Үлкен арнаға салды
Үлкен арнаға салды
Осылайша, мектеп бітірген соң М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің журналистика мамандығына қабылдандым. Студент кезімде намысқа тырысып, бұл саланы меңгеруге күш салдым. Тағдыр мұнымды қош көріп осы саланың «сен тұр, мен атайын» дейтін аға буын өкілдеріне жақын етті. Алдыңғы буын ағалар да інім деп бауырына басты. Әрине, университеттегі оқу басқа, тәжірибе мүлде бөлек. Нағыз журналистиканың мектебін газетке жұмысқа орналасқанда сезіндік. Өйткені бұл кезең жазу мен жауапкершіліктің мәнін үйретті. Әрбір фактінің ақиқатына жету үшін қаншама уақытыңды сарп етуге тура келетінін түсіндірді. Халық арасында оқырманы көп облыстық «Aq jol» газетімен тығыз байланысым да студент кезеңнен бастау алды. Алғашқы кезде табалдырығын имене аттаған газет редакциясы уақыт өте екінші үйімізге айналды. Оған себеп, осында тәжірибеден өтуге келген студенттерді ерекше ықыласпен қарсы алып, жазған-сызғандарымызды мұқият қарайтын ағалардың қамқорлығы еді. Бүгінде сол ағалардың көпшілігі келместің кемесімен мәңгілікке сапарлап кеткен. Сол тұста бірінші болып жаңашыл көзқарастарды батыл жариялаған газетте қызмет атқаратын аға буынға қызығатынбыз. Басылымда жарық көрген сипаты бөлек мақалаларды ой елегінен өткізген біз мәселелерге басқаша қарай бастадық. Кейінірек, ағалардың ізін жалғап, осында жұмысқа орналастық. Мұнда да Құдайдан кейін сол жанашыр ағалар ықпал етті. Сенім білдіргені үшін оларға алғысым шексіз! «Aq jol»-дың арқасында журналистика саласында өз қолтаңбамды қалдыруға мүмкіндік алдым. Бұл басылым мені үлкен арнаға салды. Өңіріміздегі ең тәжірибелі, қаламы жүйрік журналистермен бірге жұмыс істеп жатырмын. Ендеше, бойда қуат, көзде от бар кезде бізді көтерген басылымды жауһар дүниелермен жабдықтауға күш саламыз. Ел ішіне шығу, бұрын көтерілмеген мәселелерді қаузау біздің міндетіміз.