- Advertisement -

«Kaspi.kz»: енді қолма-қол ақша төле деушілердің қатары көбейе ме?

66

- Advertisement -

Есте болса, былтыр желтоқсан айында «Kaspi. kz» қосымшасындағы аударымдарға қатысты ақпараттар елді елең еткізген еді. Сонда такси жүргізушілері мен шағын дүкендердегі сатушылар тұрғындардан қолма-қол ақша талап еткен соң, электронды ақшаға әбден үйренген халық абдырап қалған. Нақты табысын көрсетуден қашқан кәсіпкерлер салық заңнамасына енгізілген өзгерістердің байыбына бармай жатып, банк қосымшасы арқылы төлем жасаудан жалтарып бақты. Өткен сенбіде осы келеңсіздік тағы қайталанып, кейбір такси жүргізушілері үйреншікті әдетіне басты.

Ашығын айтсақ, бұл заңның қарапайым тұрғындарға еш қатысы жоқ. Бірақ ел арасында ақпараттың «өңі» өзгеріп жылдам тараған соң, көпшілік мұны жаңсақ түсінуде. Әрине, тұрғындар ең бірінші кезекте ресми ақпараттың анық-қанығын білместен біреуден естігенге сенеді. Ал алып-қашпа әңгіме қайдан шықты деген сауалға тоқталсақ, таяқтың ұшы қайтадан такси жүргізушілерге келіп тіреледі. Сонымен 16 сәуірде түс ауа біз де межелі мекенжайды белгілеп, «Яндекс такси» шақырдық. Содан «Honda» маркалы темір тұлпар бес минутқа жетер-жетпестен келді. Кейін көлікке отырмастан терезеден басы қылтиған жүргізуші электронды ақша қабылдамайтынын айтты. Келісіп, көлікке отырған соң, жүргізушіні әңгімеге тарттық.

– Салықтан көз ашпайтын болдық. Қазір күнделікті табысымыздан «Яндекс» қосымшасына 16 пайыз, ал автопарктің комиссиясына 4-6 пайыз амалсыз ақша төлейміз. Үш айдан соң, такси жүргізуші екенімізді анықтаса, айыппұл сала бастайды. Үкімет айтса, қарсы келе алмайсың, төлейсің, бітті. «Заңды білмегеніңмен жауапкершіліктен құтыла алмайсың» деген. Енді жеке кәсіпкер ретінде тіркелген соң, ең төменгі салығының өзі 3 пайыздан кем емес. Бір пайыз дегенді жуырда шығармаса, салық департаментінің бір пайыз дегенін естіген емеспін,– дейді Азиз есімді жүргізуші.

Міне, елді, соның ішінде такси жүргізушілерін алаңдатқан осы мәселе. Ал кәсібі жоқ тұрғындардың неден үрейленіп жүргені белгісіз. Біздіңше, көпшілік күнделікті туыстардан және той-жиындарда қонақтардан түсетін қаржыдан салық ұстайды деп ойласа керек. Қалай десек те Үкімет салық төлеуден жалтарған кәсіпкерлерді анықтауға мықтап кіріскен секілді. Елді шулатқан ақпарат та «көктен» келмейді. Біз электронды аударымдарға қатысты көптің көкейінде жүрген сұрақтардың тізбегін облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті «Байланыс орталығы» басқармасының басшысы Өмірзақ Қоспановтан сұрап білген едік.

– Салық заңнамасына мобильді аударымдарға қатысты енгізілген өзгертулер жеке тұлғалардың банктік аударымына кедергі келтірмейді. Бұл заң мобильді төлемдерді кәсіптік бағытта пайдаланып отырғанға ғана қатысты екенін былтыр да баспасөз мәслихатында айтқанбыз. Осы бастамалар бизнестің цифрлық кеңістікте дамуын көздейді. Алаңдауға еш негіз жоқ. 15 сәуірден бастап банктерден тек кәсіпкерлік бағытта пайдаланып отырған шоттарына байланысты ақпарат алынады. Сондықтан жеке аударымдарға салық салынбайды. Кәсібі жоқтарға алаңдауға негіз жоқ. Жеке кәсіпкерлер төлемге қарай салық бойынша өзіне қолайлы режимді таңдай алады. Мысалы, такси жүргізушілері патент негізінде арнайы салық режимін қолданса құба-құп. Бұл режим табысы жылына 10 миллион 300 мың теңгеден аспайтын кәсіпкерлерге қатысты. Бүгінде төлемге байланысты мобильді қосымшалар баршылық. Кәсіпкер онлайн кассаның мобильді нұсқасын жүктеп алып, заңды түрде пайдалана алады. Ал салықтың есебі «e-Salyq Business» қосымшасы арқылы автоматты түрде шығады. Еске салайық, мораторий бойынша жеке кәсіпкерлер 2023 жылға дейін табыс салығын төлеуден босатылған. Сондықтан кәсіпкерлер уәкілетті органдардың ресми ақпаратына сенгені дұрыс,– дейді Өмірзақ Сайлауұлы.

Сонымен такси жүргізшілерінің алаңдайтындай жөні бар екен. Олар оңайтылған декларация бойынша табысының үш пайызын салыққа аударып отыруы тиіс. Ескеретін жайт, такси жүргізушілері патент негізінде салық төлейтін болса, онда олар табысының тек бір пайызын ғана аударып отырады. Кәсібін жасырғандарға бірден айыппұл салынбайды. Төлемдер туралы ақпарттарды тиісті департамент қолына алған соң, салық төлемегендерге ескертеді.

Иә, сонымен 15 сәуірден бастап азаматтардың жеке шотындағы аударымдар тексеріле бастады. Былтыр осы заң туралы ақпарат тарағанда кейбір дүкендер кассалық аппарат алып қамданған-тын. Апта бойы кейбір дүкендер мен такси жүргізушілері элекронды ақша қабылдамай, цифрлы дәуірде өмір сүріп жатқанымызды естен шығарғандай болды. Әйтсе де, көп ұзамай жағдай реттеліп, кәсіпкерлер қалыпты жұмысқа көшті. Алайда кейбір дүкендер қолма-қол төлем жасайтындарға сөредегі бағамен, ал аударымды құп көретіндерге бес-он теңге қосып сатудан танбай отыр. Әрине, мұның барлығын тиісті мекемелер зерделеп, халықтан салықтың үлесін бейресми алып отырғандарды әшкерелейді деп сенейік.

Өмірзақ Қоспановтың айтуынша, қаулыда көрсетілгендей, кәсіпкерлерді кірісіне қарап анықтаудың бірнеше өлшемшарттары бар. Сонымен жеке тұлға үш айдың ішінде 100 немесе одан да көп азаматтан кәсіпкерлік қызметке арналмаған банк шоты арқылы төлем қабылдаса кірісі жіті тексеріледі. Осылайша салықтан жалтарғандарды оңай анықтауға болады. Енді салық кодексінің шеңберінде 2025 жылға дейін екінші деңгейдегі банктер тұлғалардың бірнеше санаты бойынша тиісті органға мәліметтерді кезең-кезеңімен береді. Келер жылға дейін толық зерделеніп, аяқталатын бірінші кезеңде «мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайы (зайыбы), сондай-ақ оларға теңестірілген адамдар бойынша» төлемдер тексерілетіні жазылған. Ал келер жылдан басталатын 2-кезеңде бюджет саласының қызметкерлері мен жары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері мен жарының аударымдары тексеріледі. 2024 жылдың қаңтарынан, яғни үшінші кезеңде заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары бойынша біржолғы ақшалай өтемақы алуға құқылы. Сонымен қатар 4-кезеңде халықтың қалған санаттары бойынша аударымдар бақыланады.

Сәндібек ПІРЕНОВ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support