- Advertisement -

Чемпиондар лигасының тартысты ойындары әлі алда

10

- Advertisement -

Төрткүл дүниенің футбол жанкүйерлері көз тіккен чемпиондар лигасының ширек финалдық ойындары аяқталып, үздік командалар іріктелді. Ішкі чемпионатта қарсылас шақ келтірмей, дара шыққан әлемнің ең үздік командалары бәсекенің көркін қыздыра түсті. Турнир басында айқын фаворит саналған кейбір клубтар өкінішке қарай орта жолда қалды. Бұл туралы әлемнің спорт сарапшылары да әртүрлі пікірлер айтуда. Топтық ойындардан бастап ізіне қара салмаған төрт команданың қай-қайсысын алсақ та жеңіске әбден лайық. Осыны ескере келе, жартылай финал алдында біз де командалардың жеңісті жорығына шолу жасағанды жөн көрдік.

МАДРИДТІК «РЕАЛ» ЖАНКҮЙЕРЛЕРІН ЖЕРГЕ ҚАРАТПАДЫ

Футбол жанкүйерлері чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде «Пари Сен-Жермен» және «Реал Мадрид» клубтарының кездесуін асыға күткені рас. Бірі, әлемнің ең үздік ойыншыларының басын қосқан адуынды команда болса, екіншісі, чемпиондар лигасының кубогын талай мәрте еншілеген тәжірибелі клуб. Статистикаға сүйенген спорт сарапшыларының дені бұл ойында франциялықтардың жеңіске жететініне бек сенімді болды. Алайда, «Реалдың» жанкүйерлері ақтық ойындарда жеңісті оңайлықпен бермейтін әлемнің үздік командасын қолдаудан қашпады. Сонымен алғашқы ойын Францияның «Парк де Пренс» стадионында өтіп, париждіктер 1:0 есебімен қарсыластарынан басым түскен-ді. Ойынның 61 минутында «Реал» сапындағы қорғаушы Даниэль Карвахаль Килиан Мбаппені шалып жығып, өз қақпасына пенальти алып келген. Бірақ, Лионель Мессидің төменгі оң жақ бұрышқа жасаған соққысын мадридтік клубтың қақпашысы Тибо Куртуа қайтарды. Тек кездесудің 94 минутында ғана француздық Килиан Мбаппе қарсыластың қақпасынан саңылау тапты. 24 жастағы футболшы «Реалдың» екі ойыншысынан айласын асырып, жеңіс голын соққан.

«Пари Сен-Жермен» және «Реал Мадрид» арасындағы қарымта кездесудің тағдыры соңғы минуттарда шешілді. Мадридтік «Реалдың» шабуылшысы Карим Бензама париждіктердің қақпасына үш гол тоғытып, клубты алға сүйреді. Осы ойында француздық Карим Бензема Чемпиондар лигасында хет-трик жасаған ең егде жастағы ойыншы атанды. Ол «Милан» сапында ойнайтын «Челсидің» бұрынғы шабуылшысы Оливье Жирудың рекордын жаңартты. Айта кетсек, Жиру өткен маусымда, нақтырақ айтсақ чемпиондар лигасының топтық кезеңінде «Севилья» қақпасынан төрт мәрте саңылау тапқан болатын. Тағы бір қызықты статистикаға жүгінсек, Бензема сол ойыннан кейін «Реал Мадрид» клубының тарихында 309-шы голын соғып, бұл көрсеткіш бойынша үшінші орында тұрған Альфредо Ди Стефаноны (308) басып озды. Бұл тізімнің басында мадридтік «Реал» сапында 323 гол соққан Рауль тұр. Сондай-ақ Бензема осы маусымда «Реал Мадрид» сапында 33 ойынға қатысып, 30 гол мен 12 нәтижелі пастың авторы атанған. Мадридтегі (Испания) «Сантьяго Бернабеу» стадионында өткен қарымта кездесу 3:2 есебімен лондондық команданың пайдасына шешілді. Шынтуайтында, «Челси» алғашқы ойындағы ірі есепке қарамай, «Реалға» тегеурінде қарсылас атанды. Финалға бергісіз ойынның 15-минутында есепті «Челсидің» жартылай қорғаушысы Мэйсон Маунт ашты. 51-минутта «Челсидің» қорғаушысы Антонио Рюдигер командасының екінші голын соқты. Ал 75-минутта неміс шабуылшысы Тимо Вернер есепті 3:0-ге жеткізді. Бірақ, бес минуттан кейін «Реалдың» шабуылшысы Родриго мергендік танытып, ойынды экстра-таймға ұластырды. Кездесудің қосымша уақытында шешуші голды тағы Бензема соқты.

ШИРЕК ФИНАЛДА ҚАРА ҮЗІП ШЫҚҚАН КІМДЕР?

Мадридтік «Реал» мен «Челси» арасындағы тартысты кездесудің 21 минутында Винисиустың пасынан кейін есеп ашса, арағы үш минут салып, дубль жасады. Бірінші таймның аяқталуына небары 5 минут қалғанда «Челси» сапындағы Кай Хаверц есеп айырмасын қысқартқан. Соған қарамастан Бензема екінші тайымның қарсыластар қақпасына үшінші голын тоғытып, матчтың үздік ойыншысы атанды. Осы күні испаниялық «Вильярреал» әлемнің үздік клубтарының қосындағы «Баварияны» қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Жалғыз голды Арно Груневельд соқты. Бір қызығы, Мюнхендегі «Альянц Арена» стадионында өткен қарымта ойында 1:1 есебі тіркеліп, Бавария жарыстан шығып қалды. Біздіңше, осы матчтан кейін Германияның үздік командасында үлкен өзгерістер болатын сыңайлы. Сол секілді «Манчестер Сити» мен «Атлетико Мадрид» арасындағы алғашқы ойында ағылшындар 1:0 есебімен басым түсті. Екінші кездесуде қос команданың үздіктері бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмады. Сәйкесінше, тәжірибелі бапкер Хосеп Гвардиоланың командасы жартылай финалға жолдама алды. Ширек финалда «Ливерпуль» де сырт алаңда «Бенфиканы» 3:1 есебімен тізе бүктірді. Ал «Энфилд» стадионында өткен қарымта кездесуде екі команда 3:3 есебімен тең тарқасып, қос ойынның қорытындысы бойынша «Ливерпуль» жартылай финалға шықты.

Енді жартылай финалдың алғашқы кездесуінде «Манчестер Сити» өз алаңында мадридтік «Реалды» қабылдаса, «Ливерпуль» «Вильярреалмен» шеберлігін сынайды.

Айта кететін ақпарат, Еуропа футбол қауымдастығы Чемпиондар лигасының финалдық ойынын Санкт-Петербургтен Парижге ауыстыру жөнінде шешім қабылдады. Шешуші ойын енді 28 мамырда «Стад де Франс» стадионында өтеді.

Дайындаған Сәндібек ПІРЕНОВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support