ҚАЙРАН, БІЗДІҢ ҚАРИЯЛАР
ҚАЙРАН, БІЗДІҢ ҚАРИЯЛАР
Соңғысы бәйгеге ат қосатын шабандоз еді. Атшабардағы небір сәйгүліктердің дүбірін көріп делебесі қозып-ақ тұр. «Мына қан қысымы болмағанда мен де салым көкпарға қатысатын едім» деп өкінеді кәдімгідей. Соны естіген менің жанымдағы әппақ сақалы кеудесін жапқан ақсақал: «Сенің жасыңда аурудың не екенін білмей тана тартатын едік», деп шіренді. Көптен бері көрмегенім ғой, сөйтсек бұл ақсақал шәкіровтік Әбдікеш Әбуталиев деген кісі екен. Ілгеріде мал баққан атақты қойшының біреуі болған. Көзін ашқаннан аттың үстінде өскен кісі. Ұят та болса жас сұрастық. Айтуынша, сексеннің жетеуіне келіпті. «Тоқсан десеңші», деп жатыр төңірегіндегілер. Қалжыңды түсінбейтін қазақ бар ма? «Е, тоқсанның да төбесі көрініп тұр», деп ақсақал күлді. Жіңішкелеу келген, саусақтары салалы Әбекеңе үлкен-кіші келіп амандасып жатыр. Тіпті бір-екеуі: «Ойбай, қолымды сындырдың», деп кәдімгідей баж ете қалды. Әбекең әлгінің жанының тәттілігіне кәдімгідей ренжіп: «Ә, бәтшағар», деп қояды. Біз күлісіп жатырмыз. Қызды-қыздымен әңгіме құрып отырып: «Салым көкпарды тамашалауға келдіңіз бе?», дедім. «Жоға, қазір Алла қаласа үстімдегі шапанымды шешіп, көкпарға киетін киімімді киіп салым көкпарға қатысамын» дегені. Таңғалдық. «Паһ, шіркін!» дестік. Сол жерде отырып қойшының баласы болсақ та атқа мінуден қашықтап қалғаныма қатты өкіндім. Не деген қайратты, қайсар қарт бұл, дедім. Ақсақал сөзінде тұрды, киімін ауыстырып, немерелерінің жетектеп алдына әкелген тор атқа «Біссіміллә» деп қарғып мінді. Сөйтіп, ердің үстіне қақшиып отыра қалды. Делебелері қозып жүрген көкпаршылар да сексен жеті жастағы «серіге» құрмет көрсетіп, «салым көкпар ақсақалдыкі» деп дуылдасып жатты. Үлкенді сыйлаған қазақтың баласы емеспіз бе, жүрегіміз толқыды. Сол күні тағы бір қазына қартпен жолықтым. Оның туып-өскен жері қаланың іргесіндегі Тамды ауылы болып шықты. Екі иығы қақпақтай, көздері өткір, қара сұр кісі екен. Онымен де таныстық. Ныспысы – Жолтайұлы Сейтмахан. Жасы – сексеннің бесеуінде. Денесі тіп-тік. Мал баққан, көкпар тартқан, балуандыққа салынып, күш сынасқан Секең де көшелі ақсақал болып шықты. Иірілген жұртқа, сүйінген сөз айтты. Айтпас та ма еді. Біреу қалжыңдайын деп, оның шыққан ата-тегін тұспалдаған сыңайлы. Сол сол-ақ екен сөздің түйіні ағытылды. «Ей, ағайын, бәріміз бір қазақтың баласымыз, ата-бабаларымыз мына сайын даланы жанымен, қанымен қорғап қалған. Олар бірлікті болмаса мына алып даланы әркім-ақ жаулап алмай ма? Бізге мұра қылып тастап кетті емес пе? Төле би бабамыз: «Бөлінгенді бөрі жейді», деді. Хакім Абай «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген жоқ па? Мына алмағайып заманда біріңді бірі қажағанды, біріңді бірің мұқатқанды қойып, жұдырықтай болып жұмылыңдар, қарақтарым. Анау жаман деп, мынау жаман деп бықсығанды қойыңдар. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген бұрынғылар. Тәуелсіздігіңнің қадірін біл. Мынандай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман қай уақытта болып еді? Соны көп көрмеңдер», деді. Риза болдым, сөзін тыңдағандар қол соқты. Жөн сұрастық. Осыдан үш жүз жыл бұрын қолбасшы Қойгелді дос болып араласқан Хангелді батырдың ұрпағы екен. Тектілігін көрсетті. Әңгіме үстінде мына тұрған Майтөбе ауылынан Тараз қаласына дейін жорға атымен екі сағатта жететінін айтқанда жүдә таңғалдым. Сөзінің дәлеліндей ол да шұбар айғырға қарғып мініп салымға түсті. Арқаланғанда Хангелді бабасынан аумай қалды. Қоштасарда айтқаны: «Көкпарда шыдай алмаймын. Біреу-міреу ішіп келеді ме деп жаным шығады. Ондай адамды көрсем қамшымен жонын тілуге пейілдімін. Қарағым, көкпар деген қазақтың ар-намысы, айла-амалы, тазалығы сынға түсетін жер. Сондықтан бұл ойын түрі қор болмаса екен деймін». Шіркін-ай, осындай абыз-қариялар көп болса қазағымның бағы басынан кетпес еді-ау деп тебірендім мен. Ұлпанның құдіреті «Бірлігі мықты елдің – тірлігі мықты» деген сөздің жаны бар. Оған Бостандық ауылы жұртшылығының тыныс-тіршілігі куә. «Қариясы бардың – дариясы бар» демекші, ақпан айынан бастап ауыл қариялары көріктендіру-көгеріштендірудің айлығын бастап кетті. Наурыз айынан бастап ауылдағы аналарды құрметтеді. Үлкен іс-шара өткізіп, 30-ға тарта анаға сый-сияпат жасады. Одан қала берді ауданда алғашқылардың бірі болып «Көрісу күнін» өткізді. Көше-көше болып арық-атызды тазалауға кірісті. Әсіресе Ұлыстың ұлы мейрамын барынша сән-салтанатымен атап өтті. Алты ақбоз үй тігіп, көше-көше болып наурыз көже таратты. Мектепті бітіргендер орталарынан қаражат жинап, көпбалалы отбасыларына сый-сияпат жасады. Той күндері қазақтың салт-дәстүрлері барынша ұлықталды. Балуандар белдесті, әншілер өнер сайысына түсті, бишілер мың бұрала биледі. Есік қаққан Барыс жылына ауыл ақсақалдары батасын берді. Не керек, қызық думанның небір түрі өтті. Қарулы жігіттер салмағы 40-50 килограмм тартатын қошқар көтерді. Ең тамашасы, осы ауылдың келіні Ұлпан Жандарқызы Омарбаеваның салмағы 15- 20 келі тартатын тоқтыны жұртшылықтың алдында 47 мәрте көтеруі болды. Міне, қазақтың ибалы келіндері қажет болса қарулы болатынын да көрсетті. Осы игі іс-шараларды ұйымдастыруға ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрғазы Шәріпбаев және билер кеңесінің төрағасы Жаңабай Есімовтер барынша атсалысты. – Мереке күндерінің алдында, – дейді Жаңабай би, – ауылдың солтүстік бетіне 2000 түп ағаш отырғыздық. Ол өскіндерді өзіміз дайындадық. Енді болашақ саябақты қоршау ісімен айналысып жатырмыз. Оған, Құдайға шүкір, қаражатымыз жеткілікті. «Игілік» деп аталатын қоғамдық қорға ауылдан шыққан, жерін, елін сүйетін азаматтар демеуші болып қомақты қаржы аударуда. Оған қоса ауылға ағын су әкелетін арықтарды тазалап, қақпалар қойылуда. Мақсатымыз – әр аулаға дейін су жеткізіп, жеміс-жидек егуге, жоңышқалықты суғаруға суды тұрақты беру. Наурыздың алғашқы онкүндігінде Бостандық ауылының тұрғындары даңғазалыққа салынбай, жұмыла еңбек етті. Әсіресе Ұзын каналының бойынан ауылға арық тартылды. Су жіберілетін тұсқа ақсақалдар, билер бас болып қақпақ орнатты. Оның беріктілігіне мамандар жоғары баға беріп отыр. Күні кеше ғана ауылға ағын су жіберіліп, әр көше тұрғындары шарбақтарына кезегімен су ала бастады. Ауыл тұрғыны, билер кеңесінің мүшесі Айғараев Рәттің есігінің алдындағы бау-бақшасынан дайындалған алма, өрік, жүзім, шие көшеттері егемін дегендерге тегін таратылды. Сондай-ақ ауыл ардагерлері Талапты-Тараз қаласына қарай салынған асфальт жолдың күрделі жөндеуін көріп, сапасына баға берді. Осы топта Аққұм ауылы билер кеңесінің төрағасы Пәрімбек Бейсенұлы да болды. Ол – жол маманы. «Жамбыл жолдары» ЖШС жүргізіп жатқан жолдың сапасына қариялар оң бағасын берді. Өз кезегінде жолшылар да олардың ақыл-кеңестеріне құлақ асты. Иә солай, Жаңа Қазақстанды жасаймыз деген Бостандық ауылының тұрғындары елді бірлікке, тірлікке шақырып, жаңарудың негізі еңбекте екендігін жастарға ұғындыруда. Бұрынғыдай емес ауыл ақсақалдарының арқасында көпшілік бірігіп, көріктендіру-көгеріштендіруге белсене қатысып, елдіктерін көрсетуде. Үлкендер үлгі көрсеткеннен соң, жастар қайда барады?! Олар да туған жердің қадірін біліп, еңбекті еміп өсуде.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
аудандық билер кеңесінің төрағасы. Талас ауданы.