- Advertisement -

Әуежайда мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалмаған

40

- Advertisement -

«Amanat» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының отырысында өңірдегі елді мекендерді газбен қамтамасыз ету барысы мен партияның «Кедергісіз келешек» жобасын іске асыру аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың өз бетінше жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.

Жиында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ж.Айтбеков аймақты газбен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, өңірде 371 елді мекенде 1 150 057 адам тұрады. Соның ішінде, бүгінгі таңда 257 елді мекен (69,3%) немесе 1 018 мың адам (88,6%) табиғи газбен қамтамасыз етілген.

Аймақты көгілдір отынмен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға 2022 жылы 8,7 миллиард теңге бөлінген. Бұл сома 18 газдандыру нысанының құрылысына жұмсалмақ. Оның ішінде, 9 нысанның құрылысы ағымдағы жылы аяқталады, ал қалған 9 нысан 2023-2024 жылдарға өтпелі құрылыс ретінде жоспарланып отыр.

Айта кетейік, облыс көлемінде 2022 жылы 11,3 мың тұрғын табиғи газбен қамтылған. 114 елді мекен газдандырылмаған. Оның ішінде: 44 нысанда жеткізуші газ құбырларының құрылысы жүргізілген. 6 ауылдың жобалау-сметалық құжаттары республикалық бюджеттің кезекті нақтылауына ұсынылып, 22 елді мекен бойынша әкімдіктер тарапынан құжаттар әзірленуде. Қалған 14 ауылға аудан әкімдіктері тарапынан жоба дайындау қажет. Ал халық саны аз (200-ден төмен) болуына байланысты 28 елді мекенді газдандыру жұмыстары келер жылдарға қалдырылып отыр.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеде облыстағы ғимараттарда мүмкіндігі шектеулі жандардың бейімделуіне байланысты жүргізілген зерделеу қорытындысы бойынша «Amanat» партиясы облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің консультанты Б.Телеушовтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 17 мен 31 наурыз аралығында партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру Жол картасындағы 84-85 тармақтарын орындауда облыстағы 217 ғимараттың мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігі зерделенген.

– Партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру Жол картасындағы индикатор бойынша 2025 жылға дейін облыста әр жылда 258 нысаннан 1290 нысан 100 пайыз мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделуі керек. Алайда аталған міндеттерді орындауды жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлім мамандары іске асыру керектігін білмейді. Биылғы жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделуі тиіс мекеме басшылары да бұл тапсырмалардан хабарсыз болып отыр. Бұл жұмыстар бүгінгі күннен бастап қолға алынбаса, жыл соңына дейін Сайлауалды бағдарламадағы индикаторлық көрсеткіштердің өз деңгейінде орындалмай қалуы мүмкін, – деді Б.Телеушов.

Мәселен, 2021 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделуі тиіс «Әулие-Ата» әуежайы, «Дмитрий и К», «Әмір және Д», Сарысу мен Меркі аудандары әкімдігі сияқты нысандар бүгінгі күнге дейін ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін жағдай жасамаған. Сонымен қатар мониторинг барысында Абай көшесінде орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығында, «Тектұрмас» тарихи-мәдени кешені және «Анаға тағзым» орталығында зағип жандарға арналған оқу тақталары, автотұрақ, арнайы аяқпен немесе таяқпен сезілетін тактильді рельефті бағыттаушы жолақтарының жоқтығы және пандустары стандартқа сай келмейтіндігі анықталған.

Жиынды қорыта келе, комиссия мүшелері аталған кемшіліктерді назарға алып, ретке келтірілуін бақылайтын болды.

Айтолқын КЕНЖЕБЕКОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support