- Advertisement -

Атымызға сай жолымыз әрдайым ақ болсын!

214

- Advertisement -

Берекелі де мерекелі мамыр айының бірінші жұлдызында «Aq jol» газетінің алғашқы нөмірі жарық көргеніне 100 жыл толып отыр. О баста осы газеттің тұсауын кескендер газеттің алғашқы нөмірін 1 мамыр күніне әдейі туралап, ынтымақ пен бірліктің мерекесін жақсы ырымға балағаны анық. Міне, «Aq jol» газеті содан бері бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан ел болуға үндеп, осы жолда аянбай еңбек етіп келеді.

Осы бір ғасыр ішінде еліміз орасан зор өзгерістерді бастан өткерді. Ел соғысты да көрді, аштықты да бастан өткерді , қуғын — сүргінге ұшырады, кеңестік жүйенің де тіршілігіне куә болды. Аллаға сансыз шүкіршілік, бүгінде тәуелсіз ел атанып, көк Туы биікте желбіреп, тату-тәтті тіршілік кешуде. Міне, осынау
жүзжылдықтың жылнамасы, жүз жасаған Жамбыл бабамыздың есімімен аталатын облыстың бүкіл тарихы осы басылымның беттерінде сайрап жатыр. Қандай заман, қандай кезең болса да осы жылдар ішінде «Aq jol» елдің сөзін сөйлеп, халықтың мұңын жоқтаудан танған жоқ.

1939 — 1942 жылдар аралығында газеттің бас редакторы қызметін атқарған белгілі жазушы Жайық
Бектұровтың осы басылым туралы жазған естелігін тебіренбей оқу мүмкін емес.

«Редакцияның бір столы басында қосарланып екі жігіт қатар отыр… Айлы түнде өз көлеңкелерінен өздері қорқып, көбік қарды түні бойы шарлаған қоянның шым — шытырық ізіндей қиқы-жиқы, айқыш-ұйқыш жазулар көзіме күдікті шалынды. Екеуі бір қаламмен кезектесе жазып отырғандай көрінді» деп еске алыпты Жайық ағамыз жаңадан жұмысқа кіріскен күндерін. Осы бір көріністің өзі-ақ редакцияның
сол жылдардағы қиын ахуалынан хабар бергендей… Екі тілші бір қаламмен кезектесіп мақала жазып отырғанда жазу машинкасы қайдан болсын.

«Баспахана шағын. Түк жабдығы жоқ. Жалғыз ғана аудандық газет шығарып отырған кішкене типография. Біресе әріп жетпейді. Біресе электр қуаты болмай қалады. Не газет басатын машина сынып қалады. Күн де жанжал, ұрыс-керіс, айғай-шу… Ең аяғы тұрақты, өнерлі фотографымыз да жоқ. Қап-қап қорғасын сурет келеді Москвадан. Әрі ауыр жүк, әрі шашау шығармай сақтау қиын. Әрбір құйылған
суреттің мұқият сақталуының ол кезде саяси да мәні бар. Осы суретке редактор мен секретарь айрықша жауапты. Иә, суретті пайдалану, сақтау, ауыр жүкті әлсін-әлі қайтадан Москваға жөнелтіп отыру өз алдына бір төтен жұмыс» деп жазады бас редактор Жайық Бектұров.

Одан кейінгі бас редакторлар Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулет ағаларымыздың естеліктерінде де әр жылдарда газет жұмысының қиындығы көрініс беріп қалған. Міне, «Aq jol» газеті бүгінгі биігіне осындай қиын жолдардан талмай өту арқылы жетті.

Ең бастысы қандай заман, қандай кезең болса да батылдығын жоғалтқан жоқ. Батылдыққа толы жолы
жылдар бойы жалғасып келеді. Коммунистік режімнің тұсында-ақ бұл басылым Кенесары ханды ақтап жазған мақалалар берді. Бүгінде күллі қазақ қадір тұтатын ұлтымыздың ұлы перзенттері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен Асанбай Асқаровқа тағылған айыптауға ең алғашқылардың бірі болып араша түскен, ұлының артында ұлты тұрғанын танытқан да дәл осы «Aq jol» болатын. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін де газет тіптен жаңаша қарқын алып, талай жанның тағдырына араша түсіп, талай мәселенің түйінін тарқатып, ақиқатын ашық айтып келеді.

«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген, жүз жылдықта «Aq jol» газетінің жеткен жетістігі, бағындырған белестері, шыққан шыңдары көп. Басылымның алғашқы бас редакторы Алматинскаядан бастап қазіргі басшылыққа дейінгі аралықты сан тарау уақыттар, тарихи жазбалар, толайым табыстар жалғап жатыр.

2020 жылы Жамбыл облысының ақпарат айдынында «Aulieata-media» ЖШС құрылып, «Aq jol», «Знамя труда» және «ARAI» газеттерінің басын қосты. Үш басылымның да өз жеке сайттары бар. Олар күнделікті жедел ақпараттармен қатар газетте жарияланған сын мақалаларды да сайтқа шығарып, оқырман тартудың барлық амалдарын жасауда. Сайтқа тек ақпараттарды салып қана қоймай
газет бетінде жарияланған сын, зерттеу және оқырманның көп сұранысына ие болған басқа да
мақалалар бойынша видеолар түсіріліп, әлеуметтік желілерге салып отырады.

Міне, облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Aq jol» газеті өзінің ғасырлық мерейтойын осындай жаңалығымен, заманға сай жетістік, өзгерістерімен қарсы алуда. Басылымның ежелден қалыптасқан мектебі талай таланттардың тұсауын кесті. Ұзақ жылдардан бергі қажырлы еңбектің арқасында бұл берекелі ұжым баспасөз саласының ең биік шыңдарының бірін бағындырды. Яғни, «Aq jol» газеті 2020 жылы баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер – 2020» ұлттық сыйлығының «Жыл басылымы» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды. Бұған дейін де бұл басылымның
мерейі үстем болып, талай белестерді бағындырған болатын. Қалай айтсақ та, жүз жасаған Жамбыл бабамыздың есімімен аталатын облыстағы қазақ баспасөзінің қара шаңырағы саналатын «Aq jol» газетінің орны бөлек.

Бүгінде бұл ұжымда Ақылжан Мамыт, Амангелді Әбіл, Фариза Әбдікерімова, Тұрсынбек Сұлтанбеков, Есет Досалы, Марат Құлибаев, Есен Өтеулиев, Сәндібек Піренов, Жүрсінгүл Жақып сынды журналистер газеттің мазмұнын байытып, мәселелерді өткір көтеріп, батылдығымен және қаламдарының ұшқырлығымен танылып жүрсе, фототілші Ақәділ Рысмахан, Әсем
Өтепбергенова, Оразкүл Әбдікерімова, Динара Балаева, Саят Әлімжан, Ақерке Мұратбаева, Алмас Орманов сынды техникалық қызметкерлер сәт сайын газеттің дизайнын жетілдіріп, сапалы әрі шырайлы боп шығуына атсалысып жүр.

Алла тағалам бұл еңбекқор жандардың мерейлерін әрдайым үстем қыла бергей! Лайым, «Aq jol» деген
атымызға сай жолымыз ақ болып, ұжымның еңбегі жемісті әрдайым бола бергей! Ақпарат саласында адал қызмет етуге әрқашан да дайынбыз! Тегінде қандай мекеме құрылып, қандай реформа болып жатса да журналистердің басты міндеті – тек ақиқатты жазу керек екені ешқашан өзгермейтіні анық. Лайым, Отанымызға адал қызмет ете берейік!

Мерейтой құтты болсын!

Оралхан ДӘУІТ,
«Аq jol» газетінің бас редакторы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support