Ғасырлық мерейтой үлкен қуаныштарға бастай бергей!

35

Құрметті оқырман қауым!

Әрдайым ұлтының сөзін сөйлеуден, ел-жұртын жақсылыққа, іргелі істерге ұмтылдырудан жаңылмаған
облыстық «Aq jol» газетінің 100 жылдық мерейтойы құтты болсын. «Aq jol» газетінің бір ғасырлық тарихы – өте үлкен, мағыналы, мәнді тарих.

Осынау жылдар ішінде бұл басылымның жеткен жетістігі, бағындырған белестері, шыққан шыңдары көп. Ел басына түскен зұлмат жылдарды да, ұлттың мерейін тасытқан қуанышты сәттерді де бастан өткерді.

2020 жыл Жамбыл облысының ақпарат құралдары үшін үлкен жаңалықпен есте қалғаны сөзсіз. Облыстың сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей қолдауымен осы жылы облыста тұңғыш рет «Aulieatamedia» ЖШС құрылып, ақпарат айдынында өзіндік өрнегімен көш бастады. Міне, содан бері жаңалыққа ұмтылған «Aulieatamedia» ЖШС-ның жұмысы күн өткен сайын жанданып келеді.

«Aq jol», «Знамя труда» және «ARAI» сынды үш облыстық газеттердің басын қосқан бұл серіктестің алар асуы әлі алда екені сөзсіз. Яғни елге шынайы ақпарат жеткізуде бұл басылымдардың атқарар рөлі зор. Алда әлі үлкен белестер тұр. Өткен жыл «Aulieata-media» ЖШС қызметкерлері үшін берекелі жыл болды. Еңбекқор ұжым жалақысын да, сыйақысын да уақтылы алып, серіктестік өткен жылды толайым табыспен аяқтады. Ең қуанышты жаңалық, жаңа жылдан бастап қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға дейін өсті. Мұның бір ерекшелігі, негізінен тілшілердің, қатардағы қызметкерлердің жалақысы өсті. Жасыратыны жоқ, журналистердің жалақысын өсіру мәселесі қаншама жылдан бері көтеріліп, бірақ, еш нәтиже болмай келе жатқан. Ендеше Барыс жылы табыс жылы болудан үміт етіп, оқырманы үшін жанын салып қызмет етіп жүрген бұл берекелі ұжымның өңір басшылығына айтар алғысы мол.

Кез келген басылымның өзіндік бет-бейнесі мен беделі болады. Үш басылымның журналистері бүгінде түрлі тақырыптарда қалам сілтеп, тақырыптық, проблемалық және талдамалық-сараптамалық мақалалар жазса, газет оқырмандарынан толассыз келіп жататын хаттар мен өтініштер, талап-тілек пен шағымдар да басылым бетінде көрініс тауып жатады. Яғни қалың оқырман қауымнан ешқашан қол үзген емес.

Облыс басшылығыны ақпарат саласына үлкен қолдау көрсетіп, қалам ұстаған ағайындардың еңбегін үнемі бағалап, құрметтеп отырады. Осындай қолдаудың арқасында облыстық басылымдардың
жағдайы жақсарып, қазіргі заманға сай келбетпен жарық көруде. Енді бұл іс облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің кезінде де қарқын алатыны сөзсіз.

Баспасөзге жетекшілік ететін ішкі саясат басқармасына осы саланың тірлігін жақсы білетін, өзі де осы журналистиканың ортасынан қайнап шыққан Алмас Садубаевтың басшы боп келгені қалам ұстаған ағайындарды бір қуантып тастағаны анық. Облыстық ішкі саясат басқармасы өңір баспасөзінің дамуына, заманға сай болуына, сөз бостандығының үстемдік құруына зор үлес қосуда. Соның
ішінде «Aulieata-media» ЖШСның әрбір бастама, қадамына қолдауларын аяған емес. Қазір үш облыстық газеттің ұжымы бір ғимаратта отыр. Қызметкерлер бір-бірімен араласып, ұжымның әр қуанышын бірге бөлісіп, бір отбасының баласындай тату-тәтті еңбек етуде.

Міне, «Aq jol» газеті өзінің ғасырлық мерейтойын осындай сүйінші жаңалықтармен
қарсы алуда. Ұлттың ұлы құндылықтарын дәріптеп, жоғын жоқтап, ұлық қасиеті мен салт-дәстүрін ұлықтап, қос ғасырда болған елеулі оқиғаларды тарих қойнауына енгізіп, қай кезде де туған елімен бірге жасасып келе жатқан «Aq jol» газетінің мерейтойы үлкен қуаныштарға бастай бергей! Қазақ баспасөзінің мерейлі белесі құтты болсын! «Aq jol» газеті әрбір шаңыраққа қуаныш, береке сыйлап, барша оқырман қауымға «Aq jol» газетінің жасын бере бергей!

Нұрбек БЕКЕН,
«Aulieata-media» ЖШС-ның
Бас директоры.

Comments are closed.