ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЗЕЙНЕТ ЖАСЫ ТӨМЕНДЕУІ МҮМКІН БЕ?

2

Бұл сұраққа бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі өткен жылдың соңында: «Үкімет зейнет жасын қысқартуды қарастырмайды. Себебі Қазақстанда 1998 жылдан бері жинақтаушы зейнетақы қоры жүйесі енгізілді. Оған байланысты ерте зейнетке шығуға болмайды», деп кесіп айтқан болатын. Әйтсе де, «ескі жараның» аузын қайта ашып отырған, Жаңа Қазақстан құрудан үмітті халықтың, кейбір партиялар, бірқатар депутаттар мен қоғам белсенділерінің бұл тақырыпты әзірге «жылы жауып» қоятын ниеті байқалмайды. 

Еске салсақ, елімізде 2015 жылы зейнетақы заңнамасы өзгертілгеннен кейін, 2018 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы жыл сайын жарты жылға ұзартылып келеді. Биыл әйелдердің зейнетке шығу жасы 60,5 жасқа жетті. 2027 жылғы қаңтардан бастап әйелдер зейнетке ерлер сияқты 63 жастан шығатын болады. Зейнет жасын ұзарту туралы шешім зейнетке ерте шығуға жеңілдігі бар әйелдерге әсер етпейді.

Шыны керек, «Әйелдердің зейнет жасы қысқарады ма?» деген мәселе бүгінде көптеген БАҚ беттерінде, түрлі жиын, кездесулерде, әсіресе әлеуметтік желілерде ең көп әрі қызу талқыланып жүрген тақырыптардың бірі десек қателеспейміз. Бұл айтпаса да түсінікті. Билік бұл өзгерістерді «зейнет жасы ұзарған сайын, зейнетақы қорындағы жинақ қаржы көбейіп , әйелдің қартайған шағында қамсыз болуға мүмкіндігі артады», деп түсіндіргенімен, ауыр жұмыс істеп, тірлік пен тұрмыс тауқыметін қатар көтеріп жүрген әйелдер зейнет жасын ұзартуды азапқа теңейді. Содан да болар, әлеуметтік желілерде Мемлекет басшысының, сондай-ақ Премьер-Министрдің атына жолданған хаттар легі толассыз. Тіпті, Қазақстан әйелдері қозғалысы деген ұйым петиция ұйымдастырып, зейнет жасын 55-58-ге қысқарту туралы қол жинап жатқаны тағы бар. Жақында Үкімет басшысы Ә.Смайыловтың фейсбуктегі жаңадан ашылған жеке парақшасына: «Бар үмітіміз Президент жүргізіп жатқан реформада.

Үкімет енді жаңа Қазақстанда әйелдердің зейнет жасын қысқарту туралы жанайқайын еститін болар», деген сарындағы жазбаларды көптеп жолдауда. Кеше ғана тағайындалған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға жолданған: «Әйелдің жайын әйел ғана түсінеді, зейнет жасын 58-ге түсірсеңіз, халықтың алғысын алар едіңіз», «Әйелдердің зейнетке шығу жасын ең болмаса 60-қа төмендетсеңіздер», «55-60- тағы әйелдер сүйретіліп жүр, тепсе темір үзетін жастар дипломымен жұмыс таба алмай сенделуде!» деген жазбалар да қаптап жүр. Осылай зейнет жасын қайта қарауды ұсынып, Жаңа Қазақстанға үмітпен қарап отырғандар қаншама?! Лайым, үміттері ақталсын дейік. Сонымен…

ЗЕЙНЕТ ЖАСЫ НЕГЕ ҰЗАРДЫ?

Бұл зейнетақы мөлшерін өсіруге мүмкіндік береді. Осылай деген Қазақстан Үкіметі азаматтар зейнетке ерте шықса, зейнетақы қорына жарна аудару мерзімі қысқарып, жеткілікті қаржы жиналып үлгермейді дейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де осы пікірге қосылады, бұл базалық зейнетақы мөлшеріне әсер етеді. Ұзақ уақыт жұмыс істеген адамның базалық зейнетақысы да жоғары болады.

Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, зейнетақы қорына жарна аудару мерзімі қысқа болған сайын, базалық және жинақтаушы зейнетақы мөлшері де азаяды. 40-қа толған және оған дейінгі жастағы азаматтарға ынтымақты зейнетақы берілмейді. Ведомство мәліметінше, әйелдердің зейнет жасын көтеру оларға зейнетақы қорына көбірек ақша жинап үлгеруге мүмкіндік береді. «Ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіру бюджет қаржысын үнемдеу үшін емес, әйелдердің зейнетақысын өсіру үшін жасалып отыр. Қазір зейнетақы жүйесінің барлық бөлшегі (ынтымақтық, базалық және жинақтаушы зейнетақы) еңбек өтіліне негізделген. Ынтымақтық зейнетақы мөлшері біртіндеп төмендеп келеді, өйткені оны тағайындау кезінде жинақтау жүйесі қолданысқа енген 1998 жылғы қаңтардың біріне дейінгі еңбек өтілі ғана ескеріледі. Көлемі қысқарып келе жатқан ынтымақтық зейнетақының орнын толтыру үшін міндетті зейнетақы жарнасы есебінен түзілетін жинақтаушы зейнетақы мөлшерін өсіру керек», делінген министрліктің ресми сайтында.

КІМ НЕ ДЕП ЖАТЫР?

Мәжіліс депутаттарының да ара-тұра «ескі жараның» бетін тырнап қоятын әдеті бар. Олардың біразы әлемді жайлаған пандемия кезінде зейнет жасын қысқарту керек деп, енді-енді ұмытылып келе жатқан тақырыпты парламент қабырғасында көтергеніне де жұрт куә. Әйелдердің зейнет жасын төмендетуді сұраған белсенділер де оларға үндеу жолдап, мәселені парламент деңгейінде көтеруді сұраудан әлі күнге жалықпай келеді. Ескі тақырыпты еске түсіріп, әйелдердің зейнет жасын қайта қарауды ұсынып отырғандардың бірі – Қазақстан Халық партиясы. «Алайда бұл депутаттар айтты, партия ұсынды, болды, зейнетке ерте шығамыз деген сөз емес. Оның болар-болмасын Үкімет қарайды. Дегенмен мұны қиял-ғажайып ретінде қарастырмауымыз керек» деген кейбір сарапшылардың пікірінше, мемлекеттің оған құзыры да, қауқары да жететін көрінеді.

Қазақстан Халық партиясы бағдарламасының бір бағыты – әділетті зейнетақы жүйесі. Ер азаматтардың зейнетке шығу жасы – 63, ал әйелдерге 58 жас шамасында белгіленуі тиіс. Осылай деген ҚХП Конституцияға осындай өзгерістер енгізуді ұсынып отыр.

Бұрынғы заңдылық актісі Қазақстандағы өмір сүру сапасы ескерілмей, біздің өмірімізді Еуропамен салыстырып қабылданды. Алайда әр елдің өмір сүру деңгейі әртүрлі ғой. Экономикасы, тұрмысы, табысы әрқалай, тіпті зейнеткерлерге деген қатынасы да өзгеше. Көптеген әйелдер зейнет жасына жетпей өмірден өтіп жататыны жасырын емес. Ол, әсіресе, пандемия кезінде байқалды. Экономиканың әр саласындағы әйелдер әртүрлі еңбек етеді. Олар 50 жастан асқаннан кейін денсаулықтың сыр беруі, жұмыста қысқартуға түсу, жақсы әрі жалақысы жоғары жұмысқа орналасу қиындығы, отбасы мен балалардың мәселесі сияқты бірқатар фактілермен бетпе-бет кездеседі. Бұған қоса әйел шаңырақтың ұйтқысы ретінде балаларын, тіпті немерелерін тәрбиелейді, үй шаруасын жүргізеді. Ешқашан да әйелдің физиологиясын ерлердікімен салыстыруға болмайды. Сондықтан мен партия өкілі ретінде де, әйел ретінде де нәзікжандыларды 58 жаста зейнетке шығарып, бейнетінің зейнетін көруге лайықты мүмкіндік берілу керек деп есептеймін, – дейді Қазақстан Халық партиясы облыстық филиалының төрайымы Жанат Бастаубаева. 

Жұмахан Тәнкебаев, облыстық мәслихаттың депутаты, «Аmanat» партиясы облыстық филиалы  Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі:

– Бүгінде Қазақстан аяққа тұрған, даму жолына түскен мемлекет. Әрине, Үкімет әйелдердің зейнет жасын жылдан жылға ұзарту туралы шешімді нақты фактілерге сүйеніп қабылдағаны даусыз. Әйтсе де, мен әйелдердің зейнет жасын төмендету ұсынысын қолдар едім. Әсіресе, ауыр жұмыста істейтіндер мен ауылда жұмыс таппай отырған әйелдерді де ойлағанымыз жөн. Мүмкін Жаңа Қазақстанда жаңа бір мүмкіндіктерге жол ашылып қалар деген сенім де жоқ емес. Әйелдерді, аналарды сыйлаған халықпыз ғой, дегенмен бәрі жан-жақты қарастырылып шешілгені жөн.

– Қазақстанда әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен ұлғайту қолға алынды. Осыған байланысты биыл әйелдердің зейнетке шығуы 60 жас 6 ай. Бұрындары аналарымыз көпбалалы болса және ауыл шаруашылығында жұмыс істесе 45 жаста зейнетке шыққан. Одан соң 53 жас дедік, 55, 58 жас болды, әйтеуір зейнетке жете алмай қуып келеміз, қуып келеміз. Нағыз немере бағатын жаста талай әйел келінімен жарысып жұмыста жүр. 63 жастан кейін немере емес, өзіне де күтім керек болатыны түсінікті. Сондықтан зейнет жасын азайтқан дұрыс деп ойлаймын. Ең болмаса осы 61 жаспен тоқтаса ғой. Ер мен әйелдің зейнет жасын теңестіру де жөн емес. Әйел жұмыстан соң балаға қарайды, тамағы, қонағы, кір-қоңы бар, әйтеуір жұмысы бітпейтіні бесенеден белгілі. Аналарды құрметтейік, олардың отбасындағы еңбегін де бағалайық, – дейді Мойынқұм аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры, іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Ғалия Шубаева. 

Тараздық белгілі заңгер Нұргелді Есілбаевтың айтуынша, Үкімет әйелдердің зейнет жасын 63 жасқа дейін арттырудың елге, экономикаға, бюджетке тиімділігіне тек 5-10 жыл өткеннен кейін ғана баға бере алады. Дегенмен әйелдердің зейнет жасын көтеруге наразылықтың жиілеуіне ел тұрғындарының жалпы денсаулығы мен тұрмысының нашарлауы себеп болып отыр. «Бұл мәселеге екі жақты қарау керек. Біріншіден, ұлттық компанияларда, ірі мекемелерде жұмыс істейтін, табысы жоғары әйелдер бар. Олар үшін зейнет жасының ұлғайғаны пайдалы. Алайда олармен қатар жұмыссыз, аз уақыт жұмыс істеген немесе кәсіпорындарда, ауыл шаруашылығында ауыр жұмыс істеген әйелдер де бар. Міне, олардың денсаулығына едәуір зиян келіп отырғандықтан, зейнет демалысына ертерек шыққаны тиімдірек», – дейді заңгер.

Қаузаған тақырыпқа орай бірқатар азаматтардың да пікірін білдік. Зейнет жасы туралы әңгіме қозғасаң, көсіліп кететіндер көп екен арамызда. Солардың бірнешеуін тыңдап көрейік. «Бүгінгі Қазақстанның жағдайында зейнет жасын 6 ай сайын ұлғайтпай, керісінше азайтуға толықтай мүмкіндік бар. Сондықтан зерттеп, зерделей отырып, зейнет жасын әйелдер үшін 58 жас, ерлер үшін 60 жас ету бастамасын көтеру керек», – дейді қоғам белсендісі Айтбек Мәкіжанов. «Елу бестен асқаннан кейін әйелдің денсаулығы еңбекке жарамайды. Көпбалалы аналар 63-ке, яғни зейнет жасына жете алмауы да мүмкін. Қазір біздің денсаулығымыз әлеуметтік жағдайға байланысты төмен ғой», – дейді тараздық Кенже Сембаева. Кенже бірнеше жылдан бері жұмыссыз, айтуынша бұрынғы заң сақталғанда биыл зейнетке шығатын еді, енді 4 жыл күтуіне тура келеді. «Шетелмен зейнетке шығу жасын ғана емес, алатын зейнетақысына салыстырса ғой» деп армандайды тағы бір тұрғын. «50 жастағы әйел бір жерге жұмыс сұрап барса, жасың үлкен деп жолатпайды. Жұмыссыз сандалып, балалардың, күйеуінің қолына қарап мүсәпір хәлге түсіп, даусы еш жерге жетпей жүрген әйелдер көп. Жасы 59- 60-та, жұмысқа жарамай, лажсыз жүргендері де аз емес». «Кейбір заңды білмейтін жастар: «Апай, үйіңізде немере қарап жатпайсыз ба?!» деп жақтырмай қарайды. Олар ақша үшін жүр деп ойлайды». Бұл пікірлердің бір тобы ғана. «Он жылдан асты, теміржолдағы жұмысым қысқарып қалған соң саудамен айналыстым. Қазір құрылыс материалдарын сататын дүкенім бар. Жұмыс оңай емес, ауыр жүк көтереміз, аязда тауар қабылдап, жөнелтеміз, күні бойы тыным таппай жүгіріп жүреміз. Аптасына алты күн жұмыста жүргендіктен, емделуге де уақыт жоқ», – дейді жеке кәсіпкер Айнагүл Естаева. «Мен 58 жаста зейнетке шығып үлгерген «жолы болғыштың» бірімін. 112 мың зейнетақы аламын. Бірақ қарап отырмай, саудамен айналысып жүрмін. Жанымдағы абысыным зейнетке келер жылы шығады. Ауылда жұмыс болмаған соң осында нәпақасын тауып жүр. Зейнетақы қорына өзі аздап ақша салады, енді қайтеді?», – деді базарда ыдыс-аяқ сатып отырған Зәмзәгүл есімді зейнеткер.

ӨЗГЕ ЕЛДЕРМЕН САЛЫСТЫРСАҚ…

Мәліметтерге сүйенсек, әлем елдері халықтың қартаю тенденциясын ескеріп, зейнет жасын ұзарта бастады. Еуропа және басқа да дамыған елдерде зейнет жасы бұрыннан жоғары болса, көршілес мемлекеттер зейнет жасын ұзарту үшін тиісті шаралар қабылдап жатыр. Мысалы, Ресейде 2019 жылдан бастап 2028 жылға дейін ерлер мен әйелдердің зейнет жасы біртіндеп бес жылға ұзарады. 2017 жылы Әзербайжанның зейнетақы заңына ерлер мен әйелдердің зейнет жасын біртіндеп 60-тан 65-ке дейін көтеру туралы өзгерістер енді. Грузияда ерлер зейнетке 65 жаста, әйелдер 60-та шығады. Латвияда 2014 жылдан бастап 2025 жылға дейін ерлер мен әйелдердің зейнет жасы 62-ден 65-ке дейін ұзармақ. Ал ТМД елдері ішінде Өзбекстанда ең төменгі зейнет жасы белгіленген. Ерлер 25 жыл еңбек өтілі болған жағдайда 60 жаста, ал әйелдер 20 жыл жұмыс істеп, зейнетке шыға алады. Зейнетке кеш шығатындар – Армения азаматтары. Ол жақта ерлер 65 жаста, ал әйелдер 63 жастан зейнетақы ала бастайтын көрінеді.

«Қазақстанда белгіленген зейнет жасы халықаралық және отандық сарапшылар жүргізген зерттеу нәтижелері мен ұзақ мерзімді актуарлық болжамдарға негізделген. Зейнетке шығу жасы халықаралық тәжірибеге және әлемде қалыптасып отырған экономикалық, демографиялық жағдайға сәйкес келеді. Жалпы, елімізде зейнет жасын бірегейлендіру әйелдерді зейнетақымен қамтамасыз ету деңгейін көтеруге бағытталған шаралардың бірі», дейді сарапшылар.

ЗЕЙНЕТКЕ АСЫҚПАЙТЫНДАР ДА АЗ ЕМЕС

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда еңбекке қабілетті әйелдердің саны 4,3 миллионды құрайды. Олардың қаншасы жұмыспен қамтылғаны жайында мәліметіміз жоқ, дегенмен елімізде жұмыс істеп жүрген әйелдің барлығы бірдей зейнетке шығуды аңсап, күн санап күтіп жүр деуге келе қоймас. Расында да, зейнетке асықпайтын, яғни әйелдердің зейнет жасын 63-ке дейін жеткізуді қолдайтындар, тіпті одан кейін де жұмыс істеуге құлшынып отырған замандастарымыз баршылық.

— Ірі компания, мекемелерде жұмыс істейтін, табысы жоғары әйелдер бар. Олар үшін зейнет жасының ұлғайғаны пайдалы. Кезінде ел арасында әйелдердің зейнет жасын көтеру бастамасын мәжілістегі жылы орнында ұзағырақ отырғысы келген депутат әйелдер ұсынды деген де әңгіме шыққан. Ал Үкімет әйелдің зейнет жасын көтермесек, 2023 жылға қарай бюджет тапшылығы болуы мүмкін деген болжам айтты. Өкінішке қарай, Үкімет халықтың жартысына жуығы ауылда тұратынын, онда әйелдерге ғана емес, еңбекке қабілетті азаматтардың бәріне жұмыс табу қиын екенін, көп отбасы үшін зейнетақы үй ішін асыраудың жалғыз амалы болып отырғанын ескерген жоқ. Еңбек нарығында жұмыс орындары босамай, жыл сайын жұмыс іздейтін жастар қатары да артып келеді. Жұмыс берушілердің көбі 45 жастан асқан әйелдерді алғысы келмейді, – дейді экономист Меруерт Махмұтқызы.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ:

Иә, зейнетке ерте шығуға құлшынып отырмаған ханымдар біздің облыста да жетерлік. Әрине, бұл үшін оларды кінәлау орынсыз болар еді. Қайта тұрмысын түзеп, жұмысына да, отбасына да жауапкершілікпен қарап отырған сондай әйелдерден айналасың ғой! Олардың қатарында еліне, халқына бергенімен қатар, әлі де берері мол білімді, білікті мамандардың көп екені даусыз. Арасынан мына өмірдің 63-ке келіп тоқтап қалмайтынына көптің көзін жеткізетіндер де табылары анық. Оның үстіне Үкімет те зейнет жасын қысқартуды қарастырып отырған жоқ. Бұл енді уақыттың еншісіндегі мәселе. Ендеше, ескі заңмен ертерек зейнетке шығып үлгерген әйел-аналарға бейнетінің зейнетін көрсін дейміз, ал біз сияқты «кезегін» жылдап күтуге тура келетіндерге сол күнге жеткізсін деп тілейік!

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

Comments are closed.