- Advertisement -

Жақсылық жасауға асығайық

40

- Advertisement -

Көпқабатты тас үйден жер үйге көшіп келгенімізге екінші жыл болып қалған. Бау-бақшаны жайқалтып өсіріп,оған күтім жасап, баптағаннан кейін ауламыз да көркейіп сала берді. Көгершіндер ұя салып, үйімізді паналады.Әнші құстар таңмен таласа тұрып сайрағанда әдемі әсерге бөленіп оянасың. Көрші үйдің күшігі де біздің үйге әуес. Қораға ебін тауып кіріп кетеді. Ауламызда серуендеп,құйрығын бұлғаңдатып,бізге еркелейді. Шығара алмай әуре боламыз. Сарайдың төбесінде ойнақтаған мысықтарға да көзіміз үйренді. Дүниеге келген марғауларын да көріп қаламыз.

Бау-бақшаның аяғында жер бауырлаған тасбақаны көріп, таңғалдық. Оны ұстап алып, қорапқа салып, жемін алдына тостық. Әсіресе немерелерім мәз. Көрші үйдегі бала достарына көрсетіп, мақтанып жүр. Олар қызықтаудан жалықпайды. Бірнеше күннен кейін тасбақаны босатып жібердік.

Екі-үш апта өткен соң, жорғалап жүрген кішкентай кірпіні көзіміз шалды. Аңдып жүріп, әлгі кірпіні қолға түсірдік. Арнайы қорапқа салып, жылы-жұмсақты беріп асырадық. Немерелерге рахат болды, айналсоқтап шықпайды. Ас-суын береді. «Жұмсағым» деп арқасынан сипайды. Бала достарының көздерін қызықтырады. Көп ұстамай кірпіні еркіндікке жібердік.

Бірде аулада көрпе-жастық төсеп, немерелерді қасымызға алып, демалып отырғанбыз. Уақыт түн ортасына жақындап қалған. Басымыз жастыққа тигеннен кейін қалғып кетіппіз. Құлақ түбінен бірдеңе тықырлағандай дыбыс естілді. Көзімді ашып қарасам, баяғы өзіміз босатып жіберген кірпі жастығымның маңында ары-бері жорғалап жүр. Сескеніп тұрған жоқ, өзін еркін сезінеді. Бізбен бауыр басып кеткен секілді. Ұйықтап жатқан немерем Әлиханды оятып алдым. «Азық іздеп шыққан болар, нан әкел» деп немеремді үйге жұмсадым. Кірпі еш үрікпестен берген азығымызды тұмсығымен түрткілеп, дәм татқандай болды. Тағы басқа тағамдарды алдына тостық.

Бұлардың қалай пайда болғанын өзімізше талқылап, әңгіме-дүкен құрып отырмыз. Үлкеніміз-кішіміз өз ойларын айтуда. Бір кезде немерем Әлихан: «Біз жақсы адамдармыз ғой, ата. Біз жақсы болғасын осы жәндіктер бізге келіп жүр. Жаман болсақ, келмейтін еді ғой. Алла солай жаратқан шығар. Сіз қалай ойлайсыз?», – деп маған сауал қойды. Мен не дерімді білмедім. «Солай болар, балам», – деп қысқа жауап қайырдым. «Ақылыңнан айналдым», – деп басынан сипадым. Ақ тілегімді айтып, көтермелеп қойдым.

Осыдан төрт жыл бұрын бүкіл мұсылмандардың жүрегі саналатын қасиетті Меккеге барып, қажылық парызымызды өтедік. Умра деп аталатын кіші қажылық сапар барысында ізгілік пен мейірімділіктің, жақсылық пен қайырымдылықтың талай үлгісін көріп, жүрегіміз нұрланды. Жанымыз шуақтанып, көңіліміз көркейді. Шын мәнінде Алланың мейірімі мен шапағатына бөлендік. Қажылық кезінде тамшы танбайтын Меккеде нөсерлетіп жаңбыр жауды. Қағбаны айналудың үшінші күнінде осындай ерекше құбылысқа кезіктік. Бұл біз үшін Алланың нұры жауған күн болды. Алла бізге осылайша алабөтен рахымын жаудырып, бізді өз қамқорлығына алғандай күй кештік.

Қажылық сапарымыз Меккеден кейін Мәдина қаласында жалғасты. Осындағы мейманханаға жайғасып болғаннан кейін тынығып алғанды жөн көрдік. Орнымыздан тұрып терезеге қарасам, екі көгершін біздің тереземізге келіп, қонақтап отыр. Үрікпейді, дыбыс шығарып, бізбен сәлемдескендей болды. Жұбайым екеуміз сыртқа шығып, бөлмемізге қайта келдік. Келсек, әлгі екі көгершін терезенің алдында құрқылдасып отыр. Азық-түлік қалдығын ұсынып, қонағымызға қошемет көрсеттік. Шұқып-шұқып дәм татты. Шамалы уақыттан соң ұшып кетті. Біраздан кейін екеуі қайта оралды. Бір қызығы, бізді елең қылмайды, сескенбейді. Өзінің мекенжайында жүргендей еркін сезінді. Біз кеткенше бой көрсетіп жүрді.

Куба елінің басшысы Фидель Кастро 1959 жылдың 9 қаңтарында Гавананың орталық алаңында «Кубалықтар, мен Сіздерге бостандық әкелдім», деп әйгілі сөзін сөйлеп тұрғанда, аспанда бір топ ақ көгершін пайда болыпты. Соның біреуі Фидельдің бір иығына келіп қонады. «Оның Құдайы бұл кісіні өзінің қорғауына алды», – депті алаңға жиналған көпшілік.

Азаттық жолында басын бәйгеге тігіп күрескен ұлы революционер жеңіске жетіп,өз елінде жаңа қоғам орнатты. Еліне адал қызмет етіп, революция принциптерін қатаң сақтап, өзінің Кубасын өздері таңдаған өркендеу жолына бастап,кіршіксіз таза қалпында 95 жасында дүниеден қайтты. Көсемнің иығына көгершін бекер қонақтамаған екен. Оның Құдайы қолдап, осынша жыл еліне бас-көз болып,көзінің қарашығындай қорғап, бақытты келешегіне имани таза жүрегімен аманаттап кетті. Сосын өзіне ескерткіш тұрғызбауды, қала мен көшелерге атын бергізбеуді айрықша айтыпты. Иманды адамда артық ештеңе болмайтындығы тек Аллаға аян.

Мәдина қаласында екі көгершіннің бізді айналсоқтап, бауыр басып, жақын тартып жүргендерін біз де жақсылыққа жорыдық. Бізге деген ең ізгі тілектерін байланыстырып жүрген адал жүректерінің дүрсілін сезінгендей болдық.

Мәдина –нұрлы қала, әлемге нұрын шашқан қала екендігі даусыз. Аппақ айдай болып жарқыраған қаланың көркіне көз тоймайды. Осында Мұхаммед Пайғамбардың қабірі бар. Зиярат етіп, пайғамбарымыздың шапағаты мен рахымына бөленуді тіледік. Алланың елшісі Меккеден Мәдинаға келгеннен кейін, алғашқы ісі мешіт салу болатын. Мұхаммед Пайғамбарымыз салдырған әлемдегі әйгілі үш мешіттің бірі әл–Мәсжид ән–нәбәуи мешітіне барып, жұма намазға қатыстық. «Осында оқылған бір намаз Меккедегі әл-Харам мешітін есепке алмағанда, кез келген мешіттегі мың намаздан абзал», деп айтылады хадисте.

Қажылыққа барған барша мұсылман баласы Пайғамбар мешітіндегі жұма намазға баруға қалай асықса, біз де солардың сапында болуға асықтық. Сансыз мұсылманмен бірге мешітке ағылып келгенімізде бос орын болмады. Мешіттің сыртынан орын іздеуге тура келді. Тігілген шатырлардың асты да бізге бұйырмады. Төбемізде күн шақырайып тұрса да, ашық алаңға жайғастық. Аптап ыстықтан мрамор тастар қыз-қыз қайнап, табан бастырмайды. Сонда да аяққа ілінген киімдерді шешіп, намаз оқуға сапқа тұрдық. Жайнамазымның жоқтығын көрген қасымдағы қара түсті мұсылман баласы өзінің жайнамазын маған бұрып, «намазды бірге оқиық», деген ишарат жасады. Мен рақметімді айттым.

Жұма намаз біткеннен кейін, әлгі мұсылман жайнамазын бүктеп, маған ұсынды. «Алмаймын, жайнамазым қонақ үйде қалып қойды, рақмет», десем де көнбеді. «Алыңыз, мен Сізге сыйладым», деп тұрып алды. Амал жоқ, алдым. Алғысымды жаудырдым. Сосын әлгі мұсылманды құшақтап, бауырыма қыстым. Ол да мені құшақтап, мен түсінбейтін сөздерін айтып жатыр. Әйтеуір, Алланың разылығын тілеген ізгілікті ойларын, мұсылманның мұсылманға деген ақ тілектерін жеткізіп жатқан секілді көрінді маған. Ең болмағанда атын да, қай елден келгенін де сұрап алмаппын.

Міне, жүректі нұрландырған осындай шуақты сәттердің куәсі болдық. Иншалла, Мекке мен Мәдина қаласынан Алланың нұрына малынып, мейірім шуағына бөленіп, көңілдерді көркем етіп, жандүниемізді тілмен айтып жеткізе алмайтын ерекше әсерге толтырып оралдық.

Міне, он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазан айы жартысынан ауды. Рамазан айын шынайы сеніммен қарсы алып, сауабын бір Алладан үміт етіп, ораза ұстап, ауыз бекіттік. Қасиетті айда Құдайға құлшылық жасап, Аллаға жақындаудың барлық амалдарын жасап, дұға-тілектерімізді айтып, жанымызды тазартып келеміз. Көктемгі қарбалас жұмыстар басталған шақтардың бірінде күтпеген оқиға орын алды. Бау-бақшаны дайындап, айналаны тазалап, ретке келтіріп жүргенде байырғы қонағымызға кезіктік. Байырғы дегенім – біздің үйді паналап жүрген баяғы кірпі алдымыздан шықты. Қорықпайды, бізге жақын келіп, қасымыздан ұзамай ары-бері жорғалады. Қыс бойы өзінің ұясында қыстап шығып, күн жылыған соң жарыққа шығып, бізбен кездесіп, сәлем беруге беттеген сияқты. Осында қоныстанған алты жылдан бері біздің үйдің жылуын, адамдардың ыстық ықыласы мен пейілін, мейірімін сезініп, осында тұрақтап қалған сияқты. Қонақ емес, осы үйдің бір мүшесі іспетті жылы қарсы алып, ата салтымыз бойынша дәм-тұзымызды ұсындық. Сүйікті тамағы – сүт екендігін біліп алдық. Өзі де үйреніп алды, оразасын ашуға келгендей кешқұрым бір бой көрсетіп кетеді. Мына қызықты қараңыз. Он шақты күн өтпей жатып, тағы бір байырғы қонағымыз Мына қызықты қараңыз. Он шақты күн
өтпей жатып, тағы бір байырғы қонағымыз — тасбақа ауламызда «қыдырып» жүр. «Мен келдім» дегендей бізге қарап қояды. Тура Рамазан айында бой көрсетіп тұр. Қысқы ұйқысынан оянып, мына жарық дүниеге шығып, бізге «сәлем беруге» шыққан сияқты. Қонағымызды қарсы алып, құрметімізді көрсеттік.

Алла Тағала бізді қалай жаратты? Оны бір Алланың өзі біледі. Алланың абыройына бөленіп, асыл дінімізге адалдық танытқан, 107 жыл ғұмыр кешкен Гүлжамал әжеміздің «Өмірімде шыбынды да өлтірмедім» деген сөзі ойға оралды. Құдайдың сүйген құлдарының айтатын сөзі осылай болса керек. Қасиетті Рамазан айында Раббымыздың қалауымен байырғы қонағымыз –кірпінің жарыққа шығуы да тегін емес. Осы айда барша мұсылмандармен бірге адамзат баласының, барша тіршілік иелерінің амандығын тілеп, жәндік болса да ұлы Жаратушыға жалбарынған сияқты.

«Алланың жаққан шамы сөнбейді, оны ешкім сөндіре алмайды» деген қасиетті сөз бар. Алланың рақымына бөленуден артық не бар дүниеде?!

Рамазан – мейірімділік айы. Дүниені не сақтап қалады? Дәл қазіргі кезде сұлулық емес, мейірімділік пен қайырымдылық сақтап қалатын тәрізді. Адамзат баласының бір-біріне жақсылық жасаудан айнымағаны абзал.

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,

ардагер журналист.

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support