- Advertisement -

1922 – 2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР

322

- Advertisement -

«КОЛХОЗ ЖОЛЫ»

(қараша, 1939 жыл – наурыз, 1940 жыл)

Газеттің кезекті рет, онда да болмашы ғана өзгеріспен жаңа атау алуына 1939 жылғы 14 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі  Төралқасының Жарлығымен Жамбыл облысы құрылуының әсері тиді. Облыс Оңтүстік Қазақстаннан енші алып, бөлініп шықты. «Колхозшы» енді КП(б)К Орталық Комитетінің Жамбыл облысы бойынша ұйымдастыру бюросының және КСРО Ұлттар Кеңесі Төралқасының Жамбыл облыстық ұйымдастыру комитетінің газеті ретінде шыға бастаған. Қараша айынан бастап облыстық газет мәртебесін алған басылымның алғашқы нөмірлеріне «редактордың міндетін атқарушы К.Сүгірбеков» қол қойып отырыпты.

Басылымның облыстық газет мәртебесін алғаннан кейінгі алғашқы санына қол қойған Күзембай Сүгірбековтің «Өткен күн еске түскенде» деген естелігінде аудандық оқу бөлімінде қызмет істеп жүрген жерінен облыстық партия комитетіне шақырылып, жаңа газеттің редакторлығына тағайындалғаны айтылады. Өзіне таңдау түсуіне «Колхозшы» газетіне автор ретінде атсалысып, мақалалар жариялап жүргені себеп болған. Басылымның жауапты хатшысы, Алматыдағы журналистика институтын бітіріп келген комсомол мүшесі Төленді Оңғарбаевпен бірге іске кіріскен. Сол күндері шығарылған «Колхоз жолы» газетінің қараша-желтоқсан айларындағы нөмірлерінің тігінділері Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында сақтаулы. Газет латын қарпімен шығып тұрған. Қараша айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұйғаруымен республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде істеп жүрген жерінен Жайық Бектұров «Колхоз жолына» бас редактор етіп жіберіледі. Тәжірибелі журналист газет жұмысын жолға қойды, жан-жақтан қолынан жазу келетін журналистерді тартты. Нәтижесінде газет аптасына бес рет шығып тұрды. Оның беттерінде сол кезгі екпінді жұмысшылар мен шаруалардың еңбектері, социалистік жарыста қол жеткізген жетістіктері кеңінен жазылды. Республика, облыс жаңалықтары жеткізіліп тұрды.«Колхоз жолының» барлығы 459 нөмірі жарық көрді.

«КОММУНИСТ»

(8 наурыз, 1940 жыл – 7 қазан, 1944 жыл)

Облыс тарихында 1940 жылдың 3-7 наурызы аралығы Қазақстан Коммунистік партиясы Жамбыл облыстық партия конференциясы Пленумының ұйымдық мәжілісі өткен күндер ретінде қалды. Конференцияның жетінші мәжілісінде 45 адамнан облыстық партия комитетінің пленум мүшелері сайланды. Олардың бірі – «Колхоз жолы» газетінің бас редакторы Жайық Бектұров еді.

Конференцияда басылымның Жамбыл облыстық партия комитетінің органы болып табылатыны ресми түрде жарияланды. Газет атауы Жайық Бектұровтың ұсынысымен «Коммунист» болып өзгерді.

Газет атына сай партия жүргізіп отырған идеологиялық жұмыстармен елді хабардар етіп отырды. Беттерінде отаншылдық, қырағылық ұрандары жиі жарияланды. Халықтар достығы кеңінен насихатталды.

1941 жылдың 22 маусымында батыста соғыс өрті бұрқ ете қалғанда «Коммунист» газеті де жұмысын қайта құрды. Соғыс жағдайына бейімделген облыс халқын ерлік пен еңбекке жігерлендірді.

«Коммунист» газетінің облыстық мұрағатта сақтаулы тігінділерінде сол күндердің тынысы, тылдағы ерлікпен өрілген еңбектің тамаша үлгілері туралы хабарлардың айтары көп.

(1941 жыл)

2 қыркүйек. № 209 (554). Батыста жүріп жатқан соғыс туралы Кеңес ақпарат бюросының (Совинформбюро) хабарлары, «Правда» газетінің «Гитлер бандасының Ирандағы импералистік пландары іске аспай қалды» деген бас мақаласының аудармасы, «Еңбекшілер Ұлы Сталиндік вахтада» және «Жаңа оқу жылы басталды» топтамалары сол күндердегі облыс тынысы қандай болғанын білдіреді.

7 қараша. №266 (611). Сол замандағы ең үлкен мереке – Ұлы Октябрь Социалистік революциясының XXIV жылдығына арналған газет санында Лениннің үлкен портреті, «Октябрь мерекесіне тартулар» топтамасы мен «Алдыңғы адамдар, даңқты істер» деген ортақ тақырыппен арнаулы бет берілген. Даңқты қызылшашы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Наужан Дидарбекованың мақаласы, жазушы Алексей Толстойдың «Халық қаны» әңгімесінің аудармасы, ақын Жақан Сыздықовтың «Москва — туған жер» өлеңі, фельетонист Сейділдә Төлешовтің «Алтын таң жарқырай береді» деген уытты әжуә-мысқылға толы шағын әңгімесі газеттің жауапты редакторы Жайық Бектұров бастаған журналистер қауымының толыққанды газет шығаруға ұмтылып отыратындығының айғағы.

15 қараша. №273 (618). Жыр алыбы Жамбылдың «Аттан батыр ұрпағы» өлеңі берілген. Майдан мен тылдағылардың намысын қайрап, ерлікке шақыратын жыр жолдарының талай жүректе жатталып қалғаны сөзсіз.

13 желтоқсан. №298 (643). Газеттің төтенше шыққан саны. Көлемі оқушы дәптерінің бір парағындай ғана. Алайда көтерген жүгі өте маңызды. «Соңғы сағатта» айдарымен «Москваны қоршау және алу жөніндегі неміс жоспарының іске аспай қалуы» деген хабар берілген.

16 желтоқсан. №300 (645). Бұл саны да жақсы жаңалықты хабарлаумен ашылған. «Қазақстан Коммунистік (большевиктік) Партиясы Орталық Комитетінде» деген айдармен «Меркі ауданындағы «Большевик» колхозы мүшелерінің «Кемеңгер Сталиннің шақыруына тылда ерен еңбек етумен жауап береміз» деген Қазақстанның барлық колхозшыларына, колхозшы әйелдеріне, жұмысшыларына, жұмысшы әйелдеріне, интеллигенциясына, барлық еңбекшілеріне жазған хаты жарияланған.

Соғыстың алғашқы жылында Жамбыл облысында 81-ші және 105-ші атты әскер дивизиялары жасақталды. Соңғысының дивизиялық газетіне 10 желтоқсанда облыстық «Коммунист» газетінде істеп жүрген Жайық Бектұров редактор етіліп жіберілді. Бірақ, көп істей алмай «1937 жылдан бастап халық жауларымен байланысы бар» деген жалған жаламен қамауға алынып, КСРО НКВД-сының айрықша кеңесінің шешімімен он жыл бас бостандығын айыруға кесілді. 1948 жылы ғана ақталып шыға алды.

Дайындаған

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support