Ол кезде болашақ қаламгер небәрі 25 жаста еді

34

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевтың 1948 жылы Жамбыл қаласы (бүгінгі Тараз қаласы), Пушкин көшесіндегі 22 мекенжайға орналасқан облыстық «Сталиндік жол» газетінде қызмет еткенін көпшілік біле бермейді.

Бүгінгі Жамбыл облыстық «Aq jol» газеті ол кезде ҚК(б)П Жамбыл облыстық, қалалық комитеттері мен еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің «Сталиндік жол» деп аталатын газеті болған. Қазақ детектив жанрының тұңғышы, әдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің бірі Кемел Тоқаев соғыстан кейінгі жылдары, яғни 1948 жылы міне, осы газетте журналист болып қызмет еткен. Ол кезде болашақ
қаламгер небәрі 25 жаста еді.

Журналистік әуестікпен сарғайған газет тігіндісін ақтарып отырып «Сталиндік жол» газетінің 1948
жылдың 18 тамызы күні жарық көрген нөмірінен (№164 (2479) болашақ жазушының «Алыстағы қалыңдық» деп аталатын фильмге жазылған кинорецензиясын таптым. Бұл күнгі газетке жауапты редактордың орынбасары Т.Оңғарбаев қол қойыпты. Ал газеттің 1948 жылғы 24 қазандағы нөміріне (№213 (2524) Кемел Тоқаевтың «Жас гвардия» деп аталатын фильмге арналған кинорецензиясы жарияланыпты.

Облыстық басылымның сол күнгі нөміріне жауапты редактор ретінде журналист — публицист Ғайса Сармурзин қол қойыпты. Ол Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінде 1943-1959 жылдары редактор болған.

Алдыңғы толқын ағалардың есінде болса, кезінде бұл екі фильм де соғыс тақырыбына арналған
көркем фильмдердің үздігі саналған. Сондықтан мұндай дүниелерге ой, пікір айтуға аталмыш фильмдерді шынайы сүйіспеншілікпен тамашалап, ондағы әрбір образдың мінез-құлқына сыни тұрғыдан баға беруге, сондай-ақ режиссер шеберлігін, актерлар ойындарын терең білетін білімділер
ғана тәуекел еткен. Жиырма бес жастағы жас журналист әрі соғыс өмірін жақсы білетін майдангер Кемел Тоқаев бұл талаптың үдесінен шыға білген.

Сол кездегі Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газеті редакциясының мекенжайының анықталуы да қуанышты жайт. Оған сарғайған газеттің мекенжайы жазылған жерге қарап көзіміз жетті. Яғни «Сталиндік жол» газеті 1948 жылы қазіргі Тараз қаласының Пушкин көшесі бойындағы 22 үйге орналасыпты.

Бірақ заман талабымен көшедегі үй нөмірлері бірнеше рет ауыстырылған екен. Бұл елге есімі белгілі талай талантты журналистермен редакторлар шыққан қара шаңырақ. Сондықтан Пушкин көшесіндегі редакция орналасқан үйді көздің қарашығындай сақтаған ләзім.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

жазушы

Comments are closed.