«Aq Jol» десе, ағам жинаған газет еске түседі

30

Сәндібек ПІРЕНОВ,
тілші.

Облыстың айнасы «Aq jol» газетін бала кезден оқып өстік. Әлі есімде ата газеттің әр нөмірін өзімнен бес жас үлкен туыс ағам іздеп жүріп оқитын. Спорт тақырыбындағы материалдарды жиып, сақтап қоятын. Ең алғаш сарғайған газетті сол 9-сынып оқитын Қуаныш ағамның қолынан көрдім. Бала көңілімде
араға жылдар салып, «Aq jol» газетінде еңбек етемін деген ой толғандырмапты. Кейінірек шегінсек, даярлық сыныбында Жанат деген әпкейіміз Әліппемен қоштасу салтанатына әр оқушыға бір-бір тақпақтан жаттатқаны бар. Сонда маған «Ертеңгі күннің газетін, оқимын елден бұрын мен. Түзейтін
газет қатесін, корректор менің тәтешім» деген бір шумақ өлең бұйырғаны да кездейсоқтық емес шығар, сірә! «Ат айналып қазығын табады» дегендей, жоғары сыныпқа өткенде журналистика саласына барамын деп шешім қабылдадым. Көп ұзамай 2016 жылы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Сол жылы қаламы қарымды жазушы-журналист, марқұм Болат Мәуленовтың шақыртуымен
оқу орнының «Университет тынысы» газетіне жұмысқа қабылданып, шағын мақалалар жаза бастадым.

Кейін, оқу бітірер жылы күтпеген жерден қалалық «Jambyl-Taraz» газетінде еңбек жолымды бастадым. Көне шаһардың шамшырағына  айналған басылымда облысқа өткір мақалаларымен танылып, елдің алғысын арқалап жүрген Эльмира Мырза-Ғали, Бекнұр Сатыбалдиев сынды қаламы қарымды аға журналистердің тәлімін алдық. Кейін, басшылыққа келген Дәулет Төлендіден, бас редактордың
орынбасары Саятхан Сатылғановтан үйренгеніміз көп. Енді жүз жылдық тарихы бар, ақын-жазушылардың, белді тілшілердің құтты ордасы болған облыстың ата газеті «Aq jol»-да еңбек ету бізге де бұйырыпты. Бұрын «Aq jol» десе, ағамыздың қолындағы сарғайған газет жиі еске түсетін. Енді басылымның атауын естісек болды, ә, дегеннен аға буын әріптестер ойға оралады. Кім білсін, бұл да бір тарихи сәт шығар, бәлкім?!

Comments are closed.