- Advertisement -

Жуалының ақ түтек боранында…

68

- Advertisement -

Амангелді ӘБІЛ,
аға тілші.

Журналистік еңбек жолымды Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетіндетбастағаннан бұл өңірдің ауа райын жақсы білемін. Жылдың төрт мезгілінде де «Шақпақтың желі» үздіксіз соғып тұратын. Ал қыста
Қошқарата аумағына кісі бойы қалың қар түсетін. Жалпы аудан аумағында ақ түтек боран бір басталса жуық арада басылмайды.

Теріс өзенінің маңындағы екінші ауылдағы өткен аудан әкімінің тұрғындар алдында есеп беру жиыны аяқталысымен «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасын жағалай жүретін тіке жолмен Таразға тартып кеттік.
Облыс әкімі қатысқан жиынды ертеңгі нөмірге беруіміз керек. Ауылдан шыққанда жаяу бұрқасын енді-енді соға бастап еді. Үш-төрт километр жүрдік пе, жүрмедік пе ат құлағы көрінбейтін боранға ұласып сала берді. Кібіртіктеп келе жатқан редакцияның ақ «Волгасы» омбы қарға тығылды да қалды. Рөлде отырған Қанат Сақұлов аса тәжірибелі жүргізуші еді. Облыс орталығынан бір көлікпен, бірге шыққан «Знамя труда» газетінің фототілшісі Валерий Сутулов, тілші Наталья Перфилева үшеуміз жабылып итерген боламыз. Қайдан, «сүйегі ауыр» автокөлік орнынан қозғалмайды.

Валерий Иванович облыс әкімінің бірінші орынбасары Александр Савченкоға телефон соға қалғаны. Әйтеуір ұялы телефон ұстап тұр екен. Облыс әкімінің бірінші орынбасары жолда қалғанымызды ести сала «Күйік» асуында тұрған төтеншеліктерді бізді қар құрсауынан алып шығуға шұғыл тапсырма береді. Құтқарушылар жеткенше соңымыздан облыс әкімінің баспасөз хатшысы Мейрам Базарұлы келіп қалғаны. Баспасөз қызметінің көлігіне мініп, жылынған болдық. Содан көп ұзамай қысқы түнді азан-қазан қылып, жол таңдамайтын «тягачь» мінген төтеншеліктер де келіп, «Волганы» сүйреп шығарды. Үлкен жолдың бойындағы бекеттеріне әкеліп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Бұл кезде Б.Момышұлы ауылы арқылы айналма жолмен шыққан облыс және аудан әкімдері Бөрібай Жексембин мен Серғали Айдапкелов те жетті. Жуалының бораны ертеңіне-ақ «ұрып-жығып», аруханадан бір-ақ шықтым. Құдай сақтап, басқа әріптестер дін аман.

Мақұлбек Рысдәулет пен Ғалым Қасабай басшылық жасап тұрған кезде іссапарға жиі шығып тұрдым. Облыс орталығынан 500 километр қашықтықтағы Мойынқұм ауданының аумағындағы шошақтың шөліндегі алтынды аймақ – Ақбақайда екі-үш рет іссапарда болдым. Алматы облысымен шектесіп жатқан Қордай, Түркістан облысымен шектесетін Сарысу аудандарынан бастап, барлық өңірді араладық, шалғайдағы ауылдарда болдық. Оқырмандар хаттары, арыз-шағымдар бойынша да жолға жиналып, шығып кете беретінбіз. Әрбір іссапардың қиындығы мен қызығы деген жеке-жеке бір мақалаға жүк болады. Қонақ үйі жоқ алыстағы ауылдарға барғанда «құдайы қонақ» болып, бейтаныс адамдардың үйіне де қонып жүрдік. Ондайда ауылдағы аңқылдаған ағайын қазанын көтеріп, бар «жылы-жұмсағын» алдыңа қоятын. Бұл бірінші қазақтың қанында бар қонақжайлық қасиет болса, екінші облыстың бас басылымына деген құрмет еді.

Түске дейін Сарысу және түстен кейін Талас ауданында өтетін әлде бір жиынды шұғыл түрде нөмірге беру қажет болып, бас редактор сонда жіберді. Облыс орталығына жеткенше түннің бір уағы болады.
Корректордан бастап, бас редакторға дейін қаншама әріптестерім күтіп отыр. Ол кезде жол қазіргідей тақтайдай тегіс емес. Содан көлікті тоқтатып, жол шетіне шықтым да, «Ноутбукты» қосып, материалды дайындап редакция поштасына салып жібердім. Алдыңғы жылы ма еді Мойынқұм ауданы орталығынан келе жатып, Ұланбелге жақындағанда жиырма шақырымдай жол ығырымызды шығарғаны бар. Талас
ауданына бағыт алғанда ғана тегіс жолға түсіп, көлікте келе жатып телефонға жол азабын жаздым да «ватсаппен» редакцияға жолдадым. Ол ертеңгілік нөмірге «Өзекті мәселе» айдарымен бірінші беттен бастап, жарық көрді.

Жолда да қалып, жолда да жазып жүріп «Ақ жолдың» 100 жылдығына жеттік. Қазақтың небір даңқты ұлдарының ізі бар қасиетті қара шаңырақта, атақты қаламгерлердің қолтаңбасы қалған басылымда еңбек етудің өзі бір бақыт.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support