- Advertisement -

Аудан әкімдері мен басқарма басшылары әлеуметтік желіде белсенді болуы керек

66

- Advertisement -

Өңірде экономикалық ахуал қалыпты. Дегенменде барлық ауданда негізгі салалардың даму көрсеткіші бірдей жоғары емес. Әлеуметтің әлеуетін арттыруға ықпал ететін кейбір бағыттар бойынша кенжелеп тұрғанымыз бар. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де кезек күттірмейтін шаруа. Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітов кезекті аппарат мәжілісінде кеңінен қаузап, жауапты басқарма басшыларына тапсырма жүктеді.

Аймақ басшысы жиында Үкімет тарапынан және облыс әкімдігінен көрсетілген қолдауды кәсіпкерлерге тегіс жеткізудің маңыздылығына тоқталды. Яғни, аудан мен елді мекендердегі кәсіпкерлер үкімет ұсынған бастамалардан құр қалмауы керек7

Аудандар мен қалада мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бар болса, біз олардың мәселесін толықтай біліп отыруымыз керек. Аудандардағы кәсіпкерлік бөлімдермен байланысып, тірлікке қолбайлау болған мәселелерді анықтап, соның шешу жолдарын қарастыруымыз қажет. Тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру бойынша жұмыстар сол кезде үйлесімді іске асады,–деді Нұржан Молдиярұлы.

Осы ретте өңір басшысы жауаптыларға кәсіпкерлікті қолдау бағытында облыстық бюджеттен қаржы қарастыру мәселесін қайта қолға алуды тапсырды. Нұржан Молдиярұлы кәсіпкерлерге грант үлестірудегі кедергілерді тиімді.

шешуге болатынын ескере отырып, облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбековаға кәсіпкерлерге грант бөлудің тетіктерін қарастыруды жүктеді. Ескеретін жайт, жұмыстың сапалы іске асуы үшін облыс әкімдігінің кәсіпкерлік басқармасы әр ауданның мүмкіндігін зерделеуі қажет. Басқосуда Нұржан Молдиярұлы өңірдегі жұмыссыздық мәселесі туралы да айтты. Бүгінде облыст ағы колледждердегі студенттердің 50 пайызы, яғни 12 мыңға жуық жас тегін білім алуда. Сондықтан өңірге аса қажетті мамандықтарға көбірек грант бөлудің маңыздылығы зор. Мұны анықтау үшін өңірдегі жұмыс орындарымен тығыз байланыс орнатуға көңіл бөлген ләзім. Өңір басшысы бұл шаруаны облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының құзырына қалдырды.

Бұқара мен билік арасындағы байланысты бекемдеу үшін әкімдік пен басқармалар әлеуметтік желідегі парақшаларын үздіксіз жаңалап, халықпен кері байланыс орнатуды қолға алуы керек. Осы орайда облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы аудан, қала әкімдерінің және басқарма басшыларының қоғаммен кері байланыс орнатуда ақсап тұрған тұстарын тізіп берді.

– Бүгінде жергілікті атқарушы органдардың халықпен кері байланысы және әлеуметтік желідегі белсенділігі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл мәселе бұған дейін де аппараттық кеңесте қаралып, нақты тапсырмалар берілген болатын. Нәтижесінде осы бағытта бірқатар жұмыстардың жүйеге түскені байқалады. Аудан әкімдері желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізе бастады. Дегенмен әлі де кемшіліктер жоқ емес. Мәселен, кейбір парақшаларда оқырман саны аз әрі аудан халқының басым бөлігі қамтылмаған. Өкінішке қарай, атқарылған жұмыстардың, жобалардың, кездесулер мен іссапарлар бойынша жазбалардың саны мүлдем аз болып отыр. Зерттеу көрсеткендей, әлеуметтік желіде неғұрлым белсенді болған сайын, оқырман саны соғұрлым көбейеді. Сондықтан аудан әкімдері әлеуметтік желіде белсенді болып, халықпен кері байланыс орнатса дейміз. Басқарма басшыларының да әлеуметтік желідегі белсенділігі көңіл көншітпей тұр. Басшылардың ресми парақшалары бар болғанымен салаға қатысты жазбалар жарияланбайды,– деген Данияр Асқарұлы бірқатар ұсыныс-пікірін айтты.

Артынша, Нұржан Молдиярұлы баяндамашының ұсыныстары бойынша тиісті тапсырмаларды бекітіп, оны барлық мемлекеттік органдарға жолдау қажет екенін айтты. Бұдан соң «Jambyl 109» облыстық бірыңғай диспетчерлік қызметінің басшылығы да қаладағы бірқатар жауапты мекемелерге түскен сауалдар бойынша дер кезінде ақпарат алу қиынның-қиыны екенін жеткізді. Осы ұсыныс негізінде Нұржан Молдиярұлы «Jambyl 109» желісіне келген сауалдарға тиісті мекемелердің қаншалықты жедел жауап беретінін келер аптада тағы бір зерделеп көруді ұсынды. Айталық, жедел ақпарат беруге жүрдім-бардым қараған мекемелердің басында «Жамбыл электр желілері», «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігі, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы және облыстық ветеринария басқармалары тұр.

Сонымен қатар жиында облыстағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы және оны бақылауда ұстау мәселесі қаралды. Әрине, нақты көрсеткішке сүйенсек, өңірде тауарлардың бағасы біршама өскені байқалады, дегенмен тұрғындар жиі тұтынатын 18 тауардың 16-сы әуелгі бағасын сақтап тұр екен. Сондай-ақ аппараттық кеңесте Нұржан Молдиярұлы аудандардың экономикалық көрсеткіштеріне жіті мән беріп, түрлі сала бойынша аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support