Қара шаңырақта жүргеніме қуандым

10

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары облыстық «Ақ жол» газетінің редакциясында қызмет істеген аға буын өкілдерінен үлгі алатын және үйренетін жақсы қасиеттер көп болатын. Іссапарға келген
ақжолдықтар әуелі Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакциясына соғатын. Оларға ілесіп, шаруашылықтарды талай рет бірге араладық. Ақжолдықтарға тән ортақ қасиет – жазатын нысанын асықпай әбден зерттейді. Бір мақала жазу үшін кейде көптеген адамдармен, лауазымды тұлғалармен сөйлеседі. Бірер күннен кейін басылым бетінде терең талдауға құрылған көлемді мақалалар «жарқ» ете қалады. Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына ауық-ауық келген кезде қасиетті қара шаңыраққа кіріп, ағаларға сәлем береміз. Таңертең жұмысқа келген олар кабинеттерге кіріп, сәлемдесіп, хал-жағдай сұрасады. Сосын, «мен түнде орталық және республикалық газеттерден мынадай ғажайып мақала оқыдым,кеше теледидардан керемет кино көрдім» деп, бір-бірімен жарысып, пікірталасты қыздырып жіберетін.

Сол кездегі тілшілердің барлығына жуығы диктовканы жетік меңгерген жандар болатын. Бақытяр Әбілдаұлы, Рахметілда Құдабай, Елен Әлімжан, Қыстаубай Байтуов, Кеңес Рахметуллаев, Қасықбай
Асаубаев, Әбдуалы Әлиев, Тұрсынхан Толқынбайұлы және Рахметбек Өзбеков сияқты ағалар 7-8 бет орысша материалды машинисткалардың қасына отырып, екі-үш сағатта аударып тастайтын. Осындағы
орта ұнайды әрі қызықтырады. Сол кездегі облыстық газеттегі бас редакторлардың алдына жұмысқа қабылдауын өтініп, бірекі реттен кіріп шықтым. Олар: «Сенің қолыңнан жазу келетінін білеміз. Әзір
бос орын жоқ» деп шығарып салады. «Ақ жолда» жұмыс істеуден күдер үзіп, аудан орталығында жеке үй салып алуыма тура келді. Осы кезде кездейсоқ бір оқиға болды. Редакцияға мақала әкеліп, енді қайтайын деп тұрғанда сол кездегі Бас редактор Әлдихан аға Қалдыбаев жолығып қалды. Қолында үш беттік орысша мақала. Әлдекең: «Мына материал нөмірге баратын еді. Аударатын жігіттер жан-жаққа жиналысқа кетіп қалыпты. Сен орысы көп ауданнансың ғой. Аудару қолыңнан келе ме?» деді. Мен қағазға көз жүгірттім де «Бір сағатта дайын болады» дедім.

Ол кісі бір бос кабинетке кіргізіп, қолыма қағаз бен қалам ұстатып кетіп қалды. Оқып шықсам, қатардағы материалдың бірі емес, күрделі екен. Көптен бері аударма жасамағандықтан тосырқап қалыппын. Әлгі дүниені үш сағатта әрең тәржімаладым. Тура сол кезде түскі үзілістен кейін Әлдекең
де кіріп келді. Машинкамен басылған үш бет аударғанда қолжазбамен алты бет болды. Ол кісі түп нұсқаны қолжазбамен асықпай салыстырып оқып шықты. Сосын: «Әй бала, сен бізге жұмысқа кел. Мен сені бірден бөлім меңгерушісі етіп тағайындаймын» деді.
– Үй жоқ. Мен мұнда қайда тұрамын? – дедім.
– Басқалар жұмысқа орналасқан үйлері болып па? Ойлан, бала!, – деді.

Арада 4-5 ай өткен кезде «Ақ жолда» бөлім меңгерушісі болып істейтін Жамбылбек Шоқыбас: «Сені
Әлдекең жұмысқа шақырып жатыр. Осы жолы келмесе, редакцияның маңына жолатпайтынын айтты» деді. Дәл сол кезде газеттегі белді төрт журналист белгілі бір себептермен басқа қызметке ауысып кетіпті.

Әлдихан ағамыз сөзінде тұрды. Бірден бөлім меңгерушілігіне тағайындады. Әйтсе де үш айдан кейін оңтайландыруға байланысты тілшілік жұмыс бұйырды. Басшылар бес жылдан кейін өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің меңгерушілігіне тағайындады. Он екі жыл бөлім басшысы болғаннан кейін Бас редактор Қуаныш Иембердиев еңбегімді ескеріп, Бас редактордың орынбасары лауазымын ұсынды.Бір жылдан кейін Бас редактор Көсемәлі Сәттібайұлы бірінші орынбасар лауазымына тағайындады. Газеттің жұмысы ауыр әрі қауырт. Оқырмандарға сауатты әрі оқылымды дүние ұсыну үшін күндіз-түні
жұмыс істеуге тура келді. Еңбегіміз бен ізденісіміз зая кеткен жоқ. «Ақ жол» елімізде облыстық басылымдар арасында алдыңғы қатардан көрініп келеді.Басылымның әрбір санын асыға күтіп отыратын оқырмандар аз емес. Оны өзінің ақылшысы, университеті және рухани азығы санайтын көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың көптігі қуантады.

Бірде жолымыз түсіп, Жуалы ауданына кездесуге бардық. Түс кезінде Б.Момышұлы ауылында әдебиет пәнінен сабақ беретін Сәбит ағамыздың үйінде қонақта болдық. Үйінің бір бөлмесінде «Ақ жол» газетінің тігіндісі үйіліп тұр. Келген кісілер: «Мұны неге таудай етіп жинап отырсыз?» деп сұрады. Ол кісі: «Мен бұларды сабақта пайдаланамын. Құнды әрі маңызды мақалаларды шәкірттеріме оқып беремін.
«Ақ жол» менің ой-өрісімді кеңейткен, білімімді ұдайы жетілдіретін университет әрі академия» деді. Осы сәтте маған: «Ұстаздардың барлығы Сәбит ағадай болса, шіркін!» деген ой келді. Қасымдағы кісілердің жанында мәртебем өсіп қалды. Қасиетті қара шаңырақта жұмыс істеп жүргеніме қуандым.

Comments are closed.