МЕНІ ҚАНАТТАНДЫРҒАН БАСЫЛЫМ

24

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
аға тілші.

Облыстық «Aq jol» газетімен таныстығым 1996 жылы басталды. Ол кезде Жамбыл педагогикалық институтында оқып жүрген кезім. Там-тұмдап өлең, әңгіме жазған боламын. Ұстазым Сейсекүл
Исматованың айтуымен баспасөз үйіне келіп, ең алғаш танысқан журналист ағам Ақылжан Мамыт болатын. Ол кісі мені жылы қабылдап, жазғандарыңды әкеліп тұр деп кеңес берді. Бірақ ол кезде әлі де
болса шығармаларымда шикілігім басым болып, кейінге ысыра бердім.

Араға біраз жыл салып барып, ««Aq jol» газетіне екі-үш әңгімемді алып қайта келгенде мені жазушы-журналист Елен Әлімжан қабылдады. Әңгімелерімді алып қалды. Сөйтіп 2001 жылы облыстық «Ақ жол» газетінде «Жәрдемші» мен «Апанай» деп аталатын қос әңгімем қатар жарық көрді. Бұдан кейін де бірнеше әңгімемді алып барып, көрсеттім. Елен аға мені балалар жазушысы, басылымның бас редакторы Әлдихан Қалдыбаевқа да таныстырып, әңгіме жазатынымды айтты. Әлдихан аға әңгімелерімді оқып, шикі тұстарын байқап, күмәнмен қараса керек.

Бір кездескенде Елен аға: «Сол кезде осы баладан жазушы шығады, шықпайды деп екеуміз сені сөз қылушы едік. Әлдихан жазуы әлі шикілеу, тастап кетпесе десе, мен бұл баладан бірнәрсе шығады деп
өз позициямда тұрып алатынмын», деп арқамнан қаққаны бар. Сенім артқаны шығар, қанаттандырғаны да болар.

Сол 2001 жылдан бастап облыстық «Ақ жол» газетіне мектепте, ауылда өткен іс-шаралармен қатар әңгімелерімді үзбей жолдап отыруды әдетке айналдырдым. Өзім мұғаліммін. Облыстық басылымда шыққан мақалаларым мен әңгімелерім мені қанаттандыра түсті. 2006 жылы аудандық «Жаңа өмір» – «Новая жизнь» газетіне ауысқан сәттен бастап, бұл басылыммен байланысым бұдан да жақсара түсті. Шыққан мақалаларым үшін газеттен анда-санда қаламақы да алып тұрдым. Бұл да журналист ретінде ауыл-аймақтағы біз сияқты тілшілерге шабыт сыйлады.

Облыстық «Ақ жол» газетіне 2009 жылы газеттің бас редакторы Мақұлбек Рысдәулет шақырды. Онда келе алмадым. Араға тоғыз жыл салып барып, басылымға Көсемәлі Сәттібайұлы шақырды. Алдыңғы екі шақыртуында келмеп едім, соңғы шақырғанында Тараз қаласындағы бір жиынға келгенімде, соққан болатынмын.

Көсемәлі Сәттібайұлының азаматтығы, «Сені білем. Жазуыңмен сырттай таныспын. Сені бала күтімінде отырған тілшілердің орнына емес тұрақты орынға аламын» деп, сол сәтте маған арнап бір штат ашып, ойлануыма мұрша бермей, жұмысқа қабылдады да жіберді. Артқа шегінуге жол қалмады. Тағы да осы сәтте алдымнан Ақылжан ағам шығып, «Біздің жасымыз зейнет жасына жақындап қалды. Біздің орынды басатын өзіңдей мамандар керек. Ақылымды тыңдасаң қал», деп ақыл-кеңес қосты.

Сөйтіп, ағалардың ақылы мен қамқорлығының арқасында бұрын өзім имене кіретін басылымға тілші болдым. Мұнда Көсемәлі Сәттібайұлы, Ақылжан Мамыт, Баймахан Ахмет пен Амангелді Әбіл сынды ағалардың тәлімін алып, ол кісілердің шығармашылық жолын жалғастырудамын.

Ең бастысы, мені қанаттандырған басылым менің жолымды, шығармашылығымның дамуына даңғыл жол ашты.

Comments are closed.