- Advertisement -

Барды ұқсатсақ болмай ма?

64

- Advertisement -

Менің мамандығым – инженер-технолог. Сүт зауытында технолог, цех бастығы болғанмын. Осы
орайда өзім жақсы білетін бір өзекті мәселе туралы ой қозғасам деп
едім. Бұл менің ғана емес, бірнеше тұрғындардың, кезінде үлкен зауытта еңбек еткен мамандар мен жұмысшылардың жанайқайы, өтініші.

Біздің облыста ескі қалалық сүт зауыты (ГМЗ) 1991 жылдарға дейін жұмыс істеп тұрды. Тәулігіне 150 -160 тонна сүтті өңдеуден өткізетін әлеуеті бар еді. Зауытта 300 адам еңбек етті. Ол кезде аудандардан жиналған сүт аталған зауытқа сыймай, жаңа зауыт салуға деген қажеттілік туды. Содан 1989 жылы теміржолдың арғы жағынан, «Толчок» мал базары маңынан тәулігіне 400-500 тонна сүт өңдеуге қауқарлы үлкен зауыт салу ісі қолға алынып, 1994 жылдары құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Жаңа зауыт іске қосылып, сүт өнімдерін шығара бастады. Айраны, қаймағы, сыры бәрі де өтімді болып тұрды. Сол жаңа зауытта да еңбек еттік. Бірақ көп ұзамай жаппай жекешелендіру салдарынан болар, сиырлар сойылып, сатылды. Ірі қара саны кеміген соң, сүт те азайып кетті. Содан келіп біз айтып отырған үлкен зауыт жұмысын тоқтатты. Онда мамандар мен жұмысшылар енді алына бастап еді. Бәрі қысқартуға ұшырады. Сүт азайған кезде де ескі зауыт шамамен ( жұмысшылар шетінен қысқара берді) 1998 жылға дейін істеп тұрды.

Ал енді жаңа зауытқа келейін. Бұл нысан барлық жаңа жабдықтармен қамтылған, автоматтандырылған өндіріс ошағы еді. Оның 4 қабатты кеңсесі, жеке жатақханасы болды. Кейінірек 4 қабатты кеңсесі орта мектеп үшін берілді де, ал жатақханасы жеке адамдардың иелігінде кетті. Осылайша 5 жыл бойы салынған үлкен зауыттың ішіндегі құрал-жабдықтары қиратылып, сатылып, талан-таражға түсті.

Қазір жекеменшік жүйенің дамыған кезі ғой. Бүгінде сол жаңа зауыттың ғимараты әлі тұр. Инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген. Іші тоналып кетті демесеңіз, дайын дүние.

Бір жиында бұрынғы облыс әкімі Бердібек Машбекұлы: «Журналистер әрдайым оқиғаның басы-қасында жүріп, туындаған мәселелерді билікке жеткізіп, олардың жедел және сапалы шешілуіне ықпал ете алады», – деп айтып еді. Сол сөзден үміт етіп, қазіргі басшылар да сөзімді жерге тастамас деп, аналық, жанашырлық көңілмен жазып отырмын.

Мен ескі зауытта 34 жыл инженер-технолог болып тер төктім. 1997 жылы «Еңбек ардагері» атанып, зейнетке шықтым. Сол кезде аталған зауытты Мырзабек Сапаралиев басқаратын. Ал өзім зейнетке шықсам да, жаңа салынған зауытқа, сондай үлкен құрылыстың алға баспай, тоқтап қалғанына жаным ашиды. Мен ғана емес, сол кезде еңбек еткен мамандар мен жұмысшылардың да көңілі құлазиды. Ал сол уақытта Бурный, Меркі, Қордай сүт зауыттары сақталып қалды. Олар қазір сүт өнімдерін өңдеп жатыр. Жақсы табыстарға жетуде.

Кезінде Таразда былғары аяқкиім өндірісі, ет комбинаты, «Фабриказ-Пош-Тараз» жүн өңдеу зауыттары жақсы жұмыс істеді. Ал қазір оның барлығы да тұралап тұр.

Ел Президенті әр сөзінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрып жатқанын айтып, бәрі ашық болуын талап етуде. Яғни халықтың әл-ауқатын арттыратын әлеуметтік мәселелер жедел шешіліп, жаңа жұмыс орындарының ашылуы өзекті.

Қазір жекеменшік шаруа қожалықтары, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жетілді. Малдың басы, оның ішінде сиыр саны да өсті. Сондықтан сүт өндіру де молайып отыр. Ал кейбір саудагерлер сүтті кез келген жерде, ашық далада сатып жатыр. Оның тазалығына, талапқа сай немесе сай еместігіне ешкім бас ауыртып жатқан жоқ.

Айтайын дегенім, облыстық бюджеттен сол бір кезде жаңадан салынған зауытқа қаржы бөлініп, құрал-жабдықтар алынса, сүтті өңдейтін зауытқа айналса деген тілегім бар. Бұл халықтың өтініші. Әйтпесе, тағы біраз жыл бос тұра берсе, ол ғимараттың да тозып, талан-таражға түсіп, талқандалып кету қаупі бар. Сондай қауіптің алдын алсақ, нұр үстіне нұр емес пе? Бұл мәселенің облыс басшылығы тарапынан оң шешім табатынына сенемін.

Жамал Ералиева,

зейнеткер, еңбек ардагері.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support