«Қазақ тілі» қоғамының тамырына қан жүре ме?

2

Мемлекеттік тіл қашанда – өзекті. Ана тілі – байлығымыз, барымыз әрі нәріміз. Оны түсінетін, еліміздің әрбір азаматы қазақ тілінде сөйлейтін уақыт баяғыда жетті. Алайда бұл жағынан онша мақтана алмайтынымыз белгілі.

Дегенмен біраз сең қозғалып, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының алға ұмтылып жүргені қуантады. Кезінде Өмірзақ Айтбаев, Оспанәлі Иманәлиев секілді қайраткерлер дамуына күш салған «Қазақ тілі» қоғамдарының қадамы нық болса ұтарымыз көп.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымына Әуесхан Зәуірбеков төраға болып келгелі бірқатар жұмыстар жүзеге асып жатыр. Алдағы уақытқа белгілеген жоспарлары да аз емес.

Атап айтқанда, бірақатар оқу орындары мен ірі мекемелерде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымына қарасты бастауыш ұйымдар құрыла бастады.

Жақында осындай мақсаттағы жиын Жамбыл жоғары медициналық колледжінде өтіп, тілдің жайы талқыланды. Колледж директоры Жанат Сарыбекова төл тіліміздің дамуын қос қолын көтеріп тұрып қолдайтынын айтты. Аталған колледждегі бастауыш ұйымның төрағасы сайланды. Осындай бастауыш ұйым төрағаларын (төрайым) сайлау жұмыстары жалғасуда.

– Біз мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру жолында тер төге береміз. Тілдің тазалығы, құнарының артуы, тілге құрмет көрсету бағытында аянып қалар жеріміз жоқ. Оны барлық мекеме – ұжым, оқу орындары, қарапайым тұрғындар да түсініп отыр. Мені осы жағы қуантады, – дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымының төрағасы Әуесхан Әскербекұлы.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.