Әкімдердің халықпен жиі кездесіп тұруын қолдаймын

7

Жамбыл жол дистансасында 2012 жылдан зейнеткер-ардагер ретінде тіркеудемін. Биыл бұл мекеме Наурыз мерекесін ерекше атап өтті. Дистанса басшысы Ж.Табылдиев мырза осы іс-шараға қатысуымды арнайы өтінді.

Екі жылдық пандемия шектеулерінен кейін болар, теміржолшылар мерекені әбден сағынып қалыпты.
Қыстың қар мен аяз, боранына, жаздың ми қайнатқан ыстығына, көктемнің нөсерлеп жауған жаңбырына қарамай, теміржолшылар күн-түн демей еңбек етеді. Қазақ халқы жыл басы Наурызды 1988 жылы Кеңестер кезінде, сол кездегі белгілі Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков пен көрнекті ақын Мұхтар Шаханов секілді тұлғалардың арқасында тойлауға қол жеткізіп еді. Дистанса ұжымы, оның ішінде көпір шебері Асылбек бастаған әріптестер өте ерекше құлшыныспен, аса бір керемет талпыныспен арқан тарту, қол күресінен, ең ғажабы бала күнімізде есімізден жақсы сақталған ләңгі тебуден жарысқа түсіп жатты.

Менің Шудың Шоқпар ауылынан келіп, Тараздың тұрғыны болғаныма – биыл 14 жыл. Ерекше тоқталғым келетіні «Каспийбанк», «Халықбанктің» жергілікті бөлімшелерінде де бұрын-соңды болмаған көл-көсір дастарқан жайылып, әз-Наурыз аталып өтті. Түрлі ұлт өкілдері осы ұжымдардың дастарқандарынан дәм татып жатты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, осы жерде «Каспийбанк» ұжымына айтар алғысым шексіз. Соның ішінде Елена, Татьяна, Светлана, Зейнептің қазақ тілінде еркін, жетік сөйлегендері төбемді көкке жеткізді. Былтырғы бірнеше мерекеде де осы ұжым ұйымдастырушылығымен көзге түскен. Сондай-ақ осы банктің топ жетекшісі Маржанға, кассирлер Сандуғаш, Назерке, Эльмира мен Әлияға да алғыс айтамын. Олардың әрқайсысы нағыз халық үшін қызмет жасайтын мамандар.

«Халықбанк» бөлімшесіндегі Нұриддин мырза да он жылдан бері жылы пейілін көрсетіп, қария деп сыйлаудан жалыққан емес. Аталған банктегі Фарида, Зере, Гауһар, Райхан ханымдардың да іскерлігіне, қызмет алушылардың көңілінен шыға білетініне көзім әбден жеткен.

Біз Ұлы Отан соғысынан кейін дүниеге келген ұрпақпыз. Шоқпар ауылына 1953-1954 жылдары Украин, Балтық жағалауынан өзге халық өкілдері келіп, Тышқанбай, Алтай, Тана секілді кішігірім ұжымшарларды біріктіріп, Шоқпар кеңшары құрылып, тың игерілгенінің куәгерлеріміз.
1960 жылы Хрущевтың жүгері егеміз деген науқанының арқасында қара нанның қадірін білген ұрпақпыз. 1966 жылы Кеңестер кезінде мектеп бітірушілер едік.

Қапшағай қаласының енді облыс орталығы атануын, оған аса көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілуін ел жүрегінен орын алған алып тұлға Алатаудай адамның 110 жылдығына деген үлкен құрмет деп білемін. Қонаевқа қандай құрмет көрсетілсе де лайық.
Алматы маған да қымбат. Осы ғажайып қалаға 4 рет оқуға түсіп, оның екеуін тәмамдап шықтым. Теміржолда қызмет атқарып жүргенімде он жылдай жұмыс бабымен Алматы теміржол басқармасына жылдық есеппен барып тұратынмын. Допты хоккейден «Динамоның» ойынын тұрақты тамашалап, Иркутскінің «Локомотивіндегі» қақпашы Л.Князьковпен кездесіп, әңгімелесіп жүрдім. Сондай-ақ Риганың волейбол командасының мүшесі, Мюнхен Олимпиадасының чемпионы Михаил Росовпен де араласып тұрдым. Бұл екеуі де әскерде менің бөлімшемде қызмет еткен. Бұл араласу 1991 жылға дейін жалғасты.

1970 жылы 21 жасымда әскерден келгенімде 3-топтағы мүмкіндігі шектеулі жан едім. Бірақ ол кезде 3-топ мүгедектігін алудан бас тарттым. Сол мүгедектікті 2005 жылы 56 жасымда алдым. Ал 2019 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға теміржол билетіне 50 пайыз жеңілдік жасалды, аналарға жәрдемақы төлеу көлемі ұлғайды. 2020 жылдан бастап шипажайды таңдау мүмкіндігі жасалды. Ол дегеніміз – «Бек», «Самал», «ГРЭС», «Айша бибі» ғана емес, елімізге танымал Сарыағаш, Меркі, Манкент, Оқжетпесті де таңдай аламыз деген сөз. Президент экономика мен саясатты алға апарумен қатар, осындай әлеуметтік мәселелерге де ерекше назар бөлуде. Күшті Президентті, ықпалды Парламентті, есеп беруші Үкіметті, ал барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен жиі кездесіп тұруын қолдаймын.
Сонда ғана халық арасындағы кейбір кемшіліктер уақтылы жойылады, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың да жағдайы жақсара түседі деп ойлаймын.

Талғат НАСЫР,
зейнеткер

Comments are closed.