Қызыл қағаз, төреші, офсайд
Қызыл қағаз, төреші, офсайд
Еуро-2016 іріктеу кезеңінің екінші матчын түзде өткізген Қазақстан құрама командасы сырт алаңда әлем біріншілігінің қола жүлдегерлері Нидерланды құрамасынан ұпай жырып әкететін мүмкіндікке ие болды. Бірақ... Бауыржан Исламхан бастаған бірқатар ойыншыларды негізгі құрамда шығармаған Красножанның командасына төрешілер де қырын қарады. Біздің ұлттық құраманы менсінбей шыққан Роббен, Ван Персилер ойынның алғашқы минуттарында гол жіберіп алды. Осы матчтың алдында Нидерланды құрамасының қорғаушысы Григорий Ван Дер Вель: «Мен танитын жалғыз қазақ – Борат» деп көкіген болатын. Енді Ван Дер Вель кем дегенде Ренат Абдуллинді танитын болды. Карпович бұрыштама добын көтерген кезде Абдуллин өзгелерден биік секіріп, ағылшындық стильде допты қақпаға дөп қадады. Қақпа бағанасынан серпілген былғары зымыран торда тулап жатқан кезде сол Ван Дер Вель не болғанын ұқпай қалды. Себебі, қорғаныстағы өз аймағын бақылауда ұстай алмады. Осы голдан кейін басымдылық толығымен алаң қожайындарының қолына өтті. Әйткенмен, үзіліске дейін қорғаныста жата жамбастап өнер көрсеткен ұлттық құрама ойыншылары Ван Персидің де, Роббеннің де, Снейдердің де адымын аштырмады. Осылайша бірінші тайм сенсациямен аяқталды. Ойынның екінші бөлігінде алаң иелері қайта қаһарына мінді. Оларды төреші де қолдай жөнелді. Ал ойынның алпысыншы минутында Ибрагим Афеллай көтерген допты аяғына қондырып алған Хунтеллар таразы басын теңестірді. Бірақ, бұл эпизодта ойыншының офсайдта қалғаны анық еді. Алайда, бас төреші де, лайнцмен де бұған көз жұма қарады. Төрешінің қасақана қателесуі мұнымен толастаған жоқ. Осы голдан кейін алаңның ортасында Афеллайды шалып жыққан Бауыржан Жолшиев алаңнан қуылды. Анығында бұл жерде соңғы мүмкіндіктегі фол емес болатын. Алайда, әлем футболының «авторитеттеріне» бүйрегі бұрған төреші Жолшиевке бірден қызыл қағаз көрсетті. Бұл ойындағы шешуші сәт еді. Он ойыншымен матчты жалғастырған біздің футболшылар өз айып алаңдарына толығымен оралды. Әйтеуір, Нидерланды төрешінің көмегінсіз де гол салды-ау. Сол Афеллай. Алыстан шірене тартқан Ибрагимнің соққысына Мокин төтеп бере алмай, дағдарып қалды. Нидерланды есепте алға шыққан сәтте құдды бір әлем біріншілігінің финалында жеңіске жеткендей қуансын келіп... Сосын, тағы да төреші. Тағы да Ван Перси. Қызыл сойқан саналатын «Манчестер юнайтед» шабуылшысын Голливуд актері деп ойламаппыз. Бірақ ол біздің айып алаңымызға кіре берісте өз аяғына шалынысып құласа да, пенальти берілді. Жарайсың Ван Перси, мықты симмулянтсың деуден өзге амал жоқ. Нүктеге өзі беттеді. Мокин сол жаққа секірді, доп оң бұрышта. Ақтық нәтиже 3-1. Сыр алаңда азулы қарсыласқа қарсы айбынды ойын үлгісін көрсете білген Красножанның командасы енді «Астана аренада» Чехия құрамасын тұсайтын шығар. Әзірге чехтар топта жақсы келеді. Екі ойында бір ұпай еншілеген біздің құрама топта төртінші келеді. Әрине, доп айырмасы бойынша. Әйтпесе, Латвияда да бір ұпай бар.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».