Жастардың алғашқы қарлығашымын
Жастардың алғашқы қарлығашымын
Университеттегі ұстаздарымыз теориялық білімді тәжірибеде ұштастырмайынша, жақсы журналист шықпайтынын ұдайы айтатын. Содан бірінші курсқа келе салысымен, әрқайсымыз табиғатымызға қарай газет-журнал, телевидение, радионы жағалай бастадық. Мен өңірдегі баспасөздің қара шаңырағы «Ақ жол» газетіне жиі бас сұғамын. Жазғандарымды алып келемін. Бас редактор Әлдихан Қалдыбаев, белгілі қаламгер, журналист ағаларымыз Бақытияр Әбілдаұлы, Елен Әлімжан, Қуаныш Иембердиев, Лесбек Сайлаубек, Сапарғали Әлібай, Болат Бекжан, Баймаханбет Ахмет және басқаларының қай-қайсысы болсын, сені жат санамайтын. «Тең» дәрежеде сөйлесіп, ақыл-кеңесін беріп, жазғаныңды түзеп, күзеп бағыт-бағдар беретін еді. Университет партасында таңылып отырғанша, маған редакциядағы бітеқайнасқан тіршілік көбірек ұнайтын. Содан бір күні, Әлдихан аға, шақыртты. Қолында осы куәлік бар. «Қызым, мен сені ынталандырып, штаттан тыс куәлігін бергелі отырмын. Жазуыңды тоқтатпа, жаза бер. Болашақ сендердікі, келешекте осы газетті сендер шығарасыңдар» деді. Мен төбем көкке жеткендей қуанып, куәлігіме қайта-қайта қарай беремін. Университетке келіп, курстастарыма көрсетіп мақтанып, марқайдым. Осы куәлік маған үлкен жауапкершілік артып, газетпен байланысым одан сайын беки түсті. Төртінші курсқа тақағанда, Елен аға көлемді дүниелер жазуға тапсырма бере бастады. Сөйтіп, белгілі абайтанушы ғалым, Мекемтас Мырзахметұлынан сұхбат алдым. Ол «Мен тектес ұрпақтың өмірі қайталанбайды» деген тақырыппен газеттің бір бетін алған көлемді, сүбелі сұхбат болып шықты. Осы сұхбаттан кейін мені сол кездегі басылымның бас редакторы Мақұлбек Рысдәулет ағамыз штатқа арнайы шақырып, жұмысқа қабылдады. Ол 2005 жыл еді. Алдында штаттан тыс тілшілігімді мақтан көріп жүр едім, мына ұсынысқа алғашында тосылып қалдым. Мақұлбек ағаға «ойланайын» дедім басында. «Әй, студент түгілі дардай дипломмен жұмыс таппай дал болады жұрт. Ойланғаны несі? Жарты жүктемемен аламын жұмысқа, өзіңе ыңғайлы уақытта сабағыңа да бара бересің» деді. Сөйтіп, не керек сол кездегі «Ақ жолдың» ең жас тілшісі атанып шыға келдім. Мұнда көптен бері жас толқын ізін салмай, ұрпақтар сабақтастығы жойылып бара жатқан тұс екен. Сол сеңді бұзып, тәуелсіздік жылдарындағы жастардың алғашқы қарлығашы болып, «Ақ жолда» еңбек жолымды бастап кеттім. Менен кейін әр жылдары басылымға Шынар Сағиева, кейін Бекнұр Сатыбалдиев, Тұрсынбек Сұлтанбек, Маржан Рақай, Эльвира Жарылқасынова, Ардақ Үсейінова және басқа да замандастарым келіп, ортамыз тола бастады. Үлкен ағаларымыздың «қолы ұзарып», «Ақ жолдың» ертеңі үшін тер төгетін жас толқынды қалыптастыруға күш салған болатын. Сол кезең басылымның «алтын ғасырындай» еді. Бүгінде біз қай-қайсымыз болсын «Ақ жолдың» академиялық мектебін көргенбіз» деп мақтан етеміз. Мұндағы әр күніміз, жылымыз жылы естеліктерге, қызықты оқиғаларға толы. Тұңғыш редакторымыз, марқұм Мақұлбек Рысдәулет ағамыздың орны мен үшін бір төбе. Ол кісі бас редактор болып келісімен басылымға жас толқын журналистерді қызметке көптеп алды. Бізге қамқорлық көрсетіп, «бетімізден қақпай, керісінше белімізді буды». Өзі де өте еңбекқор болатын. Көлемді, тарихи, танымдық, проблемалық мақалаларға жиі қалам тербейтін. Осыған уақытты қайдан табады деп таңданумен болатынбыз. Қарапайымдылығы, «айналайын» деп ұдайы қамқорлық танытқаны әлі күнге жадымда. Мен айына бір рет шығатын қызкеліншектерге арналған «Ажар», жастарға арналған «Жасын» және «Денсаулық» беттерін дайындайтынмын. Бір күні осы беттердің бірінде «Денсаулық – зор байлық» деген тақырыпта, байлық деген сөз «балық» болып шығып кетті газетке. Таң азанмен жауапты хатшы Тұрсынхан Толқынбайұлы ағамыз ол мақаланы дайындаған менен бастап, кезекші редакторға, корректорларға ауызша «ескерту» жасап шықты. Көңіл күйіміз түсіп, лездемеге кірдік. Шолушы газеттің жетістігі мен кемшілігін тізіп шықты. Кезек мен дайындаған бетке келді. Осы кезде балығым «жарқ» ете қалды, әрине. Сонда Мақұлбек ағаның: «Денсаулықтың зор байлық екенін бұрыннан білеміз барлығымыз, енді балық екенін де білетін болады оқырман» дегені. Ду күлдік. Сол жерде тәртіптік жаза қолданып, жер-жебіріме жетсе, бәлкім менің сағым сынып қаларма еді. Мақұлбек ағаның әзіл шыны аралас айтқан солбір ескертуінің өзі маған үлкен жауапкершілік жүктеп, сабақ болды. Содан бері тақырыпты әлі күнге «жеті рет оқып, бетке бір-ақ рет» салатынды жұмыс дағдыма айналдырдым. Ол кісі журналистиканы шығармашылық деп қарады. Оны ешқашан кеңсе қызметімен шатастырмаңдар дейтін. Ел ішінде жүргенде жақсы тақырып, тың туынды келеді өмірге, оның барлығы басылымның беделі дегенді ұстанатын. Жиналыста: «Кабинетте отырып жаза алмайтыным бар еді, паркке барып, көгалда отырып жазып келейінші дейтіндерің болса айтыңдар, жіберемін. Маған тек нәтиже көрсетсеңдер болды» дейтін күліп. Шындығында сол кезде айына бір рет он екі бет болып шығатын «Атпал – Ақ жолға» қай қайсымыз болсын төпелетіп, жарыса жаздық... Газеттің қым-қуыт тірлігімен біте қайнасып келе жатқанымызға, қара шаңырақта еңбек етіп жүргенімізге жиырма жылға уақыт тақап қалыпты. Бірқатар бас редактормен жұмыс істедім. Олардың әрқайсының басылым тарихында өзіндік қолтаңбасы бар.