Мәдениет

«Екі кездесу Қонаев туралы кино түсіруіме себеп болды»

«Екі кездесу Қонаев туралы кино түсіруіме себеп болды»

Жазушы, кинодокументалист, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, халық­аралық «Түркі әлемі» телестудиясының Бас директоры Доқтырхан Тұрлыбектің есімі республика жұртшылығына жақсы белгілі. Ол жетекшілік ететін шығармашылық топ жақында Қаратау қаласында болып, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, есімі халық жүрегінде мәңгі сақталып қалған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы  «Естен кетпес кездесулер» атты деректі фильмнің соңғы кадрларын түсіріп қайтты. 1970 жылдардың аяғы мен 1980 жылдардың басында сол кездегі облыстық «Еңбек туы» газетінде тілші, аға тілші болып еңбек еткен әріптесіміз редакцияға соғып, бірге қызмет атқарған қаламдастарымен кездесіп, алыстап кеткен сол жылдарды сағынышпен еске алды. Біз газетіміздің «Қонақкәде» айдарын пайдаланып, жерлес қаламгерді әңгімеге тартқан едік.

– Сіз бұған дейін де қазақтың біртуар тау тұлғалы азаматы Дінмұхамед Қонаев туралы «Тереңнен тартқан тектілік» атты деректі фильм түсіріп, айтулы телетуынды Қазақстанның және бірнеше түркі тілдес елдердің телеарналарынан көрсетілді. Деректі фильмнің авторы әрі режиссері ретінде, жасаған дүниеңіз көңіліңізден шықты ма? – Димекеңдей қайталанбас тұлға туралы нашар телетуынды жасауға менің қақым жоқ. Қазақстанды 25 жылдан астам басқарған кемеңгер, аса көрнекті мемлекет қайраткері Атыраудан Алтайға дейін созылып жатқан кең-байтақ республикамыздың өркендеп, өсуіне, гүлденуіне, экономикасының, әлеуметтік жағдайының, мәдениетінің, әдебиет пен өнерінің қарқындап өсуіне шексіз үлес қоса білді. Коммунистік партия дәуірінің өзінде қазақ жерінің үсті мен астындағы мол байлыққа көз алартқандар аз болған жоқ. Ұлы бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен аман алып қалған қасиетті атамекеннің тұтастығын сақтап қалуда Димекеңнің жанқиярлық ерлігі ұшан-теңіз. Ол кісінің көрегендігі, асқан білімділігі, үлкен парасаттылығы, адамгершілік пен қарапайымдылығы таусылмайтын жыр. 1992 жылдың қоңыр күзі әлі есімде. Күздің алғашқы айының басында Алматыда Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтетін болды. Ол кезде мен Алматы телеарнасында Бас редактор болып қызмет атқаратынмын. Маған осы маңызды жиын туралы арнайы хабар жасау жөнінде тапсырма беріліп, кинооператор Талғат Жанбота екеуміз Республика сарайына бет алдық. Біз асыға-аптыға құрал-жабдықтарымызды арқалап, үш жарым мың адам сиып кететін үлкен залға кіргенімізде, салтанатты жиналыстың басталуына аз уақыт қалған екен. Өңшең ығайлар мен сығайлар Төралқадан орын алыпты. Дүниежүзінің қазақтары бас қосқан осы Құрылтайда жиналған қауымға көңілсіздеу әсер қалдырған бір жай болды. Үлкен басқосуға Қазақстан Компартиясын ширек ғасырға жуық басқарып, еліміздің гүлденуіне шексіз үлес қосқан ұлтымыздың тұлғалы перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев та шақырылыпты. Бір өкініштісі, Димекеңе Төралқадан орын тимей, төртінші қатарда елеусіздеу отырды. Әрине, халық оны хан көтеріп, сый-құрмет көрсетіп, ақжарқын амандасып жатты. Ал бір кездерде Қонаевтың қолына су құюға жарамайтын үлкенді-кішілі шенеуніктер бір кесірі тиіп жүрмесін дегендей, қашқақтап жүрді. Мен осының бәрін сырттай қарап тұрып, жүрегім сыздап ауырды. Кенет жанымда тұрған үш-төрт журналист: «Аман Төлеев келе жатыр!» – деп шу ете түсті. Жалт қарасам, бүкіл Ресейді аузына қаратқан тұлғалы азамат халықты қақ жарып, жүзінен нұр төгіліп, Димекеңе сәлем беру үшін жақындап келеді екен. Қонаев та Төлеевке ерекше әкелік мейіріммен қарап қалған... Жүрек тебірентер осы бір сәт көз алдымда мәңгі қалып қойыпты. Жиналған халық Аманның үлкен көрегендігіне риза болып, көңілдері бір марқайып қалды. Кемерово облысының губернаторы кейінірек берген бір сұхбатында: «Қонаевқа сәлем беру – менің парызым еді. Бұл жөнінде жанымдағы сенімді көмекшіме айтып едім: «Аман Гумерович, Восток, дело тонкое, я вам не советую», – деп ақыл айтпақ болды. Ал Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында осындай тұлғалы азаматты елемегені, сөз бермегені менің жаныма қатты батты. Құрылтайдан соң Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты арнайы іздеп барып, сәлем бердім. Димекең мені өте жылы қабылдады. «Мен сені қатты күттім, Аман! Сенің әр қадамыңды қадағалап, әрбір сөзіңді көңіліме тоқып жүрмін» – деп бауырына қысып, ескерткішке суретке түстік. Үлкен тұлғалы аға өз қолымен иығыма зерделі шапан жапты. Бұл кездесуді өмір бойы ұмытпаймын», – деп тебірене сөйледі. Арада бір ай өткен соң, бір ғасырда бір рет дүниеге келетін үлкен жүректі азаматпен дастархандас болып, қатар отырғанымды ешқашан ұмытпаймын. 1992 жылдың қазан айының ортасында Алматы облысы Балқаш аудандық Кеңесінің төрағасы, менің ескі танысым Тілектес Ардабаев телефон соқты. – Доқтырхан, – деді Тілеулес – келесі аптада сәрсенбі күні біздің ауданға Димаш аға келмекші. Өзің білесің, ол кісінің ата-бабаларының ескі бейіті біздің ауданның аумағында жатыр. Қонаевтай біртуар азаматты балқаштықтар хан көтереді. Димекең Балқаш ауданы бойынша жеті рет Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланған тұлға. Ол халық қалаулысы ретінде аудан экономикасы мен мәдениетінің өркендеуіне шексіз үлес қосты. Қилы-қилы заман болып, асыл азаматтың ата-бабалар мекеніне келмегеніне бес-алты жылдың жүзі болып қалыпты. Димекеңді елі, халқы сағынды, бәріміз де осы кездесуді тағатсыздана күтіп отырмыз. Ағамыздың осы сапарын бейнетаспаға түсіріп алсаң, нұр үстіне нұр болар еді. Мен қуана келістім. Кинооператор Талғат Жанбота екеуміз бір күн бұрын Балқаш ауданына аттанып, аудан жұртшылығымен бірге халқы хан көтерген Дінмұхамед Қонаевты «Бақбақты» совхозында қарсы алдық. Арысын сағынып қалған халық қазақтың салт-дәстүрі бойынша нар тұлғалы азаматты қарсы алып, жергілікті ақын Димаш ағамызға жырдан шашу шашты. Ауыл ақсақалдары бүкіл әлемнің жартысы білетін атақты қазақ перзентіне үлкен құрмет көрсетіп, ер-тұрмандары таза күмістен жасалған ақбоз сәйгүлік мінгізді. Әр жүрекке ерекше бір жылылық сыйлаған бұл әсерлі кездесу аудан орталығы – Бақанаста жалғасып, нағыз халық тойына ұласты. Аудан жұртшылығы Димекеңнің үстіне зерделі шапан жауып, басына құндыз бөрік кигізді. Осы бір жүрек тебірентер сәтте ұлағатты жан ерекше бір қуаныш, бақыт құшағында болды. Елге деген жүректегі ақ тілегін, үлкен алғысын жеткізіп жатты. Халық құрметіне бөленіп, халық қалаулысына, ел елеулісіне айналған аңыз адамнан сол сәтте сұхбат алдым. Сонда Димекең ағынан жарылып, ерекше тебірене сөйлеп еді. Есте қалар осы екі кездесу менің Димаш аға туралы түсірген деректі туындыма негіз болды. Толыққанды деректі фильм түсіру үшін мұрағаттарда айлап тапжылмай отырдым. Қонаевтай аса көрнекті мемлекет қайраткерінің балалық шағы, ата-бабалары, алғашқы еңбек жолдары, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы болған жылдары еліне, халқына жасаған орасан еңбегі туралы көптеген киноматериалдар, құнды құжаттар, фотосуреттер таптым. Ұлы тұлғамен бірге қызмет атқарған бұрынғы партия және совет органдарының лауазымды қызметкерлерімен, қарапайым еңбек адамдарымен сөйлестім. Осының бәрі Димекеңдей текті азаматтың жан-дүниесін, қайраткерлігін, адами болмысын жан-жақты ашуға мүмкіндік берді. Деректі туындыны көрермендер жылы қабылдап, лайықты бағасын беріп жатты. Бұқаралық ақпарат құралдары бұл туынды туралы көп жазды. Еңбегім ақталып, мен осы фильм үшін Халықаралық Бейбітшілік қорының Алтын медалімен марапатталдым. – Кеше ғана Қаратау қаласында Дінмұхамед Қонаев туралы «Естен кетпес кездесулер» атты жаңа деректі фильмнің соңғы кадрларын түсірдіңіз. Енді осы телетуынды туралы айта кетсеңіз. – Бүкіл Қазақстан сияқты киелі де, қасиетті Жамбыл жерінде осы бір қайталанбас абзал да, парасатты жанның соңында қалған ізгіліктің іздері сайрап жатыр. Жамбыл облысының өркендеп, өсуіне, бақыт пен қуаныш мекеніне айналуына ол кісінің қосқан үлесі шексіз деп айтуға болады. Біріміз білсек, біріміз білмейміз, облыстың үштен бір жерін алып жатқан Мойынқұм ауданының құрылуына КПСС Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Қонаевтың сіңірген еңбегі орасан. Республика басшысының қамқорлығының арқасында Мойынқұм гүлді мекенге, ырысты мекенге, бақытты мекенге айналды. Облысқа келген әр сапарында Димекең сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасен Бектұрғановты жанына ертіп, Мойынқұмға арнайы барып, атақты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев ағасына сәлем беруші еді. Ретін тауып, Талас ауданындағы «Ойық» совхозына соғып, ысты руынан таралатын ата-бабаларына Құран бағыштап, тағзым етуді ұмытпайтын жарықтық. Халық осы қасиеттері үшін Димекеңді ерекше қастерлейтін, сыйлайтын, құрметтейтін. Қонаевтай тұлғаның қамқорлығының нәтижесінде Қаратау, Жамбыл территориялық өндірістік комплексі дүркіреп, бүкіл Одаққа белгілі ірі-ірі өндіріс ошақтарына айналып, кенді қалалар Қаратау мен Жаңатасқа бүкіл КСРО халқы көз тікті. «Естен кетпес кездесулер» атты жаңа деректі туындым негізінен Қаратау қаласында түсірілді. Оның басты кейіпкері – Қаратау қаласының гүлденуіне үлкен үлес қосқан ел азаматы Кеңес Ақаев ағамыз. Осы бір ел сыйлайтын азаматтың Қаратау қаласындағы тұрмыстық қызмет көрсету комбинатының қатардағы инженер-технологынан атағы бүкіл республикаға белгілі іргелі «Прогресс» фабрикасының бас директорына дейін өскенін облыстың көне көзді азаматтары жақсы біледі. Кейін Кеңес Ақаевтың қызметі жоғарылап, Қазақ ССР Жеңіл өнеркәсіп министрі болып, Дінмұхамед Қонаевтай Республика басшысының үлкен сеніміне ие болды, өмір бойы бірін-бірі сыйлап, құрметтеп өтті. Димекеңнің басына қилы-қилы заман туғанда, Кеңес ағамыз кейбіреулер құсап, бұғып қалған жоқ, ел сыйлаған арыстың жанында болды, рухани қолдау көрсетті. Кеңес Ақаевтың Дінмұхамед Қонаевпен Жамбыл жеріндегі үш кездесуі жаңа фильмге арқау болады. Осы кездесулер арқылы Димаш ағаның бойындағы қайталанбас асыл қасиеттері жан-жақты ашылады. – Жуалы ауданының бір түлегі ретінде туған жеріңізге атбасын жиі бұрып жүрсіз. Осыдан біраз жыл бұрын «Жуалы» атты тарихи-танымдық деректі фильм түсіруді қолға алған едіңіз. Сол телетуындыны қашан аяқтағалы отырсыз? – Теңіз деңгейінен 1005 метр биіктікте жатқан Жуалы – қасиетті жер, киелі мекен. Көне деректерге сүйенсек, атақты Мыңбұлақ сонау VІІ ғасырда Батыс Түркі қағанатының жазғы ордасы болыпты. Яғни, бүгінгі Жуалы, кешегі Мыңбұлақ бір қазақтың ғана емес, бүкіл көктүріктің қасиетті жері саналады. Бұл жайында араб, қытай, жапон және батыс ғалымдары мен саясаткерлері көптеген деректі дүниелер қалдырғанын жақсы білесіңдер. Мен кезінде «Жуалының Бауыржаны», «Жұлдызы биік Жуалы» атты деректі фильмдер түсірдім. «Жуалы» атты тарихи-танымдық деректі туындыны түсіруге көп ізденуге тура келді. Айтулы фильмді амандық болса, келесі жылы аяқтап, көрермен назарына ұсынғалы отырмын. Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Бақытжан Ертаев сияқты тұлғаларды дүниеге әкелген Жуалыны әрқашанда мақтан етемін. Өзің айтпақшы, қолым қалт етіп босай қалса, Жуалыға, туған ауылым – Қарасазға жиі атбасын бұрамын. Өткен жылы аудан орталығында «Елге сағыныш» атты шығармашылық кешімді өткізіп, оған адам көп қатысты. Жерлестерім маған «Жуалы ауданының құрметті азаматы» атағын беріп, сәйгүлік мінгізіп, үстіме зерделі шапан жапты. Одан асқан құрмет бар ма?! Сөз орайы келгенде тарихқа, әдебиет пен өнерге жаны жақын, рухани байлықты бірінші кезекке қоятын Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеевке ел, халық игілігі үшін атқарып жүрген жарқын істеріне әрқашанда ризамын. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген осы. – Сізді қалың оқырман қаламы қарымды жазушы-сатирик ретінде жақсы біледі. Сондай-ақ, тарихи-танымдық тақырыптарда да өндіре жазып жүрсіз. Қаламгерлік ізденісіңізде қандай жаңалықтар бар? – Биылғы жыл мен үшін жемісті болды. Осыдан бір ай бұрын «О дүниеден келген өкіл» атты кітабым жарық көрді. Жақында мемлекеттік тапсырыспен жазылған «Өмірдің сегіз сәті» атты хикаяттар және әңгімелер жинағым қолыма тимек. Сондай-ақ, биыл қазақтың Пірі атанған Бекет ата туралы «Бекет ата жолымен» атты тарихи-танымдық кітабымды толықтырып, жарыққа шығардым. – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».