- Advertisement -

Менің анашымды көрдіңіздер ме?

25

- Advertisement -

Тараз қаласынан 200 шақырымда жатқан ауылда тұратын Күнпатшаның көптен көкейінде жүрген ойының бірі – бірінші сыныпта оқитын қызы Даянаны қалаға апарып, серуендету, киім алып беру. Сынып жетекшісінің тапсырмасы өз алдына бір бөлек. Апайының айтуынша, сөмке, арқасына
асынатын рюкзак, сол рюкзактың қалташасына қыздың аты және анасының ұялы телефон нөмірі жазылған бейджик керек екен. Оның ойында қаланың әдемі фотосалондарына қызымен бірге суретке түсу де бар. Әрине, үйге керекті азық-түлік, басқа заттарды да ұмытпайды.

Міне, сол күннің де сәті туған сияқты. Бүгін Күнпатша айлығын алды. Үйіне келіп: «Жалақымды алдым. Ертең таңертеңгісін қалаға барамыз», – дегенде қызы қуанғанынан «Алақай, рақмет, анашым!» деп анасының мойнына асылды.

Күнпатша ертеңіне жеті жасар қызымен бірге «Газель» көлігімен қаланы бетке алды.Таразға да табандары тиді. Базарға да жетті. Керек-жарақтың бәрі айналасында самсап тұр.Базардың қарсы бетіне орналасқан фотосалонға кіріп, Даяна екеуі суретке де түсті. Рюкзак деген де осында бар екен. Оны да алды. Даяна қалташасына бейджигін салдырып, сол мезетте-ақ асынып алған. Өзіне сондай жарасып тұр.

– Анашым, мұндай бейджик салынатын рюкзак сыныптастарымның ешбірінде жоқ, – деп мақтана сөйледі.

Енді екеуі қайнаған базардың қалың ішіне келіп кірді. Ойлары – Даянаға көйлек, күртеше, туфли алу.

Қызы анасынан бір елі қалар емес. Қолынан тас қылып ұстап алған. Қолынан қолы шығып кетсе, етегіне жармасады. Даяна жан-жағына жалтақтай қарап таңырқанып, тамсанып келеді.

Жетектесіп жүріп көйлек, аяқ киім алды. Енді күртеше, бас киім алулары қажет.

Уақыт болса өтіп жатыр. Сағатына қарады. Түскі 12-ден асыпты.

Күнпатша қызына қарады. Бастапқыдай емес, жүрісі бәсеңсіп қалыпты.

– Даяна, шаршадың ба?
– Жоқ.
– Қарның ашты ма?
– Жоқ.

Екеуі базар аралап жүріп әжетханаға кірген. Анасынан бұрын сыртқа шығып кеткен Даяна есік алдында Күнпатшаны күтіп тұр. Жан-жағына жалтақтай қарап тұр еді, әжетханадан шыққан, анасының пошымынан айнымайтын, киімі де, жүрісі де ұқсайтын бір келіншекті анам екен деп соңынан ілесті. Жүрісі ширақ екен әлгі келіншектің, жеткізбей барады. Оған Даяна жүгіріп жетіп, қолынан ұстай бергенде, келіншек қағып жіберіп кете барды.

Даяна түкке түсінбей бір орнында қалшиды да қалды. Қайда барарын білмей, дел-сал күйге түсті. Ол адасқанын сезді де, «Анашым!» деп айқай салды. Қос жанарынан мөлтілдеп жас ағып тұр. Ботадай боздап келеді. Қайда бара жатқанын өзі де білмейді. Анасына ұқсатқан әйел көрсе, анашым деп соларға барады. Анасы емес бөтен жандар болып шығады. Айтатыны «Менің анашымды көрдіңіздер ме?» деу ғана.

Бұл кезде базардың басқа бір шетінде өзін қай жерге қоярын білмей қызын іздеген Күнпатша жүр ағыл-тегіл жылап жүр еді. Ол да «Менің қызымды көрдіңіздер ме?» деп сұрап келеді.

Көрген, білген ешкім жоқ. Әншейінде қосақтасып жүретін полиция қызметкерлері де көрінбейді. Жөн сұрайтын жан жоқ.

Енесін іздеген ботадай боздап базардың бір шетінде шынашақтай қыз жүр шырыл қағып. Базардың орта тұсында шырылдап ана жүр етегін жасқа толтырып. Күнпатша бағанадан бері бүкіл базарды аралап, бір жүрген жолмен мың жүрген шығар-ау. Жазған құлда шаршау бар ма?!

Адам көп жүретін базардан шыға берер тұста құрт сататын апа қасынан кезекті рет өткен көздері білеудей болып ісіп кеткен Күнпатшаны қасына шақырып:

– Қызым, жайсыз жағдайға душар болғаның түріңнен көрініп тұр. Не болды?
– Қызымнан адасып қалдым. Екі сағат
болды іздеп жүрмін. Ізім-қайым жоқ.
– Аты кім еді қызыңның?
– Даяна. Кішкентай қыз. 7 жаста.
– Апырай-а, сен былай ет, қызым. Мен осы жерде базар жабылғанша отырамын. Маған телефоныңның нөмірін жазып бер. Көрсем, естісем, саған хабарлаймын. Сол мезетте тез жетерсің.

– Жарайды, апа, – деп еңкілдеп жылап тұрып бір параққа телефон нөмірін жазып қалдырып, ары қарай қызын іздеп кете барды.
– Қызым, мына құрттан ал.
– Жоқ, апа, рақмет! Қызым аш жүргенде мен қалай тоқ жүремін, – деген.

Апа да көзіне жас алды. Өзі де балалары үшін азаңнан кешке дейін базарда құрт сатып отыр емес пе?! Ана жүрегі осылай елжіресе керек

Шамалы уақыттан кейін саудагер апаның қасына сылаңдаған екі кербез келіншек келіп:

– Апашка, бізге екі-үш құрт беріңізші. Қызымыздан көз жазып қалдық.
– Ойпырай. Бүгін қыз жоғалтатын күн бе?
Қызың қанша жаста еді?
– Алтыда.
– Аты кім?
– Оля.
– Орыс па не?
– Қырғыз.
Олардан секем алған апа:
– Жоқ, көрмедім, – дей салды.

Арада жарты сағат өтті ме, өтпеді ме, әлгі екі келіншек бір қаршадай қызды дедектетіп алып барады. Апа енді байқады, қыздың қолында өзі мына екі келіншекке сатқан құрт.

Апа көп ойланбастан олардың соңынан түсті. Қызды қайда апармақшы? Дәу де болса автотұраққа баратын шығар бұлар. Автотұрақ жақын маңда. Олардың соңынан ілескен апа лезде көз жазып қалды. «Бұлар қай тесікке кіріп кетті екен? Дүкенге кірген шығар». Апа көп ойланбады. Полицияға, қыздың анасына қоңырау шалып, автотұраққа тез жетулерін сұранды.

Шамалы уақыттан кейін үшеуі дәріханадан шықты. Өмір көрген апа бұл сұмырайлардың дәріханаға кіріп, дәу де болса қызға ұйықтататын дәрі салдыртып алғанын сезді. Қыз жыламасын деген қара ниеті бар бұлардың.

Қызды жетектеген бойда автотұрақтың шеткі жағында тұрған ақ «Ауди» көлігіне отырды олар.

Осы сәтте бұлардың қасына жақындаған апа рөлде отырған келіншекке:

– Қызыңа құрт алмайсың ба? – деді ештеңе көрмегенсіп.
– Құртың да құрысын, өзің де құры, – деп жұлына сөйлеген келіншек тұрған орнынан жылыстай берді. Апа көліктің нөмірін көріп алды.

Алдымен автотұраққа қыздың анасы жетті құстай ұшып. Іле полиция қызметкерлері де келіп тоқтады.

Апаның тәптіштеп айтуы бойынша полиция қызметкерлері орталыққа хабарлап, жедел әрекетке көшті. Көліктің түр-түсін де, нөмірін де айтып берді.

«Аудидың» бет алысы – Шымкент бағыты. Басқан іздерін компьютер арқылы бақылап отырған орталық олардың Тараз қаласынан шығып бара жатқанын, соңдарынан арнайы жедел топ түскенін хабарлап отырды.

Апа мына қасында тұрған полиция қызметкерлерінің онда бармасын біліп, әлгінде ғана өзін алып кетуге келген баласының жеңіл көлігіне Күнпатшаны мінгізіп, екеуі солай қарай жолға шықты.

Соңындағы қуғыншыларды сезбеген сылқымдар қаладан шыға бере жол жиегіне тоқтап, қызға дәріханадан алған анальгин мен димедролды егіп, ары қарай алыстай берді.

Соңдарынан ілескен жедел топ бір тұсқа келгенде рациядан топ жетекшісінің: «Дайындалыңдар! Алдыңдағы екі көлік «Аудидан» озып барып, артындағы екі көлік «Аудиге» тақала барып «тоқтаңдар» деген пәрменін естіді. Олар солай етті де.

Осы сәтте апа мінген көлік те келіп тоқтаған. Ашуға булыққан апа мен Күнпатша «Аудиде» отырған сұрқия екі келіншекті шаштарынан тартып далаға шығарған. Сол мезет екеуінің қолына кісен салынды.

Күнпатша мен Даяна бүгін ауылдарына қайтпайтын болды. Өйткені әлгінде ғана жедел топтың басшысы шақыртқан медициналық жедел жәрдем көлігі келген-ді. Дәрігер екеуін де мұқият тексеріп, анасы мен қызының жүйкелеріне ауыр соққы тиген. Сондықтан ауруханаға жатып, ем қабылдаулары қажет деген. Мұны естіген Күнпатша қызды құшақтап ағыл-тегіл жыласын бір. Тәтті қызы ұйқылы-ояу жатып, «Менің анашымды көрдіңіздер ме?» деп айтудан жаңылар емес.

– Қызым, қасыңдамын…

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support