді.

Ахмет орнынан тұрып, қарсы жүреді.

Ахмет. Ассалаумағалейкум, төл құрдас!

Мұхамеджан. Уағалейкумассалам, жан құрдас!

(Екеуі қарқылдай күлісіп, құшақтасып амандасады).

Жер шалғай болса да, мына құрдасым күндіз ойымнан, көз алдымнан кетсейші. Ал түн баласы болды мына Ахметтің ұйқыдағы қазаққа тыншу бермейтін сары масасы шағып, мазамды ала берген соң, қой, болмас деп, Орынборға тартып кеттім.

(қалжың, әзілге толы үнмен барлығы қарқылдай күліседі. Ол Әлихан, Міржақыптармен де қошуақ көңілмен құшақтасып амандасады).

Ахмет. Қалай, Троицкідегі ағайын-туыстар аманшылықта болар?

Мұхамеджан. Шүкіршілік, Ахмет!

Әлихан. Бақытжан Қаратаев мырза қалай? Хабарласып тұра ма?

Мұхамеджан. Хабарласқанда қандай? Солтағамыздың өткір, өзекті мақалалары, жазғандары біздің «Айқаптың» ажарын ашып тұр емес пе?! Осы жаққа шығар алдында хабарласқан. Барлықтарыңа дұғай сәлем айтып жатыр.

Ахмет. Саламат болсын. Ал іске көшейік. Мұхамеджан, өткендегі мәселе төңірегінде біз өз пікірімізді «Қазақ» газетінде жарияладық. Танысқан боларсың.

Ахмет. Саламат болсын. Ал іске көшейік. Мұхамеджан, өткендегі мәселе төңірегінде біз өз пікірімізді «Қазақ» газетінде жарияладық. Танысқан боларсың.

Мұхамеджан. Иә, иә, оқып таныстым.

Әлихан. Иә, Мұхамеджан, сендердің Ресей құрамындағы бүкіл түркі жұрты, барлық мұсылман қауымы бір тудың астына бірігуі керек деген идеяларыңды толық қабылдай алмай отырмыз.

Мұхамеджан. (таңданып) Қалайша?

Міржақып. (қызуланып) Солайша. Әсіресе сол тудың астына біріккендердің ортақ тілі татар тілі болуы керек дегендеріңіз мүлдем ақылға сыймайды ғой.

Ахмет. Міржақыптың қызуланатындай жөні бар. Сол татар тілін пір тұтсақ, не болатынын көз алдыңа елестетші. Татарда не көп, газет көп, журнал көп. Кітаптары да баршылық. Ал қазағымыздың тілі ше? Ол қай тілден кем. Радлов деген орыс ғалымы түркі тілдес халықтардың ішіндегі ең бай, ең орамды, ең көркем қазақ тілі деген сөзін қайда қоямыз.

Міржақып. Тура сіздер айтқан жолмен жүрсек, қазақ тілі татар тіліне жұтылып кететінін ойладыңыздар ма?! Онсыз да Қазаннан оқу бітіріп келген молдаларымыз шәкірттердің миын улап, тілін бүлдіріп жатқан жоқ па.

Ахмет. Осы ретте айтар ең басты мәселе, тіліміз тек қазақ тілі болуы керек. Ал тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалатындығын естен еш шығаруға болмайды, Мұхамеджан.

Мұхамеджан. Бұл ойды мен ғана емес, Әлихан ағайдың құрмет тұтар азаматтары Бақытжан Қаратаев та, Жанша Сейдалин де қолдап отырғанын қаперге алу керек емес пе?!

Әлихан. (сабырлы, салмақпен) Дұрыс, Мұхамеджан. Айтары жоқ, екеуі де шын құрмет тұтар азаматтарым. Әсіресе Бақытжан ағаның мемлекеттік Дума депутаты болып жүргенде қазағымыз үшін еткен еңбегі қай азаматқа болса да үлгі. Десек те қазақты отырықшылыққа бейімдеу дұрыс болғанмен, сол егінді егу үшін алдымен құрал-сайманы, техникасы болуы керек қой. Ол бізде мүлде жоқ қой. Сондықтан белгілі кезеңге дейін қазақтың ата кәсібінен асығыс ажырату күтпеген қатерге соқтыратындығын қаперге алу керек емес пе?! Ал саяси мәселеге келсек, біз Ресеймен иықтас қазақтың жеке автономиясын құруды жөн санаймыз.

Әлихан. (сыпайы) Десек те, бұл тұрғыда пікір алшақтығымыз болса да, халықты білімге, оқуға шақыру жолындағы бейнетіміз, тірлігіміз оңынан оралса, ол да үлкен олжа емес пе, Мұхамеджан. (орнынан тұрып,ойланып отырып қалған Мұхамеджанның қолын алады).

Міржақып. (жадырап) Құрметті ағалар, ер шекіспей, бекіспес деген. Құрметті Мұқа, ат шалдырып, алыстан келдіңіз, осы төрт көзіміз түгел отырғанда, біздің үйден, Ғайнижамал келіндеріңіздің дастарқанынан дәм татыңыздар. Тартысты пікірлеріміздің түйінін сонда тарқатайық. (Бәрі шығып кетеді).

ҮШІНШІ КӨРІНІС

1919 жыл. Орынбор қаласы. Ахметтің үйі.Ахмет кабинетінде отыр. Бадрисафа ішке кіргенде,артынша Міржақып ізін ала ішке енеді..

Міржақып. Аха, ассалаумағалейкум! Бадрисафа жеңге, саламатсыз ба?

Ахмет. Уағалейкумассалам! (қол алысып амандасады)

Бадрисафа. (қуана) Уа, асыл қайным, жолың оң болсын!

Міржақып. Рақмет, асыл жеңешем! (қолынан сүйеді)

Ахмет. Жоғары шық, Міржақып. Келуіңмен!

Міржақып. Рақмет, Аха! Еңбек демалысын алып, келіп қалдым. Өзіңізді де әбден сағындым.

Ахмет. (күліп) Ал мен ше? Сені сағынғаным сонша түнде түсіме де кіретінді шығардың.

Бадрисафа. (әзілге шаптырып, сыңғырлай күліп) Төремнің тура осы сөзінің титімдей де жалғандығы жоқ екендігіне мен куәмін.

Міржақып. Бадрисафа жеңеше-ау! Өміріңізде Ахаңның бойынан иненің жасуындай мін таба алдыңыз ба? Жоқ! Ендеше аққу құстың көгілдіріндей болып Ахаңның жүрегін тұтас жаулап алған өзіңіз емес пе?! (барлығы шуақты күлкіге шомылады)

Бадрисафа. Ақынжанды, қайным-ау! Лебізіңе тәнтімін, ризамын. Сіздер еркін сөйлесе беріңіздер. Мен ас үйіме барайын. (шығып кетеді)

Ахмет. Иә, Міржақып, тіл айт. Тәшкендік ағайындар аманшылық па? «Ақ жол» газетіндесің ғой?

Міржақып. Иә, Аха! (ақырын күліп) Түркістан республикасының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жатқан жай бар. Ал енді Мәскеуден тіл айтыңызшы. Соны өз аузыңыздан естиін деп, ат басын әдейі өзіңізге бұрдым.

Ахмет. Рақмет, Міржақып. Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге бардым. Олай етпеске болмады. Бүгінгі таңда «Алаш» партиясының түпкі мақсатына жетуі еш мүмкін болмай қалды. Өзің білесің, біздер сенген Колчак бастаған Сібір үкіметі де, атаман Дутовтар да берген уәделерін орындамай, жеме-жемге келгенде тайқып кеткенінің куәсі болдық. Екі оттың ортасында қалғандай болған Әлихан ағамыздың да тауы шағылды. Азамат соғысында большевиктер жеңе бастады.

Арасалмақ айналып келгенде, большевиктік жаңа билікке ауысты. Көсеміміз Әлихан Бөкейхановтың ақыл-кеңесімен алаштықтар кеңестік билікпен келісімге еріксіз баруға тура келді.

Міржақып. Аха, түсіндім, түсіндім! Енді кеңестерге өткен күннің өзінде ұлттық принциптерімізге, халқымыздың тәуелсіздігіне деген адал сенімімізде қала беруді бір сәт естен шығармауымыз керек шығар.

Ахмет. Сөз жоқ, басымызға түскен қос ауыртпалықтың қайсысының қасіреті аздау көрінгенін амалсыз таңдау себебіміз де сол, Міржақып.

Міржақып. Әрине, келісіп пішкен тон келте болмас дейді ғой. Сонымен Мәскеу не дейді?

Ахмет. Лениннің қабылдауында болдым. Бір жарым сағат көлемінде еркін пікір алмастық.Өзі тыңдай да білетін, тыңдата да білетіндігімен тәнті етті. Сөздің қысқасы, Халық Комиссарлар Кеңесінің Төрағасы Лениннің декретімен Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық Комитет құрылды. Мені соның мүшесі етіп тағайындады.

Міржақып. Өте қуаныштымын.

Ахмет. Қуаныштысы сол, өз өкілеттігімді пайдаланып, Сейітқали Меңдешев, Бақытжан Қаратаев, Әліби Жангелдиндердің белсенді қолдаулары арқасында Ресей аумағына беріліп кеткен Қостанай уезін өзімізге қайтарып алдық. Бұл орайда да Лениннің біздің ұсынысымызды ықыласпен қабылдап, қолдағанына риза болдық. Осы жолда ұлыдержавалық пиғылдағы шовинистердің небір құйтырқы, зымиян қарсылықтарын да жеңу оңайға түскен жоқ.

Міржақып. Қуаныштымын, Аха! Үлкен олжамен  қайтыпсыз. Бұл да болса үлкен жеңіс қой. Мемлекетіміздің тұтастығына қосылған зор үлес болыпты.

Ахмет. Иә, иә, зор екені рас. Алда шешілер мәселе шаш-етектен болып тұр, Міржақып. Жаңалығым – Қазақ Республикасының шекараларын анықтау жөніндегі комиссияны басқаруды да маған сеніп тапсырып отыр.

Міржақып. Е, құба-құп болыпты. Иығыңызға түскен салмақты нар түйедей көтеретініңізге сенемін. Осы жолы анау Орал, Семей, Ақмола, Торғай облыстарының едәуір аймақтарын енгізу мәселесі өз-өзінен туындап тұр емес пе?

Ахмет. Иә, иә! Бұл орайда, алдыңды орайтын біраз даулы мәселелерді шешуге тура келеді. Осындай тұста Әлихандай ағамыздың орны үңірейіп-ақ тұр.

Белгілі бір күштердің, өзіміздің қаракөздердің етектен тартып, Әлихан ағамызды шетқақпай қылып жүргендігіне жүрегім қатты ауырады.

Міржақып. Өте өкінішті. Әйтпесе қазақ үшін ауыр жазаларға тартылып, күллі халқы үшін жанын салып, небір кедергілерді жеңіп жүрген үлкен көсеміміз сол кісі ғой.

Ахмет. (терең ойланып) Қай заманда да билік тұтқасын ұстаған жандардың өзінен еңсесі биік, ойы өрелілерін тұқыртып, оңтайы келсе орға жығып, опат қылудан жиренбейтіні әлімсақтан белгілі емес пе?

(ішке Бадрисафа енеді)

Бадрисафа. (әзілдей күліп) Төрем, Міржақып қайным! Тәшкеннен ат арытып келіп отырған ініңізді бірден саясат майданына салып жібергеніңіз сәл томпақтау болды-ау! Соны бір сәт ысыра тұрып, дастарқанға келіңіздер.

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

Қызылорда қаласы. 1925 жыл.

Ахметтің үйі. Түн. Шоғыр шеңберлі сәуле Ахмет бейнесіне түсіп тұрады. Ахмет маңдайын тіреп,үлкен ой үстінде отыр. Алдында абажурлы лампа. Ахмет қолына домбыра алып «Мұң қосбасарды» ойнап отырады. Алдында «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі жатыр.

Экранға «Қазақ» газетінің бейнесі түсіп тұрады. Сахна сыртынан диктор оқып тұрады.
1913 жылы Ахмет Байтұрсынов шынайы достары Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтармен бірігіп «Қазақ» газетін шығарды. Ол туралы Міржақып Дулатұлы: «Публицист ретінде Ахмет Байтұрсынов ешқандай қаражат қоры болмаса да, 1913 жылдың басында Орынборда шын мәніндегі тұңғыш қазақ газеті «Қазақтың» негізін қалап, оның бетінде қазақ халқының мұң-мұқтажын сөз етіп отырды», – деп шын көңілден мақтанышпен жазды.

Басылымның «Қазақ» аталуының астарында терең мән бар еді. Біріншіден, газет жалпыұлттық газет болғандықтан, мақсаты – жері бөлшектеніп, елі бытырап жүрген қазақ халқын топтастырып, бір ортаға біріктіру болғандықтан ұлт атын иемденіп, «Қазақ» аталды.

Екіншіден, кітаби, әдеби, ғылыми айналымда «қазақ» атының аталынбай, «қырғыз» аталып келгендігі белгілі. Сондықтан туған халқының төл атын қайта оралту мақсатында қазақ зиялылары өз баспасөзін осылай атауды мақұл көрген. Ахаңның осы атау жөнінде: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың ардақты атауы деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық», – деп жазды.

(Күй әрі қарай ойналып тұра береді. Бадрисафа босаға аттай бере тұрып қалады. Күйге құлақ салады. Күй аяқтала беріп, сырт тұсынан келіп, оң иығына қол салып тұрады).

Бадрисафа. Төрем, терең ойға кетіп қалыпсыз ғой.
(Күй тоқтайды. Ахмет домбырасын қабырғаға сүйеп қоя беріп, Бадрисафаның қолын бетіне басады) Ахмет. (жеңіл күрсініп, жарына жылы шыраймен күлімсірей қарайды) Ойланбасқа бола ма, Пәдірем?! Таяу күнде халқымыз үшін тағдырлы сәт болғалы тұр ғой. Лайым жұлдызды, жарқын сәт болсын деп тілеп отырмыз.

Бадрисафа. Иә, төрем, ойыңыз оңынан оралсын деп тілейік. Өткенде Әлихан аға, Міржақып ініңіз үшеуіңіздің қызу талқыға салған мәселелеріңіз шығар?

Ахмет. Рақмет, Пәдірем! Еріңнің көкейіндегі көрікті ойды тап басқаныңа.

Бадрисафа. (мәз болып) Рақмет, Төрем. Сіздің «Түрік баласы» деген бүркеншік атпен жазған мақалаңыздың түпкі ойын әлдеқашан жаттап алған жоқпын ба?!

Ахмет. (ерекше шаттанған үнмен) Рас па?!

Бадрисафа. Әрине, рас! Сіздей асыл Төремнің сырлы сөзін көкейіме жат қып ұстамасам, мен несіне сіздің сүйікті Пәдіреңіз боламын.алдына қырғыз. Бұлардың арасында ешбір ілік жоқ. Түркімен мен башқұрт қандай басқа болса, қазақ пен қырғыз да сондай басқа, басқа ел».

Ахмет. (лекіте күліп) Ал ендеше жатқа айтшы!

Бадрисафа. Айтайын. «Қазақ – қазақ, қырғыз өз алдына қырғыз. Бұлардың арасында ешбір ілік жоқ. Түркімен мен башқұрт қандай басқа болса, қазақ пен қырғыз да сондай басқа, басқа ел».

Ахмет. (қолын балаша шапалақтап) Жарайсың, Пәдірем, ризамын саған! (бауырына тартып құшақтап, маңдайынан сүйеді).

Иә, иә! Осы мақалам зиялы қауым, халық арасында үлкен дүмпу туғызды. Етектен тартушылар да болмай қалған жоқ. Басым көпшілігі қызу қолдады. Сонда қызуқанды Міржақыптың үстелді қойып қалып:

«Жетер енді! Күлбілтелемей сөздің ашығына көшейік. Өзімшіл, кердең орыс төресінің иегін көкке көтеріп:

«Ей, киргиз!» дегенде, ләппайшылап, жалпаң қағатын құлдық сананың құрсаулы шынжырын үзетін шақ жеткен жоқ па?!» – деген сәттегі бейнесі, шоқтай жанған көздері көз алдымнан еш кетер емес. Әлекең мен Міржақып, Жүсіпбек Аймауытов пен Сәкен Сейфуллин де,ағайынды Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер де, тіпті ара-тұра керісіміз бен келісіміміз алма-кезектесіп тұратын Әліби Жангелдин де менің қасымнан табылды. Алла қаласа, бір аптадан соң сәуірдің 19-ы күні Кеңестердің V съезінде ұлы арманымыз орындалатын шығар.

Бадрисафа. Қуаныштымын, Төрем, қуаныштымын! Лайым жолдарыңыз оңынан оңғарылсын. Марқұм Сұлтанмахмұт Торайғыров бауырыңыздың сіздерге арнап жазған жырының есіме орала кеткенін қараңызшы, Төрем!

Ахмет. (елең етіп, күлімсіреп) Не деп жазған еді, марқұм?

Ал, оқышы.

Бадрисафа. (қалтасынан сырты көнерген ашық хатқа бір қарап алып, жатқа оқиды) Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов, Білемін бұл үш ердің айтпай жайын.
Кешегі қара күнде болмап па еді,
Бірі – Күн, бірі – Шолпан, бірі – Айым.
Ахмет. (толқып, ашық хат-открытканы Бадрисафаның қолынан алады. Басын шайқай түседі)

Азаматым-ай, жоқшылықтың зардабын, қиыншылықтың қыспағын қанша тартып жүрсе де, мұқалмайтын мық шегедей қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, өтті-ау өмірден!

Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып күн болам!

Қараңғылықтың кегіне,

Күн болмағанда кім болам!деген ерен ерім еді ғой ол!,-  (күрсіне тебіреніп). Жиырма жеті-ақ жас жасап, қыршын кеткен сұңқарым еді ғой ол. Иә, Жаратқан, қазағымның қойнауынан шығатын осындай қажымас қайратты, намысты перзенттерімізді көбейте бергей! Сахна сыртынан дауыс. Немесе экранға мынадай сөздер жазылады. (музыкалық фон)

1925 жылы 15-19 сәуірде республиканың жаңа астанасы Қызылорда қаласында Кеңестік Қазақстанның Vсъезі өтті. Съезд байырғы халықтың қазақтардың тарихи атауын қалпына келтірді. Қырғыз АКСР-ның аты Қазақ Автономиялық Кеңес Республикасы деп өзгертілді.

Қазақстан тарихы. 4-том. 226-бет.

БЕСІНШІ КӨРІНІС

Алматы қаласы, 1937 жыл, 8 желтоқсан. Қаскелең көшесі, 44-үй, 2-пәтер.
Түн іші. Қаракөлеңке. Бадрисафа бөлмеде жалғыз өзі.

Мұңлы музыкалық фон. Домбыра ойнап тұрады.

Бадрисафа. (Теңселіп жүреді)

Арылмады-ау алтын басың азаптан,
Көрген күнің бір кем емес тозақтан
Ғұмырыңда түрме көрдің бес рет.
Көрдің зорлық өзің туған қазақтан.

«Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен,
Өз ауылымның иттері үріп қапқаны».

Деп едіңіз, асыл Төрем, күйзеліп,
Жолбарыстай жаралы бір күйге еніп.
Қырық жамау жүрегіңіз қан жылап,
Әлемтапырақ аласұрған түрге еніп.

Жазығың сол – елді ояттың ұйқыдан,
Әліпбиін сыйға тарттың нұр тұнған.
«Қырық мысал» қыр халқына өнеге,
Бағдар болған жас ұрпаққа ұмтылған.

Ұлттың тілін ұлық тұттың, қадірлеп
Сан ғылымның сырын аштың-мәлімдеп.
Титтей кінәң болмаса да құзғындар
Алып кетті, зар илетті. Әлім жоқ.

(сылқ етіп, тізерлеп отыра кетеді. Қос қолын көкке жайып)

О, Жаратқан! О, Жаратқан! Аман болғай, абызым, Шаңырағыма жоламашы, зарлы мұң!
(дауысы дірілдей бастайды. Жүрегінің үстіне қолын қойып)

Жүрек, шіркін, туламашы! Туламашы, не сездің?Кет, кет әрі! Мейірі жоқ зәрлі күн!
Кет! Кет! (қос алақанымен бәлекетті кетіру, аластау қимылдарын жасайды. Ерекше күйзелісті шырқыраған үнмен) 

Жоламашы, кет әрі!

(Сол кезде сахна сыртынан тарс еткен мылтықтың ащы дауысы естіледі)

Ахмет. Аһх! Қош бол, халқым! (дауысы әлсірей үзіліп бара жатады) Пәдірем… Бадри

(Бадрисафа шыңғыра айқайлайды.)

Бадрисафа. (үлкен күйзеліспен) Алла-ай! Құдіреті күшті, Құдай-ай! Ахмет Төремдей асыл жанға арашаң қайда?! Неге сонша сараңсың?! Иненің жасуындай мейіріңді неге ғана қимадың?! (еңірей жылап, етбетінен түсіп,жерді тоқпақтай жылайды. Құрманғазының «Ақбай» күйінің драмалық үзіндісі фон болып орындалады. 0,5 мин).

Самырат. (елере жүгіріп келіп, еңкілдеп жылайды). Анашым, анашым! (құшақтап, басын көтеруге әрекеттенеді). Басыңызды көтеріңізші! Не болды?!

Сахнаның оң жақ бұрышынан аппақ дәке кебін киген Ахметттің тұтас сұлбасы шоғырлы шеңбер сәуле ішінен көрінеді. Самырат тілі байланғандай халде аппақ киімдіге үрейлене, аузы ашылған күйі шошына қарайды.

Самырат. Анашым!!

(Сахнада үнсіздік орнайды. Екеуі ақырын орнынан көтеріле бастайды. Ахмет-аруақ зор дауыспен, денені шымырлататындай, күңіренген үнмен сөйлейді. Дірілді, толқымалы жаңғырықпен естіледі).

Ахмет-аруақ.

Мен өлсем де өлемін жөнімменен,
Тәннен басқа немді алар өлім менен?!
Өлген күні апарып тығары – көр,
Мен жоқ болман көміліп тәнімменен.

(Бадрисафа мен Самырат орнынан көтеріліп, тік тұрады)

Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін.

Сахна шамы баяу өшіріледі. Құрманғазының «Серпер» күйі оркестрдің орындауында беріледі. Экранда Ахметтің кітаптары – «Әліп-би», «Әдебиет танытқыш», «Қырық мысал», «23 жоқтау», «Маса», «Ер Сайын» жыры, Көсем сөзі төменнен жоғары қарай жылжытып көрсетіледі.

Пернебай ДҮЙСЕНБИН.

21.03.2022 жыл.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support