- Advertisement -

Түлкі неге достықты бағаламайды?

44

- Advertisement -

Ерте, ерте, ертеде орманда түлкі, аю, қоян қатар өмір сүріпті. Олар бір үйде өте тату-тәтті тұрыпты. Олар қандай қиындықты да бірге жеңіп, бірін бірі қорғауға, бірге жүруге уәделесіпті. Тауып келген азық-түлік, тамақтарын да бірге ішіп, жейді екен. Аю қорбаңдап жүріп бал жинаса, қоян да алқаптан сәбіз теріп келеді. Түлкі де бұйырған нәсібін алып келіп жүріпті. Араларынан қыл өтпей, достықтары достыққа ұласыпты.

Мұндай достыққа сырттай бақылап жүрген қасқырдың қызғанышы оянады. Бұл үшеуін арасын бұзайын деп айлаға көшеді. Сөйтіп, достардың арасынан түлкіні таңдап, түлкіні азғыра бастайды. Қасқыр: «Уа, түлкі, сен қасыңдағы екеуді қайтесің? Аю қорбаңдап қозғала алмайды. Қоян болса – қорқақ. Одан да сен бізбен, менімен дос бол. Анау екеуінің көзін жоялық», дейді. Түлкі әуел көнбей жүреді. Қасқыр қайта-қайта айта берген соң, алданып, көніп қалады. Сонымен, қасқыр мен түлкі алдымен аюдың жолына қақпан құрып, қолға түсірмекші болады. Бірақ бұл қастандықты аю сезіп қойып, қақпанды айналып өтеді.

Бұл қастандықтан түк өнбегенін түсінген қасқыр түлкіге: «Қоянды алдап, біздің үйге әкел. Өзім сазайын берем», дейді. Түлкі қоянға: «Досым, қыдырып қайтайық. Анау жерде керемет саяжай бар екен», дейді. Қоян түлкіге сеніп, бірге жүреді. Ал қасқырдың апан-үйіне жақындағанда түлкі «Қоян, қоян, жола келе жатып көзәйнегімді түсіріп алдым. Іздеп келейін. Сен мынау керемет саяжайға кіріп, демалып отыра бер», депті. Қу түлкі сөйтіп, зып береді. Қоян алаңсыз алдында тұрған үйдің қақпасын ашып қалса, арғы жағы ырылдаған қасқырлар екен. Бір қасқыр қуа жөнеледі, қоян қашып үлгереді. Қоян ойдан орғып, қырдан қарғып секіріп, секіріп қасқырға жеткізбей кетеді. Бірақ жауыздықтың түлкіден келгенін іші сезеді. Үйіне ентігіп жетсе аю досы отыр екен. Ол «Неге ентігіп, кімнен қашып жүрсің?» деп сұрайды. Қоян болған жағдайды баяндап береді. Сонда аю: «Мен де сезіп жүрмін. Түлкі бізді алдап жүр. Өткенде маған да қастық жасады.Ол қулыққа көшті. Біз енді онымен дос болмаймыз», дейді.

Сол күні қасқырлар да: «Қолыңнан түк келмейді. Қоянды алдап әкеле алмадың. Кет, аулақ жүр», деп түлкіні қуып жібереді. Түлкі басы салбырап, барар жері қалмай баяғы аю мен қоян досына келеді. Ал ол екі дос бәрібір түлкінің аянышты жағдайын түсініп, кешіріп, қайтадан дос болады. Сонда түлкі: «Аю, қоян. Сендер мені кешіріңдер. Мен достықты бағалай алмадым, сендерге қастық ойладым. Бірақ сендер нағыз дос екенсіңдер» деп кешіріп сұрап, үш дос баяғыша алаңсыз өмір сүріпті.

Балауса ЖАНБОЛАТҚЫЗЫ, оқушы.
Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support