АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІ ДАМУДЫҢ ДРАЙВЕРІ БОЛУЫ КЕРЕК

8

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша әкімдіктерге тапсырма беріп, бұл жұмысты ерекше бақылауға алуды жүктеді.

Қазақстан Халық партиясының облыстық филиалы мемлекеттік орган өкілдерімен және ауыл шаруашылығы саласының басшыларымен АӨК-ті дамыту мәселесі бойынша бірнеше кездесу өткізді. Бұған қоса Парламент Мәжілісіндегі «Қазақстан Халық партиясы» фракциясы депутаттарының сауалдарын халыққа жеткізу мақсатында түрлі акцияларға ұйытқы болды.

Айта кетейік, «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары аграрлық ғылымды дамыту, жер мәселесін шешу, азық-түлік қауіпсіздігі стратегиясын қабылдау, азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу, электр энергиясы тарифінің көтерілуіне жол бермеу, су қауіпсіздігі, отандық диірменшілерді мемлекеттік қолдау, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мақсатсыз пайдаланудың алдын алу, Қазақстан бидайын экспорттауға тыйым салу сынды мәселелерді көтеріп, үкіметке сауал жолдады.
Өздеріңіз білетіндей, Президент Жолдауда фермерлік қоғамдастықпен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілін қайта қарауды тапсырды. Сонымен қатар шаруаларды жанар-жағармайдың қажетті көлемімен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы техникасының сапасын жақсарту, тұқым мен тыңайтқыш қорларын қайта тексеру, азық-түлік тапшылығына және оның бақылаусыз қымбаттауына жол бермеу үшін мемлекеттік тұрақтандыру қорларына форвардтық баға бойынша ауыл шаруашылығы өнімін сатып алу мәселесін пысықтау міндетін жүктеді.

Қазақстан Халық партиясы Президенттің пәрменін құптайды және Жолдау жүктеген міндеттерді орындау маңызды деп санайды.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту шикізатқа тәуелді экономикадан арылудың ең тиімді жолы. Біз осы бағытты ұлттық экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналдырғанда ғана бәсекеге қабілетті боламыз.

Біздің ортақ миссиямыз – Жаңа Қазақстан құру. Бұл үшін бұрынғы тәсілдерен бас тартып, жаңашылдық пен жаңғыруға ұмтылу қажет. Ұмтылыс агроөнеркәсіп кешенін дамытудан басталса, көштен қалмаймыз.

Жанат БАСТАУБАЕВА,
Қазақстан Халық партиясы облыстық филиалының төрағасы

Comments are closed.