- Advertisement -

Талай журналисті шыңдады

25

- Advertisement -

Абдалы НҰРАЛИЕВ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты.

Біз облыстық қоғамдық-саяси газетті бала шақ, балаң кезден іздеп жүріп оқитынбыз. Себебі басылым облыстағы ахуалды, соның ішінде әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жиі көтеретін. Өңірдің атын елге, әлемге танытып жүрген спортшылардан бастап, сан-салада жемісті еңбек етіп жүрген облыстың білгір мамандарын газеттен оқып, танып, білетінбіз.

Мәдениет пен әдебиет саласындағы айтуы оқиғаларды да қалт жібермей оқитын едік. Сол себептен басылымның тарихында ақ жолдан айнымай, қағаз бен қаламына адал болған аға буын тілшілердің еңбек жолы бізге таңсық емес. Қарап отырсам, әр жылдары газетті жазушылық қабілеті бар белді журналистер басқарыпты.

Оның ішінде Баттал Жаңабайұлы, марқұм Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Болат Бекжанов сынды ағаларды білеміз. 1989 жылы Жамбыл облысына қызмет бабымен қайта оралғанда жазушы, журналист, Мемлекет және қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын ағамыз «Ақ жол» газетінің бас редакторы еді. Сонда атпал аға біздің басқарманың маңында тұратын. Арғынбай ағамен кейінірек
танысып-білісіп, жақын араласып кеттік.

«Aq jol» газетінде еңбек іздері қалған белгілі балалар жазушысы, марқұм Әлдихан Қалдыбаев ағамыздың да орны бір төбе еді. Ол кісімен де талай мәрте қызмет бабымен кездескенбіз. Осы орайда айта кеткенім жөн шығар, Әлдихан ағамыздың үйіндегі жеңгей, Бану әпкей бізге мектепте сабақ берген. Сондықтан мен ол кісіні алғаш мектепте жүргенде таныдым.

Заман-ай десеңші, облыстық газеттің тізгінін ұстаған жазушы, қаламгер Мақұлбек Рысдәулет те мәңгілік мекеніне аттанып кетті. Ағамыздың журналистика саласына қосқан үлесі өлшеусіз еді. Ол кісі шығармашылықтың адамы болған соң бір сапарда Т.Рысқұлов ауданында
ежелден қалған таңбалы тастарды аралағанбыз. Мақұлбек аға екеуміздің ортақ таныстарымыз көп еді. Тіпті, елге қызмет ету жолында арман-мақсатымыз жиі ұштасатын.

Ата газетті кейінгі жылдары басқарған Ғалым Қасабай, Көсемәлі Сәттібайұлымен де араластық. Көсекеңмен құрдаспыз. Тілшілермен де ұдайы байланыста болдық. Басылымның қазіргі редакторы Оралхан Дәуітті «Жас Алашта» жүрген кезінен білеміз.

Газет тарихында өзіндік қолтаңбасы бар Баймаханбет Ахмет, Ақылжан Мамыт, Фариза
Әбдікерімовалар да елдегі өзекті мәселелерді мақалаға жүк етті. Бұл тізімді жалғай берсек, басылымда
салмақты мақалаларын үзбей жариялаған кіл білікті журналистердің шоғыры көп.

Басылымның ғасыр белесі құтты болсын! «Aq jol»-дың абыройы арта берсін!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support