- Advertisement -

АҚЖОЛ ЕСІМДІ ҰЛДАР

164

- Advertisement -

Тасқа басылған бір ғасырлық тарихы бар «Aq jol»-да небір ірі тұлға, текті адамдар қызмет етті. Өңірдің барлық аудан, ауылы, тіпті алыс елді мекендеріне дейін тағылым таратып, жаңалыққа жаршы болып жүрген осынау газетте еңбек ету талайдың арманы болып келгені рас. Сондай азаматтың бірі –Ақылжан Мамыт. Ақылжан Қорғанбайұлы әуелі Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінде табаны күректей он бес жыл еңбек етті. Ауданда жүріп облыстың айнасы «Aq jol» газетіне барғысы келген.

Ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы қат-қабат тірліктерді облыстық газетке де жазып жүрді. Соның нәтижесі болар 1995 жылы «Aq jol»-дың Жуалы ауданындағы меншікті тілшісі болады да, арада жыл өткенде бас редактор Әлдихан Қалдыбаев редакцияның аппаратына тілші етіп қабылдайды. Әлдекеңнің бірінші тапсырмасы орысшадан аударма жасау болыпты. Оны тап-тұйнақтай орындаған жуалылық жас маман экономикалық тақырыпта қамшы салдырмай жаза бастайды. Газет жұмысының
еңбекторысы атанды. Ахаңның жақсы қуанышты күндері алда еді. Талайдан арманы болған «Aq jol» газетіне жұмысқа кіргеніне 3 жылға жуықтағанда қаламгердің шаңырағында шекесі торсықтай ұл
дүниеге келеді. Ақылжан Мамыт көп ойланып жатпады. Өзіне аса қымбат газеттің құрметіне
мұрагерінің есімін Ақжол деп қойды. Сол Ақжол қазіргі таңда «Қазавтожол» АҚ ҰК облыстық
филиалында жетекші маман болып жұмыс істейді. Бұйырса, ата-анасын қуантып, сыңарын тауып,
құтты шаңыраққа ақжаулықты келін түсіруді ойлап жүр. Ал ғасыр жасаған газетті құрметтеген
Ақылжан Қорғанбайұлы да жаман болған жоқ. Аталған «Aq jol» газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметіне дейін жоғарылады.

Журналистикаға жастай араласқан маманның бірі – Тұрсынбек Сұлтанбеков. Сарысу аудандық «Сарысу» газетінің сол кездегі байқампаз бас редакторы Жаңабай Миллионұлы талантты құлын кезінен танып, орта мектепті жаңадан бітірген Тұрсынбек Темірланұлын аудандық газетке корректор етіп қабылдайды. Тіпті жұмысқа қабілетіне, елгезектігіне қарай Тұрсекеңді жыл сайын өсіріп отырады. Т.Сұлтанбеков тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы
қызметтерінің барлығынан өтеді. Аудандық газеттің қазанында қайнаған Тұрсынбек облыстың бас басылымын жаздырып алып, нөмірін жібермей оқып, өзі де мақала жазып жүреді. «Aq jol» -ға
мақаласы шыққан сайын қуанып: «Шіркін-ай, осы газетте жұмыс істесем ғой», деп армандауды да ұмытпайтын.

Кейін Ғалым Қасабай Таразға шақырып, республикалық «Салық тәртібі» газетіне тілші етіп жұмысқа
қабылдайды. Дегенмен ауылдағы анасының жағдайына алаңдай беретін. Сөйтіп, жұмысы Таразда,
ойы Сарысуда болып жүргенде өзі армандап жүрген «Aq jol» газетінің сол кездегі бас редакторы Мақұлбек Рысдәулеттен: «Газетіміздің Сарысу, Талас аудандары бойынша меншікті тілшісі бол», деген өтініш түседі. Тұрсекең қуана келісіп, тілшілік жұмысқа кірісіп кетеді. Бұрыннан жазып жүрген жазуы ғой. Меншікті тілшілікті дөңгелетіп әкетеді.

Арада екі жыл өткенде Жансая деген сұлу құсты қолына қондырып, отбасын құрады. 2011 жылдың 3 қаңтарында мұның жас шаңырағында іңгәлап сәби өмірге келеді. Ұл бала. Анасы Сәулемен ақылдаса отырып, перзентінің атын жолы ақ болсын әрі «Aq jol» газетіндей абыройлы, қазыналы болсын деп, Ақжол қояды. Тұрсынбектің Ақ жолы да зерек, зерделі болып өсіп келеді. Тіл-көзіміз тасқа. Бұл күнде Тараз қаласындағы №45 Бауыржан Момышұлы атындағы классикалық гимназиясында 5-сыныпта оқиды. Оқу озаты. Байқасаңыз, қазіргі таңда ондай таңдаулы гимназиялар түгілі қатардағы орта мектептерде де озат оқушы болу оңай емес.

Тілеген бата, тілектің қабыл болғаны да. Тұрсынбек те жаман болған жоқ. Облыстық «Ar-ai» жастар газеті бас редакторының орынбасарына дейін көтерілді. Бүгінгі таңда өзіне арман болған «Aq jol» газетінде жауапты хатшы.

Бізге барлығы қызық . Редакциямызға тиесілі екі Ақжолдың жас айырмашылығы 13 жыл, бір мүшел екен. Үлкен Ақжол кездескен сайын кіші Ақжолға бағыт-бағдар беріп қояды. Ал Ақжол атты ұлдардың әкелері Ақылжан Мамыт пен Тұрсынбек Сұлтанбек те аға-інідей сыйласып, ынтымақ- бірліктен ажырамай келеді.

Бұйырса, «Aq jol» газеті жүз жасты толтырып, мың жылдықтарға қадам басады. Редакция қызметкерлерінің перзенттері – Ақжолдардың да жолдары бола бергей!

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support