«Ақ жолым» - менің бақ жолым
«Ақ жолым» - менің бақ жолым
Журналистика жанрларын өзімше зерделеп, авторлардың жазу стиліне мән беретінмін. Басылымның бірінші бетінде тұрақты жарияланатын «Алуан ақпаратты» қалт жібермей, кейін өзім де аймақтың жаңалықтарын жолдап тұрдым. Сол тұста «Aq jol» газетінің Сарысу және Талас аудандары бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарған Амангелді Әбіл үнемі ағалық ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беруден жалыққан емес. Үлкендердің қолдауы менің сенімімді нығайтып, алға жетелей түсті. 2008 жылы Амангелді Абылашұлы редакцияның орталық аппаратына ауысатын болып, өз орнына менің кандидатурамды ұсынады. Бас редактор Мақұлбек Рысдәулет редакцияның алқа мүшелерімен ақылдаса отырып, мені жұмысқа қабылдады. Жаны асыл, жастарға жанашыр азамат еді. Қанатының астына алып, қамқорлық танытты. Тақырыпты тереңнен талдап, батыл жазуға баулыды. Екі ауданның ортасында жаяу-жалпылап жүріп, сенім үдесінен шығуға тырыстым. «Жаңатас қашан таза қалаға айналады?» деген мақалам үшін қоқан-лоқы көрсеткендер де болды. Талас ауданының бір мектебіндегі моральдық-психологиялық ахуал туралы «Ұстаздардың ұрыс-керісі ұрпақ тәрбиесіне әсер етпей қоймайды» атты материалым да үлкен резонанс туғызды. Соның барлығында бас редакторымыз қызғыштай қорғай білді.