Әлеумет

ЭЛЕКТРҚАРМАҚ... БАРАДЫ БАЛЫҚТЫ ЖАЛМАП

ЭЛЕКТРҚАРМАҚ... БАРАДЫ БАЛЫҚТЫ ЖАЛМАП

Елімізде, оның ішінде өңірімізде қаскерлердің пайдалануға тыйым салынған полиамидті, мототалшықты синтетикалық тор, лақтырғыш, қолдан жасалған шанышқы сияқты құрал-саймандар қолданып, тиісті рұқсат қағазынсыз балықты қырып-жоюы тыйылар емес.

Әсіресе, браконьерлер тарапынан қылмыстық іске жататын электрқармақ салу ісі балықтар дүниесіне едәуір зардабын тигізіп отыр. Ең өкініштісі, электрқармақ пен синтетикалық торлардың тасымалдануына тиісті мекемелер тарапынан тыйым салынбауда. Соның нәтижесінде табиғат қорғаушылары мен полиция қызметкерлері көліктерінен мұндай құрылғылар табылған азаматтарға қандай да бір шара қолдануға да қауқарсыз. Электрқармақтың алуан түрі көбінесе Ресей, Қытай мемлекеттерінен астыртын жолмен жеткізіледі. Тіпті оларды қолдан жасап, өткерушілер де бар. Табиғат байлығына ашкөздікпен қарайтын адамның ойына не келмейді десеңізші! Бүгінде облыс аумағындағы көлдер мен өзен-сулардан осы құрылғыны қолданып, балық аулайтындар да кездесуде. Ал оның зардабы тиген «су маржанының» тірі қалғанмен, уылдырық шаша алмайтыны бір күндік қана пайданы көксегендердің қаперіне кіріп-шықпаса, не дейсіз?! Жоғары қуатты электрлі құрылғылар пайдаланған жағдайда суасты микроорганизмдердің басым көпшілігі түгелге жуық жойылып кетеді. Бұл – суасты тіршілік иелеріне келген зауалдан, балық атаулы нәр-қорегінен айырылды деген сөз. Осы орайда инспекция қызметкерлері жыл сайын тұрақты түрде рейдтік тексерулер ұйымдастырады. Облыстық ішкі істер департаментімен, облыс әкімдігінің табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен, облыстық көліктік бақылау инспекциясымен бірлескен іс-шараларды ұдайы жүзеге асырып та отырады. Браконьерлердің басынуына жол бермеудің тағы бір амалы – инспекция мамандары мен ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіп, көрінеу қаскөйлікке қарсы күреске жергілікті тұрғындар мен еріктілерді көптеп тарту болып табылады. Бұл іс те сәтімен үйлестірілу үстінде. Табиғат біздің болашақ ұрпақтарымызға қалдыратын басты байлығымыз. Осы ретте қалай болғанда да түн жамылып, көл кезген жырындылардың жолын кесудің барлық амалын жасап бағуымыз керек-ақ. Әйтпеген күнде табиғатты тонау есебінен оңай табыс табуды діттейтіндер «балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» талай көлдің түбіне жетері анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Жаңа Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында еліміздегі балық шаруашылығына баса мән берілуі қажеттігін айрықша атап өткені баршаға мәлім. Саланы дамыту мәселелері үкіметтік деңгейде де қаралды. Бұл сала қызметкерлері арасында зор серпіліс туындатып, оларды жаңа еңбек жетістіктеріне жігерлендіріп отыр. Отанды, ел мен жерді сүю – табиғатты көздің қарашығындай сақтап, қорғаудан бастауын алып жатса игі. Инспекция қызметкерлері алдағы уақытта да өңіріміздегі көлдер мен өзен-суларындағы балық қорының қалыпты тепе-теңдігін сақтай отырып, саны кемітпей, өсімін ұлғайтуға барынша қолғабыс етеді.

Бақытбек ЖҮНІСБЕКОВ, Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы облыс бойынша балық инспекциясы бөлімінің бас маманы