- Advertisement -

«Тараздың» ойыны түзеліп келеді

29

- Advertisement -

Футболдан ҚР Премьер-лига командалары арасындағы ойындар қыза түсуде. 5-тур аясында жергілікті «Тараз» командасы еліміздің бас қаласында «Астана» командасымен шеберлік байқасты. Бұл ойын 2:1 есебімен астаналық команданың пайдасында шешілді. Осы жеңілістен кейін бар болғаны 5 ұпайымен «Тараз» турнир кестесінде оныншы сатыға сырғыған болатын.

Өткен жексенбіде 6-тур ойындары өтіп, «Тараз» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдады. Бұл ойында жерлестерімізге жеңіс ауадай қажет болды. Ал 5 ойыннан кейін 10 ұпайы бар «Шахтер» осал қарсылас емес еді.

Дегенмен жанкүйерлер алдында жауапкершілікті терең сезінген «Тараз» командасы бұл ойынды өте сергек өткізді. Барлық ойыншылар жұмылған жұдырықтай бірігіп, алға ұмтылумен болды. Дегенмен алғашқы таймда есеп ашылмай, қос тарап тең тарқасты.

Екінші таймда да жерлестеріміз үнемі шабуылдап, қарқынға қарқын қосты. Бірнеше ұрымтал сәттерде сәл ғана сәттілік жетіспей жатты. Бірақ жанталасып ойнап жатқан командамызға жамбылдық жанкүйерлердің де қолдауы мен құрметі аз болмады. Нәтиже көп күттірген жоқ. Ойынның 58-ші минутында Бауыржан Байтананың берген әдемі пасын Абылай Жұмабек керемет голға айналдырып, есеп ашты. Осылайша, «Тараз» алға шыққанда жанкүйерлердің де қуанышында шек болған жоқ. Осынау қолдауды сезінген жерлестеріміз аянып қалған жоқ. Ойынның 78-ші минутында Бауыржан Байтананың берген пасын Әділет Кеңесбек қарсылас команданың қақпа торында тулатты. Жеңіске бір табан жақындай түскен жерлестеріміз қорғанысқа да көңіл бөлуді ұмытпады. Нүркен Мәзбаевтың шәкірттері білгенінен жаңылмады, жеңіске ұмтылумен болды. Алайда 90-шы минутта «Тараз» қақпасына 11 метрлік айып добы белгіленіп, қонақтар пенальтиден есеп айырмасын қысқартты. Бұл жағдай «Тараздың» жеңіске жетуіне кедергі келтірген жоқ. Осы жеңісінен кейін жерлесіміз «Тараз» турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып, сегізінші сатыға көтерілді. Алайда барлық командалардың арасын жалғыз-жарым ұпай ғана бөліп тұрғанын ескерсек, әлі арқаны кеңге салуға болмайды. Жерлестеріміз келесі турда «Ақсуға» қонаққа барса, 27 сәуір күні өз алаңында «Ақтөбе» командасына қарсылас атанады.

6-турдан кейін Ақтаудың «Каспийі» 13 ұпаймен көш бастап тұрса, Алматының «Қайраты» 12 ұпаймен екінші орында. Ал үздік үштікте 11 ұпайымен «Тобыл» да бар. Керісінше көш соңында «Ақсу», «Мақтаарал» командалары жайғасқан. Ал ең соңғы сатыда келе жатқан «Тұранның» әзірге 3 ұпайы ғана бар.

«Тараз» командасына алдағы ойындарда да жігерлі қимыл, жарқын жеңістер керек-ақ.

Мұны клуб басшысы да, бас жаттықтырушы да, ойыншылар да түсінетініне күмәніміз жоқ.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support