- Advertisement -

ҚАРАПАЙЫМ ЖҰМЫСШЫНЫҢ ХАЛ-ЖАҒДАЙЫН СҰРАУҒА ҚҰМАР ЕДІ

63

- Advertisement -

Мен Жуалы ауданы, Қарасаз ауылдық округінің Ақбастау ауылында тұратын қарапайым зейнеткермін. Өмірімді ұжымшардың ауыл шаруашылығы саласына арнап, егін егіп, мал бақтым. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым жұмыстарды атқардық. Ал енді айтайын дегенім —  мен Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты көзіммен көріп, қол алысып амандасып, әңгімелескен кісінің біреуімін.

Ол кезде ұжымшарда (бұрынғы колхоз) еңбек етемін. Шаруашылық негізінен егіншілікпен айналысады. Көбінесе бидай мен картоп егеді. Сонау 1974 жылдары еді. Мен ұжымшарда егіншімін. Картоп суарып жүргенбіз. Ауылдың кішкентай бастықтары «Қонаев келеді, Қонаев келе жатыр» деп шулап кетті. Бәрі ақырын сөйлеп, аяғының ұшымен басады. Ол кезде отыздан енді асқан жігіт ағасы кезіміз. Қазақстанның бірінші басшысын, аңыз адамды біздің де көргіміз келеді. Қолын алып амандасқымыз келеді. Бірақ, қайдан! Ондай лауазымды кісінің қасында облыстың, ауданның басшылары жүрмейді деймісің? Қала берді колхоз төрағасы, бригадирлер бар. Ол кісіге жақындау бізге мүмкін емес қой деп ойладық. Сонда да үмітімізді үзбей, жақсылықтан дәмелендік. Егіндіктің басында жүрдік.

Бір күні түс қайта сау етіп екі-үш жақсы машина егіс алқабына келіп тоқтады. Ортадағы көліктен бойы биік, еңселі кісі түсіп, егіс басына беттеді. Жүзінен парасат пен байсалдылық, мейірім мен даналық байқалады. Басылымдардан, телеарналардан көріп жүр емеспіз бе, «Қонаев осы кісі» деп, сырттай танып тұрмыз. Қасында біраз кісілер бар екен. Қарақұрым болып артынан жүріп отырды. Дінмұхамед Ахметұлы бірден егістікті аралап шықты. Бірнеше бөліктен тұратын үлкен алқап қой. Өсіп тұрған картопқа сүйсіне қарап: «Жақсы, өте жақсы. Бұл – елдің нәсібі, өзіміздің ырысымыз ғой», – деді.

Үлкен кісі біз еңбек етіп жатқан тұсқа да келді. Біраз аялдап: «Жігіттер, қалдарың қалай? Еңбек рәтті болсын. Өнімнің шығымы қалай болып жатыр?» деді. Жанымыздағы егіс бригадир жауап беріп жатыр. Үлкен кісі Қонаевтың бір кезде маған көзі түсіп кетті (Алланың сәттілігі шығар).

– Жас жігіт, жұмыстарың қалай? Жағдайың қалай?, – деп сұрады деп сұрады. Мен осы сәт бөгеліп тұрмай, «Ассалаумағалейкум» деп Қонаевқа жақындап едім, ол кісі күлімдеп, қолын ұсынды. Үлкен кісі қолын ұсынған соң, маған амандасу жеңіл болды. Менің кішкентай саусақтарым ол кісінің қолының арасына сүңгіп кетті.

– Атың кім? – деді.
– Мақұл Қаржауловпын.
– Мұндағы міндетің, жұмысың қандай?
– Сушымын, картоп суарамын.
– Жақсы, жақсы. Жас жігіт екенсің. Бейнеттен ерінбе. Еңбегіңнің жемісін жейсің. Қасиетті қара жер талаптанған адамды бос қалдырмайды. Жаман болмайсың, – деді.

Димаш Қонаев сосын егіс даласына жайылған дастарқаннан ауыз тиді де, келесі нысанға қарай аттанып кетті.

Димекең ақсақалдың аузы дуалы ғой. Содан кейін жаман болған жоқпын. Алты ұл-қызымды тәрбиелеп, барлығы өмірден өз орындарын тапты. Өзім бір ауылдың ақылшы, сыйлы қариясына айналдым. Әр кезде Дінмұхамед Қонаевпен тілдескен титтей сәтті үлкен қуанышпен есіме аламын.

Мақұлбек ҚАРЖАУЛОВ,

зейнеткер,

еңбек ардагері.

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support