- Advertisement -

«Бастауыш мектеп – білім мен ғылымның бастауы»

331

- Advertisement -

Білімнің бастауы бастауышта. Тараз қаласындағы №53 Қаратай Тұрысов атындағы мектеп-гимназия базасында облыстық «Бастауыш мектеп – білім мен ғылымның бастауы» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Оған жоғары оқу орындарының ғалымдары мен техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелердің оқытушылары, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, бастауыш сынып мұғалімдері шақырылды.

Басқо суды облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов ашып, бастауыш сыныптың бала үшін маңызды баспалдақ екеніне тоқталды.

– Мектептегі білім мен тәрбие беру негізі бастауыш сыныптардан басталады. Бастауыш сынып мұғалімі – пән оқытушысы ғана емес, ол – бағбан, баланың болашағына бағыт беруші, бала бойындағы қабілетінің көзін ашушы, қорғанышы деуге негіз бар. Барлық білімнің негізі бастауышта қаланатын болса, балаға дәл осы кезде білім беріп қалудың маңызы зор. Мектептегі кез келген жаңарулар бастауыш мектептен бастау алады. Биылғы оқу жылындағы ерекшеліктердің бірі – Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік ұстанымдары негізінде құрылған «Әліппенің» қайтарылуы. Бүгінде мұғалімнің мәртебесіне рухани жағынан да, Заң жүзінде де ерекше көңіл бөлінуде. Үкімет тарапынан мұғалімге деген құрмет жыл санап артып келеді. Оның бірден бір дәлелі – «Педагог мәртебесі туралы» Заңы, – деді ол.

Бастауыш сынып мұғалімдерінің биылғы жеткен жетістігіне тоқталмай кете алмаймыз. Атап айтсақ, республикалық «Үздік педагог» конкурсында облысымыздың 2 мұғалімі, сондай-ақ «Үздік авторлық бағдарламалар» байқауында облысымыздың ұстаздары Қадиша Дербісалиева, Камшат Адиева, Перизат Наретова, Жұмакүл Қозкөрпешова, Роза Жүсіповалар жүлдегер атанды. Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған республикалық «ПедСтарт» олимпиадасына 87 мұғалім қатысып, 58 педагог жеңімпаз атанса, «Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасына 8 мұғалім қатысып, 5 педагог жүлдегерлер қатарынан көрінген.

1-7-сынып оқушылары арасында өткен республикалық «Зерде» ғылыми жобалар байқауында 15 оқушы жеңімпаз атанған. Бүгінде облыс бойынша 5600 бастауыш сынып мұғалімі қызмет атқарады, оның 247-сі жас маман. Бастауыш сынып мұғалімдерінің тынымсыз еңбектерінің арқасында оқушыларымыз өзінің ерекшеліктерімен әлемдік деңгейде мойындалған, халықаралық бағалау жүйесі болып табылатын ТIMSS, PIRLS зерттеулерінде жақсы нәтижелер көрсетуде. Атап айтсақ, 2019 жылы өткен ТIMSS халықаралық зерттеуінің нәтижесі бойынша Жамбыл облысының оқушылары «Математикалық сауаттылық» бойынша республикада І-орынды иеленген. Ал 2021 жылдың қыркүйек-қазан айлары аралығында оқушыларымыз PIRLS халықаралық зерттеуіне қатысып, оқу сауаттылығы бойынша өз білімдерін сынады. Зерттеудің нәтижесі 2022 жылдың желтоқсан айында белгілі болмақ.

Жиында «Бастауыш білім беру мазмұнын жетілдіру – табысты болашақтың кепілі» тақырыбында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының доценті, PhD докторы Алуа Сманова баяндама жасады.

Бұдан бөлек, осы университеттің «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Айгүл Зәуірбекова, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің «Педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі, педагогика пәнінің оқытушысы Жадыра Қарымсақова, №8 мектеп-гимназиясының мұғалімі Меруерт Қуатбекова, Шу ауданы, Жібек жолы мектеп-лицейінің мұғалімі Жұмакүл Қозкөрпешова, Бауыржан Момышұлы атындағы №45 гимназиясының мұғалімі Нұргүл Сейілбаева өз ой-пікірлерімен бөлісіп, тақырып аясында сөз қозғап, ұсыныстарын айтты.

Диана ЖАНҰЗАҚ,
облыс әкімдігі білім басқармасының баспасөз хатшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support