- Advertisement -

Екі жақтың мәліметтері неге сәйкес емес?

25

- Advertisement -

Облысымызда жылыту маусымы кезінде 85 пайыз газ, 15 пайыз көмір, 10 пайыз мазут пайдаланылады. Алдағы жылдары толығымен көгілдір отынға көшу көзделген. Осы және басқа да мәселелер облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен қысқы жылыту маусымын қорытындылауға арналған кеңесте жан-жақты қаралды.

Әуелі облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев баяндама жасап, қысқы жылыту маусымының қалай жүргізілгендігін айтып өтті. Аталған басқарма басшысы облыстағы барлығы 8 ірі жылыту көздері 83 локалды қазандық және 444 автономды қазандық штаттық режімде жұмыс істегенін, нәтижесінде 1664 әлеуметтік маңызы бар нысан және 1622 көпқабатты тұрғын үй және мекемелердің бәрі жылумен қамтылғанын, оған қажетті отын түрлері жеткілікті болғанын айтты. «Бюджеттік мекемелердің автономды қазандықтары үшін жоспарлы 67,4 мың тонна көмір, халық үшін 188 тонна көмір толық қамтамасыз етілді. Көмір сатумен айналысатын 27 нарық субъектісіне көмір вагондары тұрақты жеткізіліп, Шұбаркөл, Қаражырадан жеткізілген бір тонна көмірдің бағасы сортына қарай орта есеппен 12-14 мың теңгені құрады. Ал Жаңатас қаласының орталық қазандығына тиесілі 12,8 мың тонна әлеуметтік мазуттың 8,4 мың тоннасы ғана жеткізілді. Жеткізуші мердігер «Наш быт» ЖШС тарапынан келісімшарт талаптары бұзылуына байланысты Сарысу ауданының әкімдігі сотқа талап арыз түсірді. Осындай күрделі жағдайлар да орын алды. Дегенмен ауа райының қолайлы болуы да маусымның төтенше жағдайсыз өтуіне ықпал етті. Сәуір айының басынан жылыту маусымы тоқтады. Бірақ көпқабатты тұрғын үйлердің ыстық сумен қамтылуы жалғаса береді. Осы тұста бір мәселе бар. Алдағы тамыз айында қысқы маусымға дайындық және құбырларды жөндеу жұмыстарына байланысты 20-25 күнге ыстық су беруді тоқтатамыз. Тұрғындар осыған түсіністікпен қараса», – деді басқарма басшысы.

Осы орайда облыс әкімі Жуалы, Мойынқұм аудандарының әкімдерінен жағдайды сұрады. Өкінішке қарай, басқарма басшысы мен аудан әкімдері айтқан цифр сәйкес келмеді. Жуалы ауданында көмірдің бір тоннасы 15-17 мың теңге, Мойынқұм ауданында 22-23 мың теңге көлемінде сатылған екен. Бұл ретте өңір басшысы Нұржан Молдиярұлы аталған басқарма басшысына қарата: «Сіздің цифрыңыз неге аудандармен сәйкес келмеді? Оның өзіндік себептері бар шығар. Бірақ, сіз сол себептерді баяндамаңызда айтуыңыз қажет еді. Біз халыққа бәрін ашық түсіндіруіміз керек қой. Сосын жылыту құбырларын жөндегенде ыстық суды тоқтатпаудың механизмі жоқ па? Осы кезге дейін жылыту құбыры жөнделгенде жанынан ыстық су өтетін қосымша құбыр тартылмады ма? Ондай мүмкіндігіміз жоқ па?» деп сұрап, бұл жөнінде нақты мәліметпен қамтуды ескертті.

Қ.Қорғанбаев мырза жылу да, ыстық су да бір құбырмен өтетінін айтып ақталды. Оның айтуынша, жылытуға қатысты өзге бірқатар мәселелер де бар екен. Мәселен, Тараз қаласындағы №15 шағын ауданда мекемелер мен ғимараттар көбейген сайын, жылу жөнді жетпейді. Бұл маңайда жылу қалыпты болу үшін арнайы қондырғы қойылуы тиіс көрінеді. Ал «Көне Тараз» кешеніндегі 6 мекеме күн көзінен қуатталуда. Оның да қуат-күшінің жетіспеуінен жыл сайын мәселе туындауда. Басқарма басшысы осы 6 мекемені орталықтандырылған газға қосуды ұсынды. Облыс әкімі мұның тиімді жолдарын қарастыру керектігін ескертті.

Облыс әкімі мұнан соң жылу беруге қатысы бар бірнеше мекеме-кәсіпорын басшыларын тыңдап, мәселелерге назар аударды. Денсаулық, спорт, білім, мәдениет басқармаларының басшыларынан да мекемелердің жылыту жағдайын егжей-тегжейлі сұрады. Атап айтқанда, білім саласы бойынша 51 мекеме, спорт саласында – 8, мәдениетте – 15 мекеме жылыту жағдайын газға ауыстыруды қажет етеді.

Биыл Сарысу ауданында қазандыққа мазут жеткізу мәселесінде біраз мәселелер туындағаны белгілі. Бұл жөнінде жиынға онлайн қосылған Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев «Басқарма басшысы айтып өткендей, мердігерлер тарапынан салғырттық болып, мәселе туындағаны рас. Қазіргі таңда ол компаниямен келісімді бұзып, басқа шешімдер қабылдап жатырмыз. Алдағы жылыту маусымына дайындықты сапалы жүргіземіз» деп аймақ басшысын сендірді.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов орынбасары Рүстем Дәулетке қарата:

– Мейлінше жылы суды тоқтатпаудың жолдарын қарастырыңыздар. Газдандыруды арттыра түсуіміз қажет. Көгілдір отын тартылған ауылдардағы әлеуметтік мекемелерді де әрі кетсе екі жылдың ішінде газға қосуымыз керек. Осы жағын ерекше назарда ұстағанымыз жөн. Басқарма басшылары, аудан әкімдері қарапайым тұрғындарға жақын жүріп жұмыс істесін. Сіз осы жағын қадағалаңыз. Алдағы жылыту маусымында мәселе туындамағаны жөн. Сол үшін алдын ала жиналып, қажетті мәселелер бойынша ақылдасып отырмыз. Жұмысты сапалы, жаңаша жүргізгеніміз дұрыс, – деп, жиынды қорытындылады.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support